Accessibility links

«Байқоңыр маңы тұрғындарының құқықтық белсенділігі керек»


Байқоңыр қаласында Ресей солдаты тұрғындарды тексеріп жатыр. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Байқоңыр қаласында Ресей солдаты тұрғындарды тексеріп жатыр. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Осы апта заңгер Әнуар Түгел Байқоңыр қаласы маңын экологиялық апат аймағы деп санау жөнінде бастама көтерді. Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, ұсыныстың іске асуы сол өңір халқына байланысты.

Қазақстан адвокаттар одағының төрағасы Әнуар Түгелдің сөзіне қарағанда, «Қазір экологиялық апат аймағына Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандары, Ақтөбе облысының Шалқар аудандары жатады. Ал Қазалы ауданымен көршілес жатқан Қармақшы ауданының аумағындағы Байқоңыр қаласының төңірегі – экологиялық дағдарыс аймағы (яғни адам өмірі мен денсаулығына зияны апат аймағындағыдан аздау өңір – ред.)».

Әнуар Түгел шілденің 2-сі күні Байқоңырда болған «Протон-М» зымыран тасығышы апатына байланысты Қазақстан азаматтарының шығындары өтелуі тиіс екенін де мәлімдеді.

Азаттық осыған орай Батыс Қазақстан облысындағы үш ауданды экологиялық апат аймағы деп тану жөнінде мәселе көтеріп жүрген адвокат Абзал Құспанмен сұқбаттасты.

Азаттық: Байқоңырдағы зымыран апатына байланысты жергілікті тұрғындардың сотқа шағымдануына бола ма?

Абзал Құспан: Әрине, болады. Азаматтық кодекстің 8 және 10-баптары бойынша, әр азамат өзінің құқығын сот арқылы қорғауға құқылы. Бірақ біздің қоғамымызда советтік кезеңнен қалған ұғым бойынша сотқа берген, соттасқан адамды «бәлеқор, жалақор, даукес» дейтін түсінік қалыптасқан. Қайта ол керісінше құқықтық мәдениет ретінде саналуы керек. Азаматтар сотқа жүгінуді үйренуі керек. Мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі шарты да – осы.

Заңгер Абзал Құспанов (алдыңғы қатарда). Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.

Заңгер Абзал Құспанов (алдыңғы қатарда). Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.

Зымыран құлап, гептилдің төгілуіне ресейлік ғалымдардың кейбірі «көршілес мемлекетке химиялық шабуыл жасағанмен тең» деген баға берді. Алайда әзірге бірде-бір тұрғын осы «шабуылға» байланысты сотқа шағымданған жоқ. Өздерінің ғана емес, болашақ ұрпағының денсаулығына қауіп төнген кезде бірде-бір азаматтың, бірде-бір қоғамдық ұйым мен бірлестіктердің сотқа жүгінбеуі шын мәнінде бізде құқықтық мәдениеттің өте төмен екенін көрсетті. Мысалы, Мәскеуде көшедегі мұзға тайып жығылғандардың өзі коммуналдық мекемелерді сотқа беріп, шығындарын қайтарып жатады. Бізде, бәлкім, бір жағынан сотқа сенім де аз шығар. Бірақ ең бастысы ондай мәдениет қалыптаспағанын тағы да көріп отырмыз.

Азаттық: Жергілікті тұрғындар сотқа шағымданған күнде де денсаулығына залал келтірілгенін дәлелдей ала ма?

Абзал Құспан: Дәлелдеу, дәлелдемеу – екінші мәселе. Егер тұрғындар осындай шағымдар түсіре бастаса онда (сотта болсын, басқа жерде болсын) бұл жайт күн тәртібіне қойылар еді. Гептил төгілгені – дәлелдеуді қажет етпейтін факт. Оның зиянын анықтау үшін сот тиісті сараптама тағайындауы мүмкін. Осы кезге дейін гептилдің қоршаған ортаға зиянды әсері туралы бірде-бір ресми құжат көрмедік. Ал тұрғындар жаппай шағым түсіре бастаса, сот амалсыздан сараптама тағайындауға мәжбүр болады. Сараптаманың қорытындысы бойынша ол мәселені дәлелдеуге болады.

Ресейдің Байқоңырдан ұшырған "Протон-М" зымыраны құлаған сәт. YouTube видеосынан алынған скриншот. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Ресейдің Байқоңырдан ұшырған "Протон-М" зымыраны құлаған сәт. YouTube видеосынан алынған скриншот. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Бұл мәселені осы апатқа дейін де айтып келгенмін. Сонда Қарағанды қаласындағы Евней Бөкетов атындағы университетте гептилдің зияндылығын анықтай алатын зертхана бар екеніне көзім жеткен. Кезінде бұл университет «осы мәселені қаржыландырыңыздар, зерттейік» дегенде төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі құлағына ілмеді. Егер сот сараптаманы, мысалы, Қарағанды университетіне тапсырған күннің өзінде біраз нәрсенің беті ашылып, қолымызда ресми құжат болатын еді.

Сонымен қатар гептил төгілгеннен кейін жергілікті тұрғындар медицина орталықтарына барып емделіп, анықтама алса, ол да жанама дәлел болады. Шағым түсірушілер көп болған сайын оның маңызы арта түседі. Сондықтан, менің ойымша, жергілікті тұрғындардың қолында мүмкіндік бар.

Азаттық: Соңғы деректерге қарағанда, осы қыркүйек айында Байқоңыр ғарыш айлағынан тағы да «Протон-М» зымыраны ұшырылмақ. Бірақ Қазақстан үкіметі шілденің 2-сі күні "апат салдары анықталмайынша ұшырылмауы тиіс" деген еді. Екі мемлекет арасындағы шартта бұл жайт қарастырылған ба?

Абзал Құспан: Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану туралы екі мемлекет арасында келісім-шарт халықаралық келісім-шарт ретінде Қазақстан заңдарынан жоғары тұрады. Бұл сұрағыңызға осы келісім-шартпен танысқаннан кейін ғана жауап беруге болады. Өкініштісі – онымен танысуға әзірге мүмкіндік жоқ. Бірақ онымен екі жағдайда танысуға болады.

"Протон-М" құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.

"Протон-М" құлаған жер. Қызылорда облысы, Байқоңыр, 31 шілде 2013 жыл.

Біріншіден, қоғамдық ұйымдар бастама көтеріп, шартты сұраса, оны бермеуге мемлекеттің құқығы жоқ. Халықтың өмірі мен денсаулығына қатысы бар құжаттарды құпия сақтауға тиісті емес. Мәселен, ол шартта «халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда бұл шарт тоқтатылады» делінген бап та болуы мүмкін. Екіншіден, жергілікті тұрғындар сотқа шағым түсірсе, сот та бұл шартты сұратуы мүмкін. Өзім қоғамдық ұйым атынан Батыс Қазақстан облысындағы Ресей әскери полигондарына байланысты шартты сұрап ала алмай отырмын. Бірақ оны қалай да алатынымызға сенемін. Өйткені заң – біздің жағымызда.

Азаттық: Әнуар Түгел мырза «Байқоңыр өңірін экологиялық апат аймағына қосу керек» деген бастама көтерді. Бұдан жергілікті тұрғындарға қандай пайда болуы мүмкін?

Абзал Құспан: Мен осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы Ресейдің әскери полигондары орналасқан Жанқала, Орда, Жәнібек аудандарын экологиялық апат аймағы деп тану керек деген мәселені көтеріп жүргендіктен, бұл тәжірибемен таныспын. Бүкіл Қазақстан бойынша барлық экологиялық апатты аймақтардың барлығында негізінен байырғы ұлт өкілдері, яғни қазақтар отыр. Мемлекет тиісті медициналық көмектер көрсетуге міндетті болады. Әлеуметтік жәрдемақылар мен өтемақылар беріледі.

Байқоңыр маңындағы Төретам кенті. 14 шілде 2013 жыл.

Байқоңыр маңындағы Төретам кенті. 14 шілде 2013 жыл.

Орал өңіріндегі жағдайға байланысты билік тарапынан бір ғана уәж келтіріліп жүр. «Егер бұл жерді экологиялық апат аймағына жатқызатын болсақ, өндіретін тауарымызды шетел алмай қоюы мүмкін» дегенді айтады. Бұл жайттың Қызылорда облысына да қатысы бар. Әйтпесе барлық экологиялық көрсеткіші жағынан Байқоңыр төңірегін апатты аймақ деп есептеуге болады. Шетелге қандай өнім шығарып жатқанымыз белгілі ғой.

Азаттық: Өңірдің экологиялық апат аймағы ретінде танылуына жергілікті тұрғындардың құқықтық белсендігі мен құқықтық мәдениеті де ықпал ете ме?

Абзал Құспан: Ықпалы міндетті түрде болады. Заңда «жоғарғы соттың нормативтік қаулылары» деген ұғым бар. Сот тәжірибесінде белгілі бір санаттағы істер көбейіп кеткен жағдайда жоғарғы сот арнайы нормативтік қаулы шығарады. Мәселен, жер участогына байланысты сот даулары көбейіп кетсе, жоғарғы сот жер дауын шешу тәртібі туралы қаулы қабылдайды. Экологиялық тұрғыдан да осындай нақты мәселеге көшу керек. Ондай жағдайда Байқоңыр ғарыш айлағының төңірегін экологиялық апатты аймақ санатына қосу мүмкіндігі арта түседі.

Апат салдары анықталмай тұрып зымыранның тағы да ұшырылуына азаматтардың құқықтық мәдениеті ғана емес, саяси белсенділігінің де төмендігі де жол ашып отыр. Әрине, оған ең әуелі мемлекет жауапты. Мемлекет өз азаматтарының өмірі мен денсаулығын ақшаға саудалап отыр. Конституцияда «Қазақстанның ең қымбат қазынасы - адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

Ресейдің «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырағаннан кейінгі Байқоңыр төңірегіндегі ахуалды Азаттықтың мына сюжетінен көре аласыз:

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG