Accessibility links

Березовка тұрғындары «таңдау еркі берілмегенін» айтады


Медициналық жедел жәрдем көлігіне улану белгісі бар оқушыны апара жатыр. Батыс Қазақстан облысы, Березовка ауылы, 4 желтоқсан 2014 жыл.
Медициналық жедел жәрдем көлігіне улану белгісі бар оқушыны апара жатыр. Батыс Қазақстан облысы, Березовка ауылы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Қоныс аудару қарсаңында тұрған Березовка тұрғындары проблемаларын айтты. Балалар жаппай уланған оқиғалардан кейінгі тұрғындардың жағдайы туралы фильм түсірілген.

Бүгін Алматыда Оралдағы Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымы түсірген [орыс тіліндегі] «Березовка: исход» (Березовка: ауа көшу) видеофильмін таныстырды. Фильмде жергілікті билік өзге елдімекендерге көшіруді ұйғарған Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарының қазіргі тыныс-тіршілігі көрсетілген.

Бір жыл бұрын Березовкада балалар жаппай уланған болатын. Біреулері есінен танды, біреуінің басы ауырды, кейбірінің денесі тырысқан. Естен танып, талу оқиғалары кейін де қайталанды. Тұрғындар «ауыл іргесіндегі мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кен орнынан улы газдың таралуына жол берді» деген болжаммен компанияларды кінәлады. Билік бұл болжамды жоққа шығарып, кезінде улану себебін мектептің жылу қазандығынан іздеген.

Березовка ауылынан телерепортаж жанрында түсірілген 15 минуттық фильмде жергілікті тұрғындардан алынған сұхбаттар көрсетілген.

ФИЛЬМ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

«Березовка: ауа көшу» («Березовка: исход»)фильмінде ауыл тұрғындары проблемалары мен қорқыныштары жайлы баяндайды. Жұрттың көбі үйлерін бағалаған мамандардың жұмысына көңілдері толмағанын, қолдағы малын тым арзанға сатқанын айтып шағымданады. Кейбір тұрғындар билік көшіп баруды ұсынған Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласы мен Бөрлі кентінің де «экологиясы лас» деген уәжбен Орал қаласына көшкісі келетіндерін баяндаған.

Березовка тұрғыны Светлана Аносова ауылдағы жиналыста сөйлеп тұр. 24 маусым 2015 жыл.
Березовка тұрғыны Светлана Аносова ауылдағы жиналыста сөйлеп тұр. 24 маусым 2015 жыл.

Фильмде Светлана Аносова туған жерден көшу моральдық-психологиялық тұрғыдан қиын екенін айтады.

- Мейлі, үлкен болсын, кіші болсын - кіндік кескен жеріңнен айырылатыныңды ойласаң, көкірегің қарс айырылады. Бірақ әбден көзі үйреніп кететіні соншалықты, адам ауласында өсіп тұрған ағашты елемейді. Тек көп ұзамай мұның бәрінен айырылатыныңды ойлағанда ғана орны толмайтын қымбат дүниеңді жоғалтқандай боласың, - дейді Аносова.

Ал Антонина Прохорова баспанасын бағалаған маманның жұмысына көңілі толмағанын айтып қынжылады.

- Тіпті аты-жөндерін де айтпайды. «Кімсіңдер?» деп сұрасақ, «Бағалаушымын. Мені осында жіберді» дейді. Сөйтіп, бөлмеге кірді. Қарасам, қолындағы қағаздағы тұрғын бөлмелердің пайдалы аумағы деген жолға ешқандай белгі қоймайды. «Неге қоймайсың?» деп сұрасам, «Ой, ол маңызды емес» дейді.

БАЛАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Азаттыққа былтыр зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы айтқан фильм авторларының бірі, Crude Accountability ұйымының кеңесшісі Сергей Соляник «кейбір балалардың ауруы тағы қайталанды» дейді. Былтыр жаппай улану кезінде зардап шеккендер тізіміне енбей қалған балалардан да соған ұқсас сырқат белгілері байқалған.

Талып қалған оқушы қызды жергілікті ауруханаға әкелді. Березовка, 21 қаңтар 2015 жыл.
Талып қалған оқушы қызды жергілікті ауруханаға әкелді. Березовка, 21 қаңтар 2015 жыл.

- Қағаз жүзінде 25 бала тіркелді. Кейбір зардап шеккен балалардың ата-аналары белсенділік танытып, биліктен тексеру жүргізуді, балаларын емдетуді, өтемақы төлеуді талап етті. Ал кейбір ата-аналар іштен тынып, үндемейді, тіпті ашық айтып, талқылауға тырыспайды. Әдетте бұл билікпен ашық жанжалдасқысы келмейтін ауыл тұрғынының психологиясы болса керек. Кейбір балалар талып қалғанын айтуға ұялады. Бірақ сабақ үстінде талып қалу сияқты балалардың денсаулығына қатысты проблемалар әлі бар, - дейді Сергей Соляник.

ІС ЖАБЫЛҒАН ЖОҚ

Балалардың былтырғы жаппай улануының нақты себептері әлі анықталған жоқ. Балалар мектептің жылу қазандығынан улануы мүмкін деген болжам түбегейлі расталмады. Сергей Соляниктің айтуынша, жылу маусымы басталмай тұрып та талып қалған балалар бар.

Березовка тұрғындары Қарашығанақ кенішінде жүргізілген жарылыс пен газ жалынынан тараған газдан 2014 жылы қарашаның 28-і күні 25 оқушы уланды деп санайды. Олар әлгі жарылыстан кейін кентте улы газдың иісі сезілгенін байқаған.

- Тексеру жүріп жатыр. Мемлекеттік органдар себебін әлі атамай отыр. Бірақ улануға Қарашығанақ кенішіне тараған газ себеп болған деген болжамды жоққа шығарады. Іс әлі жабылған жоқ, түпкілікті себебі де жарияланбады. Әлгі қазандыққа қатысты қозғалған іс тамыздың аяғында жабылған. Олар улы газдың тарауына мектеп қазандығы «кінәлі» шығар деген болжаммен жеке қылмыстық іс қозғаған. Бірақ сараптама жүргізіп, балалардың улануына оның ешқандай қатысы жоқ екеніне көз жеткізді, - дейді Сергей Соляник.

Ол Березовка тұрғындарының проблемалары мен қорқынышын жүйелеп баяндауға тырысты.

- Ең бастысы, жұрт таңдау еркін бермеді деп наразы. Шындығында, тұрғындарға Ақсайға көшуді немесе Аралтай мен Бөрліде әлі салынбаған коттедждерді ұсынған. Ал жалпы халық «Бізге Оралдан пәтер беріңдер» деп Орал қаласына көшіруді талап еткен, - дейді Сергей Соляник.

Фильм авторы Сергей Соляник «Березовка тұрғындарының тағы бір проблемасы – оларға баспаналары үшін ақшалай өтемақы берілмеуі» деп санайды. Березовка ауылы тұрғындарын бес қабатты екі үй әзірленген Ақсай қаласы мен Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі кентіне көшіру ұйғарылған. Оның пікірінше, тағы бір маңызды проблема - мемлекеттік органдардың Березовка тұрғындарын көшіруге, әсіресе жұрттың үйі мен ауласындағы қора-қопсысын бағалауға қатысты жұмысының жария болмауы.

Березовкадағы амбулаторияға әкелінген оқушы. 4 желтоқсан 2014 жыл.
Березовкадағы амбулаторияға әкелінген оқушы. 4 желтоқсан 2014 жыл.

- Тұрғындар қанша өтемақы алатындарынан әлі бейхабар, - дейді Сергей Соляник.

Березовка ауылы тұрғындарын, әсіресе зардап шеккен балалардың ата-аналары «Балалардың денсаулығына келтірілген зиян үшін өтемақы төленетін-төленбейтіні белгісіз» деп уайымдайды.

- Бұл жайында билік мүлде үндемейді, - дейді Сергей Соляник.

Ал жергілікті билік Березовка тұрғындарын көшіруге арналған ақпараттық парақтар таратып жатыр. Әлгі парақтарда Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінің маңайындағы санитарлық-қорғау аймағы, тұрғындарды көшірудің негізгі принциптері мен кезеңдері, көшірудің бірінші кезеңіне қатысатын елдімекендерді іріктеу критерийлері туралы жазылған.

Билік Березовка ауылы тұрғындары «Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінің маңайындағы санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге байланысты көшірілмек» деп мәлімдейді. Ал Березовка тұрғындары «билік балалардың жаппай улануының нақты себебін іздегісі келмейді, бірақ бізді ауыл тұрғындарының денсаулығына қатер төнгендіктен ғана көшіруге мәжбүр» деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG