Accessibility links

Сот Дуамбековтің еркіндігін бір жылға шектеді


Азаматтық белсенді Мұсағали Дуамбеков. Астана, 13 мамыр 2014 жыл.

Азаматтық белсенді Мұсағали Дуамбеков. Астана, 13 мамыр 2014 жыл.

«Жала жабу» айыбы бойынша азаматтық белсенді Мұсағали Дуамбековтің бір жылға еркіндігі шектеледі. Сот оны кәсіпкердің отбасына «жала жапты» деп таныды.

«Халықтық антикоррупциялық комитет» қоғамдық ұйымының президенті Мұсағали Дуамбеков биліктің рұқсатынсыз бір жыл бойы тұрғылықты жерін ауыстыра алмайды, әрі оның Астана қаласынан тысқары шығуына тыйым салынады. Мамырдың 13-і күні Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты Дуамбековті «жала жабу» айыбы бойынша кінәлі деп таныды.

Сот Дуамбековті мақалаларында Астана қаласының тұрғыны Әлібек Ысқақовқа озбырлық көрсетті, азаптап, қорлады деп айыптаған Мұқашевтер отбасына қатысты мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеді. Бұдан бөлек Дуамбеков Мұқашевтер отбасы мүшелерін «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысады» деп те айыптаған.

Insiderman.kz сайтында жарияланған үш мақалада Ақмола облысында кірпіш шығаратын зауыт заңсыз жұмыс істейді, оған Қытайдан еңбек мигранттарын әкеледі деп көрсетілген.

Белсенді Мұсағали Дуамбековтің айтуынша, осы зауытта әуелі көлік жүргізушісі, кейін директор болып істеген Әлібек Ысқақовты электр қозғалтқышын ұрлады деп айыптап, мойнына миллиондаған ақша ілген. Дуамбеков «азаматтық белсенді ретінде Ысқақовтың құқығын қорғауға көмектеспек болдым» дейді.

Мұсағали Дуамбеков өз мақалаларында Әлібек Ысқақовты «ұрлап әкетіп, құлдықта ұстады» деп жазғанын мойындайды. «Талап-арызда мұның жала екенін растап мәлімдеуімді талап етеді. Мен құлдықта ұстау, адам ұрлау, ұрып-соғу сияқты кейбір сөздерімнен бас тартатынымды, ал қалғаны - расталған фактілер екенін айттым» дейді ол.

Бірақ талапкердің адвокаты Машқұр Төлегеновтің айтуынша, Дуамбеков Мұқашевтар отбасының позициясын, пікірін білуге тырыспай жала жапқан.

Адвокат Машқұр Төлегенов. Астана, 13 мамыр 2014 жыл.

Адвокат Машқұр Төлегенов. Астана, 13 мамыр 2014 жыл.

Адвокаттың айтуынша, талап-арызда өздері Мұсағали Дуамбековтің Insiderman.kz сайтында жариялаған мақалаларындағы уәж-дәйектерге ғана сүйенген.

«Мақалаларында сұмдық сөздер жазған. Мысалы, «қазақ-қытай шалманы» дегені не сөз? Мына жеккөрінішін қалай түсінуге болады? Тіліне өте абай болуы керек» дейді адвокат.

Адвокат Машқұр Төлегеновтің айтуынша, Дуамбеков мақалаларында оның клиенттерін адам ұрлау, азаптау, қорлау сияқты іс жүзінде болмаған ауыр қылмыстарды жасады деп айыптаған.

Белсенді Дуамбеков сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, шешімге қарсы шағым жолдамақ.

Мұсағали Дуамбеков - «Халықтық антикоррупциялық комитет» қоғамдық ұйымы президенті, әрі экологиялық ұйым жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Ол 2011 жылы Қазақстан президенті сайлауына түскен, бірақ тіркеу кезеңінде өз кандидатурасын алып тастаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG