Accessibility links

Шығыс Қазақстанды аяз бен су екі жақтан қыспаққа алды


Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқыны. 30 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқыны. 30 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қыстың көзі қырауда Шығыс Қазақстан облысына қарасты бірнеше ауыл тұрғындары су астында қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Қаңтардың бірінен бастап жүрген қызыл су қазір оншақты үйдің қора-жайын басты.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Жаңауыл тұрғындары жаңа жылдан бері ауылдан бес-алты шақырым әріден өтетін Қалжыр өзенінің суын ауыздықтай алмай жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, таудан басталатын Қалжыр өзенінің төменгі жағы соңғы күндері қатты аяздан (-40-45°С) қатып, өзен арнасы бітеліп қалған. Сондықтан су арнасынан асып, жан-жаққа жайылып жатқан көрінеді. Таудан аққан асау өзеннің бір бөлігі Жаңауылға жетіп үлгерген. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда онға жуық үйдің қора-жайы су астында қалыпты.

– 31-і күні жаңа жылды қарсы алдық. Бірінен бастап қызыл су қаптады. Қорамызды қаңтардың 2-сі күні алып кетті. Негізі, каналға су келгелі бір ай болған. Оны ауыл адамдары жапқандай болды. Әкімшілік алдында техника шығарып бекіткен. Енді тасқын келген де бітеген мөшектердің бәрін итеріп тастаған. Қызыл су қаптаған кезде Күршімге «қызыл су қаптады, енді қорамызға кіргелі жатыр» десек, ол кісілер келді де кетіп қалған. Мен жаңа ғана сол кісілермен дауласып, ұрысып келдім. Олар бой бермей, таласады, – дейді қорасын су шайып кеткен ауыл тұрғыны Ләмбек Қоқымбаева Азаттық радиосына.

Жаңауыл тұрғыны Қадиша Жықбаева жолдасы Ерғазының кешеден бері өзге де тұрғындармен бірге күрек-шана алып, өзен арнасын тазалап жүргенін айтады. Әзірше іс өнбегенге ұқсайды. Арыны қатты қызыл су бұл кісінің қорасы түгілі үйін басуға айналыпты.

– Міне, су тасып жатыр. Тіпті үйге кіріп кетті. Түнде бір үйге барып түнеп келдік. «Бүгін тікұшақ жіберіп, мұзды жарып, арнасына түсіреміз» дегендері қайда? Үш үйді басып қалды. Енді төменге қарай кетіп барады. Бәрін басады тоқтамаса. Қайсыбір үй көшіп кетті алдыңғы күні. Туыстарының үйлеріне малдарын апарып, кіріп алды. Ал біздің барар жеріміз жоқ. Отырмыз үйдің ішінде. Су қоршап алды, – дейді амалы таусылған Қадиша Жықбаева.

Тұрғындардың айтуынша, су әлі тоқтаған жоқ. Бұлай аға берсе, одан зорғысы бола ма деп қауіптенеді халық. Қалжыр өзенінің бойында бұдан басқа да бірнеше ауыл бар. Аудандық төтенше жағдай жөніндегі бөлімнің бастығы Елжан Мұхтархановтың айтуынша, қазір арнаны тазалауға арнайы техника мен қажетті мамандар жұмылдырылып жатыр.

– Мұз шлюзді жауып қалған. Қазір жергілікті халық әкімшілікпен бірге арнаны шама келгенше тазалап жатыр. Бүгін сағат 9-да ондағы мұзды жару үшін жарылғыш техникалармен бірге тікұшақ ұшуы тиіс болатын. Алайда белгілі бір себептерге байланысты шыға алмай қалды. Ертең барады енді. Жағдайды бақылап отырмыз, – деді Елжан Мұхтарханов.

Бірақ төтенше жағдай жөніндегі маман сұхбат барысында ұялы телефон байланысы жоқтығынан өзен бойында жұмыс істеп жатқан мамандармен хабарласа алмай отырғанын айтып, соңғы ақпараттарға қанық еместігін де білдірді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG