Accessibility links

Қазақстан: Дағдарыс тереңдеген жылдың алғашқы 40 күні


"Халық назарын басқа жаққа бұруға" кіріскен Нұрсұлтан Назарбаев.

"Халық назарын басқа жаққа бұруға" кіріскен Нұрсұлтан Назарбаев.

2015 жылы Қазақстан экономикасы жағдайы мәз емесі екені білінді. Бұл ел мұнай бағасына тәуелді. Мұнай арзандап, үкімет бір жылда бюджетті үш рет өзгертті. Теңге де күрт құнсызданды.

Қазақстанның басты сауда әріптестері – Қытай мен Ресейдің де жағдай жақсы емес. Теңге Орталық Азиядағы басқа валюталармен салыстырғанда анағұрлым көп құнсызданды.

Қазақстан азаматтары арасында Сириядағы қарулы топтарға қосылып жатқандары бар. Алайда, ел үкіметін толғандырып отырған басты мәселе ол емес. Ресейдің Қырымды өзіне қосып алғанын, Кремльге арқа сүйеген Украинадағы сепаратистер бүлігін көріп отырған Қазақстан үкіметі Ресеймен шекараға жақын шоғырланған орыс ұлты өкілдеріне көбірек көңіл бөлді.

Жаңа жылдың алғашқы күнінде мемлекеттік басылымдар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жыл кешінде «Қазақстан аруымен» билеп жүрген суретін жариялады. Солтүстік Қазақстанды қалың қар басып, төтенше жағдай қызметкерлері боранда қалып қойғандарды құтқару үшін күндіз-түні жұмыс істеді.

ҚҰНСЫЗДАНҒАН ТЕҢГЕ

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде ұлттың валюта – теңгенің бір АҚШ долларына шаққандағы бағамы 340 теңге болды. Ал жарты жыл бұрын ғана - шілденің бас кезінде доллар құны 182 теңге еді.

Қаңтар айы экономикаға қатысты жағымсыз жаңалыққа толы болды. Қаңтардың 5-і күні экономика министрлігі 2015 жылы инфляцияның 13,6 пайызға шарықтағанын хабарлады. Бұл – алдыңғы жылдардағыдан екі есе жоғары көрсеткіш. Содан соң іле-шала үкімет жеке меншікке сатылатын 780 мемлекеттік компания тізімін жариялады. Бұл тізімде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Қазатомпром», «Қазақстан теміржолы», «Қазақтелеком» сияқты алпауыттар бар.

Қаңтардың 13-і күні теңге жарты жыл бұрынғыдан екі есе құнсызданып, 1 доллар 364 теңгеге жетті.

Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Қаңтардың 15-і күні премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев 2015 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 1,2 пайыз ғана болғанын мәлім етті. Оның айтуынша, былтыр өнім өндіру 1,6 пайызға, шикізат өндіру 2,5 пайызға төмендеген, мұнай, көмір, темір өндіру де едәуір азайған. Оған басты себеп – Қытайдан тапсырыстың аз түсуі.

Economist Intelligence Unit зерттеу ұйымы «Қазақстан 1998 жылдан бері алғаш рет биыл рецессияға ұшырайды» деген болжам жасады.

ӘЛЕУМЕТ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Экономиканың құлдырауы халықтың тұрмыс-тіршілігіне бірден әсер етті. Ата-аналар оқушыларға қажетті керек-жабдықтардың күрт қымбаттағанына шағынды. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындауға ақша бөлуге уәде етті.

Шымкент қаласы маңында қоғамдық көлікке бөлінетін қаржы қысқартылып, алыс ауылдарға автобус қатынамай қалды, соның кесірінен балалар мектепке жаяу баруға мәжбүр болды. Ата-аналар балаларының аязды күні қараңғыда мектепке жаяу қатынап жүргендерін хабарлады.

Борышкерлердің "Казкоммерцбанк" бөлімшесі алдындағы наразылығы. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Борышкерлердің "Казкоммерцбанк" бөлімшесі алдындағы наразылығы. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Жағдай жақсы кезде банктен шетел валютасымен несие алғандар қатты қиналып қалды. Теңге күрт құнсызданған соң олардың берешегі екі есе өсіп кетті. Қаңтардың 20-сі күні Алматыдағы банктер алдында борышкерлердің біразы наразылық шарасын өткізіп, қарыздарын былтырғы шілдедегі бағам бойынша қайта есептеуді талап етті. Ақпанның 2-сі күні де бірнеше банк алдында борышкерлердің осындай наразылық акциясы өтті.

Қаңтардың 12-сі күні үкімет Қайрат Қожамжаровтың жаңадан құрылған Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға төраға болып тағайындалғанын жариялады. Жаңа мекеменің құрылуы аса таңсық жағдай емес, себебі іс жүзінде тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан үкіметі жемқорлықпен күрес жүргізіп келеді. Мұның алдындағы осы тақылеттес мекемелердің ешқайсысы жоя алмаған індетті жаңа бюроның қалай жоятыны әзірге белгісіз.

Бұл – халықтың назарын басқа жаққа аударудың ерекше тәсілі. Дегенмен, Қазақстан үкіметі мұнымен де тоқтап қалған жоқ.

САЙЛАУ НАУҚАНЫ

Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс қаңтардың 13-і өткізген алғашқы отырысында мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы мәселе көтеріп, президентке парламентті тарату жөнінде ұсыныс тастауды ұйғарды.

Назарбаев Жаңа жылдық кеште вальс билеп жүр.

Назарбаев Жаңа жылдық кеште вальс билеп жүр.

Осыдан соң үкімет ақпарат құралдары бұл науқанды қолпаштай жөнелді. Қаңтардың 14-і күні «Казахстанская правда» газетінің сайтында Демократия институтына қарасты ғылыми-зерттеу ұйымының 97 «сарапшымен» жүргізген сауалнама қорытындысы жарияланды. «Сарапшылардың» 95,6 пайызы сайлауды ерте өткізу бастамасын қолдаған. Сарапшылардың аты-жөндері жарияланған жоқ.

«Қазинформ» ақпарат агенттігі Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулер бөлімі төрайымы Ботагөз Төрехановамен сұхбат жариялады. Оның айтуына қарағанда, бұл ұйым 615 адамға сауалнама жүргізген, халықтың 82,5 пайызы мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасынан құлағдар болып шыққан, ал 93,6 пайызы мұны «дұрыс бастама» деп бағалаған.

Қаңтардың 14-і күні Astana Times басылымы «Ұлттық тұтынушылар лигасының», Қазақстан халқы ассамблеясының, Жастар конгресінің, Мәслихат депутаттары қауымдастығының, «Қазақстан-2050» қозғалысының, «Қазақстан азаматтық альянсының» мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасына қолдау білдіргенін хабарлады.

КАНДИДАТТАР

Бастаманы негіздегенде «алда тұрған экономикалық проблемаларды шешу үшін жаңа мандаты бар парламентті сайлап алу қажет» деген уәж алға тартылды. «Ескі парламент шеше алмаған проблеманы жаңа парламент қалай шешеді?» деген сұраққа ешкім жауап іздеген жоқ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше күн бойы жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізіп, ерте сайлау өткізудің жайын талқылады, мұны мемлекеттік ақпарат құралдары кеңінен насихаттады. Ақыр соңында, қаңтардың 20-сы күні президент парламентті таратып, наурыздың 20-сы күніне жаңа сайлау тағайындау туралы жарлық шығарды.

"Нұр Отан" жиыны. (Көрнекі сурет)

"Нұр Отан" жиыны. (Көрнекі сурет)

Биліктегі «Нұр Отан» партиясы қаңтардың 29-ы күні съезін өткізіп, депутаттыққа кандидаттар тізімін бекітті. Партия төрағасы ретінде бұл жиынға президент Назарбаев қатысты. Басқосуда мемлекет басшысының атына көп мадақ айтылғаны сондай, «елдегі экономикалық ауыртпашылықтардың барлығы үшін президент жауап беруі керек» деген сыни пікірлердің оған мүлде қатысы жоқтай көрінді.

Съезде бекітілген кандидаттар арасында президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға, бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин, президенттің жастық шағы туралы фильмде Назарбаевты сомдаған актер Нұрлан Әлімжанов, әнші Қайрат Нұртас және басқа да танымал адамдар бар.

Бірақ, бұл тұлғалардың экономикалық дағдарыспен күрестегі білім-білігі қандай екені белгісіз.

Назардан тыс қалған бір мәлімет – «Нұр Отан» партиясы мәжілістегі 98 депутаттық орынға 127 үміткер ұсынды. Науқанға қатысып жатқан бес партия жиыны 107 кандидат шығарды.

Ақпанның 1-і күні АҚШ долларының құны 354,79 теңге, ал ақпанның 9-ы күні 359,89 теңге болды.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG