Accessibility links

Теңіз кенішінде жер асты дүмпуі сезілді


Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының ресми сайтында жарияланған Теңіз кенішінде болған жер қыртысының тербелісі туралы ақпарат. 21 ақпан 2011 жыл.

Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының ресми сайтында жарияланған Теңіз кенішінде болған жер қыртысының тербелісі туралы ақпарат. 21 ақпан 2011 жыл.

Атырау облысындағы Жылыой ауданы аумағындағы Теңіз кенішіндегі жер асты дүмпуі туралы Қазақстан билігі жақ ашпай отыр. Алайда ғалым-экологтар мұнайлы аймақтағы жер сілкінісінің болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайтыны айтады.

Дүйсенбіде Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының ресми сайтында жарияланған Теңіз кенішіндегі болған жер қыртысының 4,1 баллдық тербелісі туралы ақпарат жайлы әлі күнге дейін Қазақстан Респбликасының тиісті орындары еш мәлімдеме жасамады.

«Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлерімен болған әңгімеде олар Азаттық тілшісіне өндіріс барысындағы өзгерістерді сезінгендерін жасырған жоқ.

– Кеңседегі креслолардың орындарынан өздігінен сырғанап, қабырғалардың дірілдегенін көрдік. Ал сол кезде өндірістің басында жүргендер жер қозғалысын анық сезінген, – деп мәлімдеді қызметкерлердің бірі телефон арқылы.

Эколог, «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Махамбет Хәкімов сейсмикалық қауіптілік жайлы әңгіменің өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері көтеріліп келе жатқанын айтады. Оның айтуынша сол жылдары арнайы шақырылған экспедиция бұл жерде техногендік және табиғи жер сілкінуі болуы мүмкіндігін зерттеп кеткен.

– Аса үлкен мөлшерде алынып жатқан мұнай мен газ өндірісі техногендік жер сілкінісіне ұласатынына ешкім дау айта алмайды. Өзбекстандағы Газалийдегі жер сілкінісі кезінде мұнай өндірісі мен маңындағы ауылдардың су астына кеткені есімізде. Өкінішке қарай, біздің төтенше жағдайлар қызметі ешқандай катаклизмдерге дайын емес. Оларға ауыз ашпау туралы бұйрық алдымен мұнай компанияы арқылы министірліктен келген болар, – дейді Махамбет Хәкімов.

Азаттық тілшісі 1998-1999 жылдары Теңіз кенішіндегі болуы мүмкін жер асты дүмпулерін зерттеуге арнайы шақырылған Мәскеу жер физикасы институты филалы ретіндегі Талғар экспедициясы құрамында жұмыс істеген инженер-механик Сергей Ширшовпен сөйлескен еді.

Ол Теңіз кеніші өз жұмысын бастаған жылдары жер асты дүмпуіне қатысты сезік тудыратын жағдайлар болғандығын айтады.

– Теңіз кеніші периметрін бойлай 6 сейсмикалық анықтау құралдары орнатылды. Олардың көрсеткіштері Шығыс Прорвада орналасқан арнайы вагонға келіп түсіп тұрды, – деп еске алды ол.

Сергей Ширшов кейін бұл мәліметтердің жинақталып Мәскеудегі жер физикасы институтына жөнелтілгенін айтады.

– Оның ғылыми жазбасы әрине Үкіметке берілді ғой. Бірақ бізге зерттеу нәтижесі айтылмады. Кейінен ТШО басшылығы «бұл аймақ сейсмикалық жағынан қауіпсіз саналады» дегенді көлденең тартып, сейсмикалық зертетулер полигоны қызметінен бас тартты, – дейді ол.

ЖЕРГІЛІКТІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі Атырау облыстық төтенше жағдайлар департментіне қоңырау шалған еді.

«Қызмет бабына орай интернетте жарық көріп жатқан Теңіздегі жер сілкінісі туралы ақпараттан хабарымыз бар деген» департамент директоры орынбасары Сәлімгерей Салықбаев былай деп қысқа қайырды:

– Біз жер сілкініс туралы ақпаратты қоштай да, терістей де алмаймыз. Өйткені біздің қолымызда ресми мәлімет жоқ. «Теңізшевройл» ЖШС басшылығына, Алматыдағы сейсмология институныа сауал жолдадық. Бірақ олар әлі жауап берген жоқ. Ал адамдар сәл тербелісті сезінгенін айтады.

Сәлімгерей Салықбаев «Қашан реми түрде хабарламақсыздар?» деген сауалға «Білмеймін» деп жауап берді.

Ал Теңіз кенішіндегі жер тербелісі туралы «Теңізшевройл» компаниясынан ресми жауап ала алмадық.

АКАДЕМИК ДИАРОВ: «ТЕҢІЗДЕ КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА ЖЕР СІЛКІНУІ МҮМКІН»

Ғалым-геолог, академик Мұфтах Диаров Теңіз кенішінде жер асты дүмпуінің кез-келген сәтте болатынын бұрынан айтып келеді.

Академик Мұфтах Диаров. Атырау, 2009 жыл.
Академиктің мәліметтері бойынша, Теңізде бүгінде аса жоғары тектоникалық бұзылулар жүріп жатыр.

– Менде Теңіз кеніші аймағында жер қыртысының жедел алмасулары болып жатқаны жайлы мәлімет бар. Сыртқы бетіне жасалған бақылау жыл сайын жердің 5 см көтерілетіндігін көрсетіп отыр. Жедел түрде сейсмикалық бақылаулар жасалу керек. Бұл аймақта сейсмостанцияның жоқтығы – ақылға қонымсыз іс, – дейді Мұфтах Диаров.

Диаров бұған дейін де Атырау облысының аумағы (Каспий су айдынын қосқанда) Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 6 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін жер қыртысының учаскесіне енетінін ғылыми негіздеген еді. «Ірі мұнайлы Қашаған, Қайраң, Ақтоты, Королевское және Теңіз тұзды мұнай және газ кеніштері жер қыртысының тектоникалық белсенді учаскелерінде орналасқан» дейді академик.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG