Accessibility links

Экологтар киіктерге топалаң тиді деген уәжге сенбейді


Киік лақтарын емізіп тұр. Көрнекі сурет

Киік лақтарын емізіп тұр. Көрнекі сурет

Бүгін ауыл шаруашылық министрлігі Қостанай облысы аумағында қырылған киіктерге қатысты зерттеудің алдын-ала қорытындысын жариялады.

«Биылғы жылы мамырдың 28-і күні Қостанай облысының аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясында киіктердің қырылуын зерттеу мәселесіне орай жиын өтті. Қостанай облысындағы «Республикалық ветеринарлық зертхана» мекемесінің алдын-ала қорытындысы бойынша киіктердің қырылу ошағынан пастереллез (топалаң) қоздырғышы анықталған» деп жазылған министрліктің сейсенбі күні таратқан баспасөз хабарламасында.

Хабарламада мұндай жағдай Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Қарағанды облыстарында тіркелмегені туралы баяндалған.

Министрліктің мәліметі бойынша, Қостанай облысынан табылған алғашқы ауру ошағында мамырдың 19-ы күні 623 өлген киік табылса, екінші ауру ошағынан (24 мамыр) 290 киіктің өлексесі табылыпты.
Алғашқы ауру ошағында мамырдың 19-ы күні 623 өлген киік табылса, екінші ауру ошағынан (24 мамыр) 290 киіктің өлексесі табылыпты.
Батыс Қазақстан аймағы, солтүстік өңірде киіктердің қырылуы жыл сайын қайталанып келеді. Мысалы, 2010 жылы 12 мыңға жуық, 2011 жылы – 500-ге жуық киік қырылған кезде ресми органдар дәл осындай «диагноз» қойған еді.

Бірақ қоғамда мұның себебіне байланысты әртүрлі болжамдар да айтылады. Сондай жорамалдар бойынша, «киіктердің қырылуына ғарышқа ұшып жатқан зымырандардан түсетін улы заттар немесе аймақтағы экологияның нашарлауы, топырақта улы заттардың болуы әсер етуі мүмкін».

Эколог Мұсағали Дуамбековтің пікірінше, Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуын зерттейтін тәуелсіз орган құрылмайынша оның шынайы себептерін анықтау қиын.

- Жануарлардың анализін шетелдің, халықаралық ұйымдардың лабораториясына беріп, зерттеу керек. Пастереллез көбіне үй жануарларында кездеседі. Сондықтан далада жүрген киіктер содан қырылды дегенге күмәнмен қараймын, - деді Мұсағали Дуамбеков.

Мемлекеттік зертханалардың мемлекетке бағыныштылығын атап өткен ол киіктердің өлімінің себебі билікке жақпауы мүмкін деп санайды.
Пастереллез көбіне үй жануарларында кездеседі. Сондықтан далада жүрген киіктер содан қырылды дегенге күмәнмен қараймын.

- Киіктер ғарышқа ұшып жатқан зымырандардың әсерінен қырылып жатыр деген қорытындымен билік ешқашан келіспейді. Ауыл шаруашылығы да, ғарыш агенттігі де келіспейді. Себебі бұл – олардың жеп отырған наны, пайда көзі. Қазақстанда бұл мәселеге байланысты тәуелсіз зерттеу жүргізуге де мүмкіндік жоқ, - деді Мұсағали Дуамбеков.

«Каспий табиғаты» ұйымының төрағасы Махамбет Хакимовтың айтуынша, жақында ғана (мамыр айы – ред.) Атырау аумағында да итбалықтар мен киіктер қырылған. Оның айтуынша, кейбір итбалықтардың жұқпалы аурудан өлгені дәлелденбеген.

- Олар жұқпалы аурудан өлген деген қорытынды жасалды. Бірақ мынадай жайт болды. Қырылған итбалықтардың анализін Алматының бір институтына жіберген екен. Сөйтсе, олар «ешқандай инфекция қоздырғышы табылмады» деп қорытынды жасаған. Яғни, таза техногенді себептерден қырылып отыр, - деді эколог.

Мамыр айының ортасында Қостанай облысының Жангелдин ауданынан өліп қалған 543 киік табылғаны туралы ақпарат шыққан еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG