Accessibility links

Кaспий теңізін Мексика шығанағының елесі кезіп жүр


Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы Д аралы. 2009 жыл.
Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы Д аралы. 2009 жыл.

Мексика шығанағындағы мұнай платформасында болған төтенше жағдай сияқты, Каспий теңізіндегі оқиғалар да экологиялық апатқа апарып соғуы мүмкін. Каспий теңізінде түптің-түбінде апатқа ұшырататын алғышарттар анық байқалады дейді пессимистер.

МЕКСИКА ШЫҒАНАҒЫНЫҢ ЕЛЕСІ

Сәуір айының орта тұсында Мексика шығанағындағы «Бритиш Петролеум» компаниясының бұрғылау платформасында жарылыстан пайда болған саңылаудан, кейбір мәліметтер бойынша күніне 750 мың литрдан астам мұнай төгіліп жатыр. Төгілген мұнай жолындағы тіршілік атаулыға ажал әкелуде.

Апаттың залалдылығы сондай, бұған АҚШ президенті Барак Обаманың өзі алаңдаушылық білдірді. Сол бұрғылау платформасын пайдалануға жауапты «Бритиш Петролеум» компаниясы заңды талап-арыз бойынша кез-келген залалдың өтеуін беруге уәде етіп отыр.

Ал, Каспийдің солтүстік айдынында бірнеше жыл қатарынан тым-тырыс экологиялық апат болып жатыр: итбалық пен құс қырғыны тоқтамауда, балық саны, оның арасында бекіре балықтар да азаюда. Мұнай компаниялары өздерінің бұған қатысы бар екенін қанша жерден жоққа шығарса да жергілікті тәуелсіз ғалымдар мен экологтар жан-жануардың қырылуын қоршаған ортаның ластанып бара жатуынан және Каспий теңізінің қайраңында жүргізіліп жатқан өнеркәсіптік жұмыстардан көреді.

ҚАШАҒАНДАҒЫ АПАТТАР ҚҰПИЯ САҚТАЛУДА

Қашағандағы бірінші ұңғыманы бұрғылау 1999 жылғы 11 тамызда басталды. 2000 жылдың қысында қыруар мұнай мен газ қорынан тұратын алғашқы тұз астындағы қалың қабат ашылды. Ондағы мұнай мөлшері 38 миллиард баррель немесе 6 миллиард тонна, оның алынатыны - 10 миллиард баррель. Бұл туралы 2000 жылғы шілдеде Қашағандағы «Сұңқар» қалқымалы бұрғылау платформасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келгенде ресми мәлімдеме жасалды. Салтанатты ашылуына ақ батасын берген Нұрсұлтан Назарбаев Қашағанның алғашқы мұнайын сол кездегі «Қазақойл» компаниясының басшысы Нұрлан Балғымбаев пен Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың бетіне жақты.

Бұдан соң бірден-ақ ылғи да мұнайшылар жасыруға тырысатын қиындықтар бой көрсетті. Мәселен, 2000 жылдың қысында бірінші санды ұңғыманы сынақтан өткізу кезінде мұнай сыртқа төгіліп, жарылыс болып, өрт шығып жатты. Ал, 2000 жылдың көктем-жазында, Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жеткізген хабарламаларға сәйкес Каспий теңізінде жұмбақ күйде он жарым мың итбалық қырылып қалды. Тәуелсіз қазақ экологтары қырылған итбалықтың саны 30 мың деді.
Атырау облысындағы тозған мұнай ұңғысы. (Мұрағаттағы сурет)


Атыраулық масс-медиа мен балықшылардың хабарлауынша, бүгіндері де Қашаған жобасының ауданында бірнеше шақырымға созылатын майлы қоймалжың мезгіл-мезгіл пайда болып жүр. Бірақ мұндай ластанудың себебі мен көлемі ресми түрде жарияланбады, түсіндірілмеді. «Aжип KКO» халықаралық мұнай консорциумы болса, өзінен бұрынғы ОКИОК сияқты «Каспий теңізіндегі мұнай операциялары Қазақстан үкіметінің экологиялық ұйғарымына қатаң сәйкестікпен жүргізілуде» деп үнемі жұртшылықты жұбатумен келеді.

Алайда, Каспий теңізінде, оның қазақстандық бөлігіндегі мұнай платформаларында апат бола қалса, жауапкершілікті кімнің қалай бөлісетіні беймәлім. Беделді халықаралық компанияда тәуелсіз қазақ экологтары тарапынан талап етілген сақтандыру жасалмаған. Атырау мен Маңғыстау облыстарында болған мұнай операцияларына қатысты қоғамдық тыңдаулар, сыншылардың пікірінше, алдын ала даярланған спектакль тәртібінде өткізілген.

Қашаған теңіз кен орынында болған соңғы ресми расталған ластану оқиғасы жұртқа 2009 жылдың наурызында мәлім болды. Ол кезде «Сұңқар» бұрғылау құрылғысы орналасқан су аймағынан әлдебір сұйықтық табылған болатын.

Апат орынына «Aжип KКO» компаниясының (ол кезде жоба операторы еді) төтенше жағдай кезінде шұғыл қимылдау тобы барды, апат орынына сұйықтықты сорғыш құрылғы жеткізілді. Қоймалжыңды айнала бонды қоршау қойылып, абсорбентпен өңдеу жасалды. «Аджип ККО» компаниясының баспасөз қызметі қоймалжың көлемі ауызға алғысыз екен, бар-жоғы 0,15 кубометр деп хабарлады.

Ал, бұл мәліметті қайта тексеру іс жүзінде мүмкін емес, өйткені жар дегендегі жалғыз теңіз экологиялық зертханасы жоба операторының өзіне тиесілі, North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына. Теңіздің ластануын тіркеп отыратындай тәуелсіз мемлекеттік зертхана заманауи нормалардың талабына жауап бере алмайды.

Каспий теңізінің қайраңында мұнай операцияларын жүргізетін NCOC компаниясының алдына бақылау органдары тарапынан бір де бір рет талап қойылмаған. Қазақстан үкіметі мен шетелдік компаниялар арасындағы өнімді бөлісу туралы келісімнің (ӨБК) шарты бойынша қайраңдағы бұрғылау және мұнай алу жұмыстары сыртқа төгілуге мүлдем жол бермеу қағидасымен жүргізілуге тиіс. Алайда, NCOC компаниясы талай рет ӨБК-ін бұзды деген айыпқа қалып үлгерді.

Әлемдік тарих көрсеткендей, халықаралық трансұлттық компаниялар авторитарлық режимдегі үшінші дүние елдерінде осылай жабық және экологиялық нормаларды елемей жұмыс жасайды.

ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН КАСПИЙ ФЛОТЫ

Бүгінде Каспий теңізінде танкерлік мұнай тасымалы, негізінен көнерген кемелермен мұнай тасымалдау қатты белең алуда. Болжам бойынша жақын арада Ақтаудан Бакуге тасымалданатын мұнай көлемі жылына 20 миллион тоннаға дейін жуықтайды. Негізгі тасымалдаушылар: әзірбайжан компаниясы «Каспий пароходшылығы» мен қазақстандық компания «Казмортрансфлот», сондай-ақ «Волготанкер», «Палмали» және «Аншип» деген жеке компаниялар.

Каспийдегі "Шапағат" кешені. (Мұрағаттағы сурет).
Қазақстанның мемлекеттік бақылаушы органдарының талдауы көрсеткендей, каспийлік флоттың көп бөлігі тозған, ары қарай да пайдалануға жарамдылығын растау үшін олар халықаралық теңіз ережесіне сәйкес куәландырылу керек.

Каспий теңізінің айдынында мұнайдың сыртқа төгілуі бірнеше рет орын алды, ондай оқиғалар әсіресе мұнай артушы кемеге мұнай құйып жатқан кезде көп болды. Оның себебі мұнай артушы кемедегі жүк арту жабдығының нашарлығында, қызметкерлердің салақтығы мен біліктілігінің төмендігінде және де теңіз жағасы қызметі тарапынан мұнайды қабылдауға кеменің техникалық дайындығына деген тиісті бақылаудың жоқтығында болды.

Соңғы бірнеше жыл ішінде «Казмортрансфлот» заманауи талаптарға сай екі жаңа танкерді ғана теңізге шығарды, оның біреуі - «Астана», екіншісі - «Атырау».

СУ АСТЫНДА ЖАТҚАН КЕШІРЕК ІСКЕ ҚОСЫЛАТЫН «МИНАЛАР»

Каспий теңізіне экологиялық апат қаупін төндіріп тұрған тағы бір нәрсе – консервіленген «тұзүсті» мұнай ұңғымасының (20-30 жыл бұрын жабылған) көптігі. Олар Каспий теңізі деңгейінің көтерілуіне байланысты 1993 жылдан бастап су астында қалған. Совет Одағының заманында ол ұңғымаларды консервілеу және жою кезінде Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп, ұңғымалардың су астында қалу ықтималдылығы ескерілмеген.

Су астында қалған және иесіз қалған мұнай ұңғымалары тура бір кешірек іске қосылатын мина іспетті, олар жайлап теңізді ластай береді де, күндердің бір күнінде бұрқ етіп сыртқа атып шығу мүмкін.

Әлемдік мұнай өндіру тәжірбиесінен белгілі: кез келген кен орнынан он жыл өнім алу барысында мұнай көлемінің тек қана үштен бірі ғана алынады. Екінші мәрте өнім алудың тиімділігі төмен және шығыны көп болғандықтан мұнай кені әдетте консервіленеді. Бірте-бірте жер қойнауында, әсіресе тұзасты кен орындарында қыртыстық қысым қалпына келеді де күкіртсутегілік коррозия нәтижесінде жұқарған ұңғымадан мұнай сыртқа шыға бастайды. Мәселен, Астрахан облысындағы Ақсарай және Қазақстанның Атырау облысындағы Тенгиз кен орындарында осындай жағдай болған.

2004 жылы Қазақстан энергетика және минералды ресурстар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Атырау және Маңғыстау облыстарындағы алаңдар мен кен орындарындағы су астында қалған мұнай ұңғымаларын тексеру және тізімге түсіру жұмыстарын атқарды.

Каспий теңізі көтерілгенде су астында қалған аймақта 1383 мұнай ұңғымасының бар екені анықталды. Шұғыл консервіленуге тиісті кезек күттірмес 90 ұңғыманың кадастры жасалды. Бүгінде су астында қалған 72 ұңғыма жойылды, олардың арасында теңізге мұнай жіберіп жатқандары бар болатын. Жеткілікті түрде қаржыландырмаудың әсерінен жою жұмыстары өте баяу атқарылып жатыр.

БӨТЕЛКЕ ІШІНДЕГІ ЖЫН

Атыраулық экологиялық үкіметтік емес «Каспий Табиғаты» атты ұйымның төрағасы Махамбет Хакімов Қашаған жобасының зор экологиялық апатқа ұрындыратынына сенімді.

- Қашаған теңіз кен орыны мегажобасы бойынша тұзасты шөгінділерінен 1,5 миллиард тонна мұнай алу үшін 240 ұңғыма бұрғыланады, ал жұмыс аяқталғаннан кейін ол кен орынында 3 миллиард тонна мұнай қалады. Бірақ бізді алаңдататын басқа нәрсе – теңіздегі экологиялық апат қаупі деңгейінің өте жоғарылығы, - дейді Махамбет Хакімов.

Апат қаупі ешқашан бәсеңдемейді, Қашағандағы барлау, бұрғылау, алу және мұнай операциялары аяқталған кезде де қауіп деңгейі төмендемейді, өйткені жер қойнауында қалатын мұнай көлемі әрқашан да алынған мұнай көлемінен артық болады.

- Қашағанда алынатын мұнайда өте улы күкірт құрамалары бар, олар тікелей мағынасында айтқанда металды жейді. Шапқыншы күкіртсутекті ортаның әсерінен ұңғымалардың металдық құрылыстары алты жылдың ішінде жарамсыздыққа ұшырап, сыртқа мұнай жібере бастайды деген ресейлік және француз ғалымдардың ғылыми мәліметтері бар. Оның үстіне әлемдік тәжірбие бойынша ұңғымадағы бұзылу-тотығушылық өзгерістеріне ешқандай жол бермеудің тиімді тәсілі әлі табылған жоқ, - дейді Махамбет Хакімов біздің Азаттық радиосының тілшісіне.

Эколог және қоғам қайраткері мысал ретінде 1980-2008 жылдар аралығында болған, Атырау облысының Қаратон, Кенарал, Сарықамыс ауылдарының халқын қоныс аударуға мәжбүр еткен Теңіз объектілеріндегі жүздеген сыртқа төгілулер мен апаттарды еске салады.

- Ең сұрапыл апат 1985 жылы болды, жұрт бет-бетімен қашты, тек 398 күн өткенде барып бүкіл ССРО-дан жинақталған күштердің арқасында сол масқара «Ақыр заман репетициясын» тоқтату мүмкін болды. Бір ғана нөмірі 37-інші апатты ұңғымадан 3 миллион тонна мұнай, ондаған миллиард текше метр әртүрлі газ сыртқа шығып, өртеніп кетті. Залалданған аймақ ауқымы 400 шақырымды қамтыды, келесі жылы Атырау облысы тұрғындарының 50 пайызы дертке шалдықты, теңіз жағасында бір миллионға жуық құс қырғын тапты, ал жұрттың санасында «Теңіз үрейі» мықтап бекіп қалды. Теңіздегі сұмдық апаттан бері 23 жыл уақыт өтті, бірақ мұндай апат түрін болдырмау мақсатында әлі күнге түбегейлі шешім жасалған жоқ, - дейді Махамбет Хакімов.

МҰНАЙ КӨЛЕМІ БҮКІЛ КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ БЕТІН ЖАУЫП КЕТУГЕ ЖЕТЕДІ

Махамбет Хакімовтің есебі бойынша Қашағанда апат бола қалған жағдайда сыртқа төгілген мұнай (су бетін жапқан қабыршық күйде) бүкіл Каспий теңізін қамтуға жетеді, ал жаңа шыққан газ Жер атмосферасына бүкіл әлем елдерінен шыққан газдардың жиынтығынан да қатты әсер етеді.

- Бұл таяп тұрған «мұнай бомбасын» айтпай-ақ, жай әдеттегі штаттық сыртқа төгілуден-ақ ластану ауқымының 160 шақырымы теңіздің 160 шақырымына, 230 шықырымы Қашағанның 230 шақырымына тең болады, - дейді эколог.

Каспийдегі экологиялық апат туп-тура бүгінгі Мексика шығанағындағы апат сияқты болады деген болжам жасайды Махамбет Хакімов.

- Ресейлік және әзірбайжандық биік жағалаумен салыстырғанда Каспийдің қазақстандық жағалауы әлдеқайда төмен және мұнайдың сыртқа төгілуінен зардап шеккен Луизиананың батпақты жағалауына өте ұқсас. Каспийдің жағасында қорықтық сулы-батпақты алқаптар бар, Қашаған кен орнының қарама-қарсысында аң-құстың сирек кездесетін түрлері өмір сүретін «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи қоры орналасқан. Құдай сақтасын, әрине, бірақ Каспийде тура әлгіндей апат бола қалған жағдайда қуалай соққан жел мұнайды батпақты жағалауға оп-оңай жеткізеді. Ал, мұнайды батпақтан ажыратып алу дегеніңіз мүмкін емес. Қамыс басқан батпақты жер мұнайды губка ұқсап сіңіріп алады да Каспийдің қайталанбас табиғаты ажал құшады, - дейді эколог.

Еске сала кетейік, Қашағандағы коммерциялық мұнай өндіру жұмыстары Қазақстан үкіметі мен Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асыру жөніндегі халықаралық консорциум арасындағы ұзаққа созылған дауласудан кейін 2012 жылдың аяқ жағына белгіленді.

Қашағаннан алынатын мұнай көлемі келесі онжылдық ішінде жылына 50 тоннаға дейін баруға тиіс. Базбір болжамдар бойынша Қашағаннан алынатын жыл сайынғы мұнай көлемі 2019 жылы 75 миллион тоннаға жетпек. Қашаған жобасы арқылы Қазақстан әлемдік мұнай державаларының бірінші бестігіне енеді деген де үміт бар.

Қашаған жобасының қатысушылары: италиялық Eni компаниясы, қазақстандық KMG Kashagan B.V.(«ҚазМұнайГаз»-дың еншілес кәсіпорыны), француздық Total, америкалық ExxonMobil, британ-нидерландылық Royal Dutch Shell (бұлардың 16,81 пайыз қатысу үлесі бар), сондай-ақ 8,4 пайыз үлесі бар америкалық ConocoPhillips және 7,56 пайыз үлесі бар жапондық Inpex.
XS
SM
MD
LG