Accessibility links

Эболадан Қазақстан қалай сақтанып жатыр?


Әуежайда медицина қызметкері жолаушыларды тепловизор арқылы тексеріп отыр. Скопье, 10 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Әуежайда медицина қызметкері жолаушыларды тепловизор арқылы тексеріп отыр. Скопье, 10 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

ДДҰ дерегі бойынша биыл эбола вирусынан өлгендер саны әлемде төрт мыңнан асқан. Қазақстан бұл дертке қарсы тек Астана мен Атырау әуежайларында сақтық шаралары жасалады.

Аң-құстан адамға жұғатыны анықталған эбола дерті 1976 жылы Орталық Африка елдерінде алғаш тіркеліп, соңғы уақытта құрлықтың басқа аймақтарындағы ірі қалаларға жайыла бастады. 2014 жылдың наурызынан бастап індеттен Либерия, Гвинея, Сьерра-Леоне, Сенегал мен Нигерияда мыңдаған адам зардап шекті. Биылғы күзде вирустың АҚШ, Испания мен Бельгияға жеткені анықталды. Түркия, Таиланд пен Үндістанда да бірнеше адам эбола жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты дерттің алдын алу үшін көптеген Батыс елдері ірі әуежайларында тексеру шараларын ұйымдастыра бастады.

СЫНАҚ ДӘРІ ӘЛІ МОЙЫНДАЛМАДЫ

Ғалымдар эбола вирусын жарқанат тарататынын анықтады. Бұл дерт денеден бөлінетін сұйықтық пен қан арқылы жұғады. Эболаға шалдыққан адамның басы мен тамағы, бұлшық еттері ауырып, демалуы қиындап, әлсірей бастайды. Кейін жүрегі айнып, диареяға ұласады. Науқастың бауыры мен бүйрегі зақымдалып, қан кетеді. Бұл ауруға шалдыққан адамды оқшау емдейді.

Лос-Анджелес әуежайы қызметкері маскамен жүр. 9 қазан 2014 жыл.
Лос-Анджелес әуежайы қызметкері маскамен жүр. 9 қазан 2014 жыл.

АҚШ дәрігерлері эболаға қарсы тәжірибелік Zmapp препаратын ойлап тапқан. Бұл препараттан Либерияда эбола жұқтырған америкалық дәрігер Кент Брэнтлидің жазылғаны хабарланды. Бұл дәрі Сьерра-Леонеде эболаға шалдыққандарға шипа болса, бірақ жақында осы аурудан өлген испаниялық пасторға әсер етпеген. Zmapp әзірге халықаралық деңгейде эболаның емі ретінде мойындалған жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қазанның 10-ындағы дерегі бойынша, биыл эболаға 8470 адам шалдығып, оның 4076-сы өлген.

Эбола дертінің таралу картасы:

Ескерту: ДЖҰ дерегі бойынша, АҚШ-та екі адам Эболаға шалдығып, оның біреуі өлген.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙСТЕРДІ ТЕКСЕРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Қазақстанда эбола дертіне қатысты жаппай сақтық шаралары басталған жоқ. Тек Астана мен Атырау әуежайында халықаралық рейстерге тексеріс жүргізіліп жатыр.

Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті тамыз және қыркүйекте Павлодар, Атырау мен Астанадағы әуежай, вокзалдарда эболаны анықтау және алдын алуға қатысты оқу-жаттығу жиыны өткенін мәлімдеді. Жиынға әуежай, вокзал және жедел-жәрдем қызметкерлері мен дәрігерлер қатысқан.

Комитеттің ресми мәлімдемесі бойынша, биылғы қыркүйектің басынан Атырау мен Астанадағы халықаралық әуежайда шеттен келетін рейстерге эболаға қарсы тексеріс жүргізіліп жатыр.

Ал Астана әуежайының санитарлық-дәрігерлік қадағалау бөлімінің жетекшісі Дәрім Әзімбаева Азаттыққа берген сұхбатында:

Либерияда дәрігерлер пациентті қарап жатыр. Монровия, 3 қазан 2014 жыл.
Либерияда дәрігерлер пациентті қарап жатыр. Монровия, 3 қазан 2014 жыл.

– 21 тамыздан орталық-карантиндік бақылауды күшейттік. Шеттен келетін барлық халықаралық рейстерді біздің мамандармен тепловизор арқылы эболаға тексеріп жатырмыз. Оның алдында Қытайдан және Таяу Шығыстан келетін рейстерді құс тұмауына және тәж вирусына тексерген еді. Астана әуежайында сегіз маман жұмыс істейді. Күніне екі маман тексеріске шығады, – деді ол.

Соңғы 9 айдың ішінде Астана әуежайында қызуы көтерілген төрт адам анықталып, олар кешенді медициналық тексеруден өткен. Бірақ ешқандай қауіпті вирус анықталмаған.

Ал тұтынушылар құқығын қорғау комитеті: «Атырауға шетелдік мұнай компанияларында жұмыс жасайтын мамандар келеді. Қазір халықаралық рейстерге TI-25 FLUR тепловизоры арқылы тексеру жүріп жатыр» деген мәлімдеме таратты.

Алматы әуежайының мамандары Азаттыққа алдағы уақытта бұл әуежайда да эболаға кешенді тексеру ұйымдастырылатынын, бірақ нақты қай уақытта басталатыны анықталмағанын айтты.

1976-2014 жылдары Эболаға шалдыққан және қаза тапқандар туралы статистика:

XS
SM
MD
LG