Accessibility links

ОСК басшысы сайлаушылар тілегінің заңда жоғын алға тартты


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 4 ақпан 2011 жыл.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Астана, 4 ақпан 2011 жыл.

«Лайықты баспана үшін» қозғалысының мүшелері сайлауда ешкімге дауыс бермейтіндерін ескертіп, Орталық сайлау комиссиясынан дауыстарды санау кезінде осыны есепке алуды талап етті.

Сәуірдің 1-і күні таңертең Астанадағы Орталық сайлау комиссиясы ғимаратының алдына келген «Лайықты баспана үшін» қозғалысының ондаған белсендісі ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен кездесуді талап етті.

Қозғалыс жетекшісі Зәуреш Батталованың айтуынша, олар бұған дейін ОСК-ға жолдаған хатында кезектен тыс президент сайлауында өздерінің ешкімге дауыс бермейтіндерін білдіріп, дауыс санау барысында осы жайттың ескерілуін сұрап тілектерін жеткізген.

«Үлескерлер мен борышкерлердің баспанаға қатысты проблемасын шешуді сұрап бірнеше жылда бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Бірақ билік орындарының ешқайсынан әділет таба алмадық. Адамдарды мәжбүрлі түрде жерден, баспанадан, мүлкінен айыру жалғасып келеді. Біз сайлауда кандидаттардың барлығына қарсы дауыс беру арқылы өз наразылығымызды білдірмекпіз», – деді Зәуреш Батталова.

Бұл талапқа Орталық сайлау комиссиясының берген жауабында Қазақстанда заң бойынша әрбір сайлаушының қалаған кандидатын қолдап немесе қарсы дауыс беруге құқығы бары туралы айтылған. ОСК-тің бұл жазғанын «сырғытпа жауап» деп қабылдаған қозғалыс белсенділері енді өз талаптарын ОСК жетекшісіне көзбе көз жеткізу үшін осында келгендерін айтты.

Бірақ оларды ОСК ғимаратының есік аузында тұрған күзетшілер кеңсеге кіргізбеді, шамалы уақыттан соң тек бірнешеуін ғана ішке жіберді.

Арада бір сағаттан астам уақыт өткенде ғимарат алдында тұрған жұртқа ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың өзі шықты.

«Лайықты баспана үшін» қозғалысының жетекшісі Зәуреш Батталова оған келгендердің талабын жеткізді.

Оларға жауабында Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстанның сайлау заңы бойынша, сайлауда дауысқа түскендердің барлығына қарсы дауыс беру туралы қолданыстағы заңда қарастырылмағанын алға тартты.

«2004 жылы қабылданған түзетулерге сәйкес, бюллетеньдерден «барлығына қарсы дауыс беремін» графасы алынып тасталған. Сол себепті мен сіздерді сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге шақырамын», – деді Қуандық Тұрғанқұлов өзімен жолығуға келген жұртқа.

Бірақ ОСК төрағасының бұл жауабына қанағаттанбаған «Лайықты баспана үшін» қозғалысының белсенділері алдағы жексенбіде өтетін сайлауға өздерінің қатыспайтындарын мәлімдеп, «Біз барлығына қарсы дауыс береміз!» – деп ұрандады.

Бұдан соң Қуандық Тұрғанқұлов ғимаратқа кіріп кетті де, сыртта қалған жұрт көп ұзамай тарқай бастады.

Қазақстанда сәуірдің 3-і күні өткелі отырған кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген 4 адамның арасында соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы елді басқарып отырған қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев та бар.

«Лайықты баспана үшін» қозғалысының белсенділері өзге де бірқатар қоғамдық ұйымдармен бірге наурыздың 15-і күні президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығу мақсатымен Ақордаға бара жатқанда полицияның тосқауылына кезіккені туралы Азаттық радиосы хабарлаған.

Қазақстанның сайлау туралы заңына сәйкес, сайлауалды үгіт-насихат шаралары сәуірдің 2-і басталасымен доғарылады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG