Accessibility links

Қазақстан экономикалық еркіндік бойынша 78-ші орында


Маңғыстау облысындағы мұнай скважинасынан көрініс. Көрнекі сурет

Маңғыстау облысындағы мұнай скважинасынан көрініс. Көрнекі сурет

Heritage («Херитидж») қоры мен Wall Street Journal («Уолл Стрит Джорнал») басылымы 2011-ші жылғы экономикалық еркіндік көрсеткішін жариялады. Қазақстан бұл зерттеуде өткен жылмен салыстырғанда төрт саты жоғары көтерілген.


Қазақстан өткен жылы экономикалық еркіндігі бойынша 82 орынды місе тұтқан болса, биыл 62,1 ұпай алып, 78-орынға шықты.

Соңғы он жыл бойы экономикасы үздіксіз күшейіп, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан 2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысы кезінде экономикалық құлдырауға тап болды. Қазақстан өзінің осыған дейінгі бәсекелестікті күшейту жөніндегі саясатының арқасында бұл дағдарыстан оңай шығып, тұрақты экономикалық жолына қайта түскен елдердің бірі болды деп жазылған зерттеуде.
Қазақстанның әлсіз заңдары коррупцияға кеңінен жол беріп, мүлік құқын сенімсіз жағдайда қалдырып отыр.

Қазақстанның бизнес, сауда және қаржы еркіндігі салыстырмалы түрде жақсы ұпай жинаған. Жекеменшік сектор күшейіп, қызмет көрсету саласы кеңейген.

Алайда инвестиция еркіндігі, жекеменшік мүлік құқы мен жемқорлықтан арылу бойынша әлі төменгі деңгейде қалып отыр. Шетелдік инвестиция түрлі кедергілерге ұшырап, биліктің көбірек жергілікті компанияларға бүйрегі бұрып тұратыны инвестицияның дамуына қолбайлау болып отырғаны сипатталған.

Қазақстанның әлсіз заңдары коррупцияға кеңінен жол беріп, мүлік құқын сенімсіз жағдайда қалдырып отыр деп көрсетілген Heritage қорының есебінде.

ТМД ЕЛДЕРІН АРТҚА ТАСТАУ

Қазақстан 2011-ші жылғы экономикалық еркіндік көрсеткішінде 78-орында болса, көрші Ресей 143-орында қалған. Бірақ Heritage қоры мен Wall Street Journal Ресей экономикасында біраз ілгері басушылық бар екенін айтқан.
Пост-советтік елдердің бәріне тән осал тұстар - жемқорлық, жекеменшік құқығын қорғау және инвестиция еркіндігі.

ТМД-ның бірқатар елдері Қазақстаннан кейінгі орындарды иеленіпті. Соның бірі экономикалық еркіндігі бойынша Қырғызстан - 83, Әзірбайжан - 92, Тәжікстан - 128, Ресей 143-орында қалған. Ресейден кейінгі 163-орында Өзбекстан болса, Түркменстан 169-орынды місе тұтқан.

Бұрынғы совет елдерінде экономикалық еркіндік тұрғысынан алғанда, бірдей салалар ақсап тұр. Яғни, жемқорлық, жекеменшік мүлік құқы және инвестиция еркіндігі экономикалық бағалау кезінде осал тұстар ретінде байқалған.

АЗИЯ АҚШ-ТЫҢ АЛДЫНА ШЫҚТЫ

Жалпы, 2011 жылғы экономикалық еркіндік көрсеткішінде 179 елдегі жағдай баяндалған. Гонконг экономикасы ең еркін ел ретінде көш бастап тұрса, АҚШ-тың бір орынға төмендегеніне қатты мән берілген. Сол себепті Heritage қорының экономика және халықаралық сауда орталығының директоры Терри Миллер есептің әлқиссасын АҚШ экономикалық өміршеңдігін жоғалтып, экономикалық саладағы жетекшілікті Азияға беріп қойды деген мазмұнды мәлімдемеден бастап отыр.

Терри Миллер өзінің есебінде Грекия мен Франциядағы халықтың экономикалық мәселелер бойынша жаппай наразылық шараларына шыққаны, Халықаралық валюта қорының Ирландияға көмегі, Еуропаның ортақ валютасы еуроға төнген қауіп және Лондондағы жаңа үкімет, Америкадағы шай ішу жиындары капитализмнің ақыры таяғанын білдіре ме деген сауал қояды. Сарапшы көптеген адам мұндай өзгеріс боларын осыған дейін де болжаған еді деген қорытынды жасайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG