Accessibility links

Бұрынғы экология вице-министрі Әлжан Брәлиевтің әйелі Әмина қоғамдық қорғаушы міндетін өзіне алды


Әмина Бралиева, Қаржы полициясы қылмыстық іс қозғаған бұрынғы экология вице-министрі Әлжан Бралиевтің әйелі. Астана, наурыз, 2009 жыл.
Әмина Бралиева, Қаржы полициясы қылмыстық іс қозғаған бұрынғы экология вице-министрі Әлжан Бралиевтің әйелі. Астана, наурыз, 2009 жыл.

Бұрынғы Экология вице-министрі Әлжан Брәлиевтің зайыбы Әмина Брәлиева Астанадағы Азаттық тілшісіне хабарласып, күйеуіне қозғалған қылмыстық істі негізсіз деп мәлімдеді. Ал Брәлиевті тұтқындаған қаржы полициясы мәселенің анық-қанығы тергеу барысында анықталады деп отыр.

Бұрынғы мемлекеттік шенеунік Әлжан Брәлиевтің зайыбы Әмина Брәлиева бұдан былай үндемей отыра алмаймын дейді. Себебі соңғы кезде баспасөз беттерінде күйеуіне қатысты қисынсыз ақпараттарға жол берілгенін айтады.

Ол жұбайына қозғалған қылмыстық іске қатысты, кішкентай сәбилері барына қарамастан, қоғамдық қорғаушы болып іске кірісіпті.

- Қазір Әлжанның тергеу изоляторында отырғанына үш аптадан асты. Оған тағылған айып қисынсыз. Бүгінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен 80- нен астам адамның қолы қойылған хат алдым. Онда Әлжанның өз ісіне адал екендігі және сот барысында әріптестерінің пікіріне құлақ асуы жөнінде жазылған. Күйеуімнің осыған дейін сотталмағанын, әрі оның кішкентай балалары бар екенін ескеріп, оны сот шешім шығарғанша, үй қамаққа алуын сұраған едік. Бірақ рұқсат бермей отыр.

Мен мынаны баса айтқым келеді. Ол елді тастап ешқайда кетпейді, әрі тергеу ісінен қашып отырған жоқ. Керісінше, ақиқатты ашу үшін, тергеу ісі әділ жүру үшін бар күшін салмақ, - дейді Әмина Брәлиева.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың ақпан айының 26-да қаржы полициясы бұрынғы экология вице-министрі Әлжан Брәлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғап, оны тұтқынға алған болатын.

Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров бұған қатысты журналистерге берген сұхбатында қазір тергеу ісі жүріп жатқанын, іс аяқталмай жатып, ештеңе айта алмайтындығын жеткізген еді. Ал қаржы полициясының деректеріне сүйенсек, бұрынғы мемлекеттік шенеунікке қалдықты пайдаға асыру үшін мемлекеттік сатып алу тендерін дұрыс өткізбеген, мемлекеттен бөлінген миллиардтаған теңгені жымқырды деген айып тағылуда.

Бұл іске қатысты Әлжан Брәлиевтің әйелі Әмина Брәлиева мемлекеттік тендер ісі өзінің білуінше, мүлдем басқа департаментке қарайды. Әрі осы департаментті басқарған Татьяна Савицкая деген азаматша жарты жылдан бері елде жоқ көрінеді. Әмина Брәлиева сонымен бірге өздерінің қарапайым тұратындығын да айтады. Олар мемлекет берген муниципалдық үйдің пәтерінде тұрады екен.

- Әлжанның әке-шешесі де қарапайым адамдар. Әкесі мүсінші, шешесі Ұлттық экономикалық басқару университетінде профессор. Әлжан үнемі айтып отырады, "ең бастысы балаларыма жақсы тәрбие беру, басқа ештеңе керек жоқ" деп. Екеуміздің бар мақсатымыз - әке-шешемізден алған жақсы тәрбиені балаларымызға беріп, елін сүйетін азаматтар етіп тәрбиелеу. Бізге басқа ештеңе керек жоқ, - дейді Әмина Брәлиева.

Қаржы полициясы Әлжан Брәлиевке осымен екінші мәрте қылмыстық іс қозғап отыр Осыдан бірер жыл бұрын Брәлиев Халықаралық бағдарлама орталығының президенті болып тұрғанда, сол кездегі қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмырзаев, «қырыққа жуық деңгейі төмен студентті «Болашақ» бағдарлмасымен шетелге жіберді» деп, Брәлиевке айып таққан еді. Сарыбай Қалмырзаев бүгінде президенттің іс басқармасын басқарады.

Алайда Астана прокуратурасы нақты айғақ жоқ деп, істі бірнеше рет қаржы полициясына қайтарған болатын. Кейін 2008 жылдың ақпан айында Бас прокуратура Әлжан Брәлиевке қатысты қылмыстық істі жабу туралы қаулы шығарған.

Ал Әлжан Брәлиевтің өзі «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол АҚШ-тың Lawrence университетінде бакалавр дәрежесін алып, кейін өз күшімен АҚШ-тың Гарвард университетінің магистратурасын тәмамдаған екен.
XS
SM
MD
LG