Accessibility links

Түркия мен Ресейдің «тауар соғысынан» Қазақстан не ұтады?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анталья, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анталья, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Сарапшылар Ресей мен Түркия арасындағы ұшақ жанжалынан өрбіген экономикалық шаралардың Қазақстанға әсері жайлы ой бөлісті.

Бүгін Ресей кеденшілерінің Түркиядан әкеле жатқан жүктерді бастан-аяқ тексеруге кіріскені хабарланды. Кейбір ресейлік кедендер маңында шекарадан өте алмаған түркиялық көліктер жиналып қалған.

Ресей президенті Владимир Путин Су-24 ұшағын Түркия атып құлатқан соң, 28 қарашада Түркияға қарсы арнайы экономикалық шара қолдану туралы жарлық шығарған еді. Ол жарлықта түркиялық кейбір тауарларды Ресейге кіргізбеу не шектеу, екі ел арасында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап визасыз тәртіпті жою және чартерлік рейстерге тыйым салу жайы да айтылған.

Сарапшылар «Екі елмен де тығыз қарым-қатынасы бар Қазақстан бұл жанжалдан экономикалық тұрғыда ұта ма, ұтыла ма?» деген сауалға жауап іздеп көрді.​

«ҚАЗАҚСТАН ТҮРКИЯНЫҢ ОРНЫН БАСА АЛМАЙДЫ»

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Вячеслав Додонов бұл жанжалдың Қазақстанға еш әсері болмасын айтады.

– Қателеспесем, Түркияның Ресейге экспорты жылына 3 миллиард доллар болған. Онда өнімдердің түрі көп. Негізінен жеңіл және тамақ өнеркәсібі өнімдері. Біздің ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырған жеңіл өнеркәсібіміз Ресейде Түркияның орнын басуы мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне келгенде ғана ондай мүмкіндік болуы мүмкін, – дейді Вячеслав Додонов.

​Сарапшы Қазақстан Түркия нарығында да Ресейдің орнын баса алуы да неғайбіл деп біледі.

Ресейдің Түркияға жіберетін тауары – газ бен басқа да мұнай өнімдері. Ал Қазақстанның Түркияға тікелей баратын құбыры жоқ.

– Өйткені Ресейдің Түркияға жіберетін тауары – газ бен басқа да мұнай өнімдері. Әрине, бұл – мұнай құбыры. Ал Қазақстанның Түркияға тікелей баратын құбыры жоқ, – дейді Вячеслав Додонов.

​Экономист Петр Своик те Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнен туындаған экономикалық даудан Қазақстанның ұта алатынына күмәнмен қарайды. Сарапшы оның себебін Қазақстан экономикасының шикізат экспортына негізделгенінен көреді. Петр Своиктың пікірінше, Ресей санкция жариялаған соң Түркия тауарлары Қазақстан арқылы өтіп, шекарадағы тексеріс күшейе түсуі ықтимал.

– Мұндай әрекеттер болады. Бірақ бұл [Қырымды аннексиялап алған соң Батыстың санкциясына іліккен] Ресейдің Еуропа тауарларына эмбарго салғандағысындай болады. Ресейдің бақылау мекемелері тексеруді күшейтеді. Ауқымды кесірі болмайды. Кедендік шекара болмағанмен тауарлар тексеріледі. Бұл тексеріс күшейе түседі, – дейді Петр Своик.

Экономист Мақсат Сералы «Ресей өткізбей қойған түркиялық тауарлар, әсіресе киім-кешек Орталық Азияға жетуі мүмкін» деп болжайды.

– Ол тауар Түркияға қайтып бармайды. Сондықтан оларды Орталық Азия мемлекеттеріне өткізе бастайды. Бұл аймақта киім арзандауы мүмкін. Бірақ ол ажиотаж болатындай емес, қысқа мерзімге сәл ғана арзандауы ықтимал, – дейді ол.

Түркия әуе күштері 24 қарашада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген соң екі елдің арасындағы жағдай ушыққан. Түркия ресейлік ұшақтың «елдің әуе кеңістігін бұзып, ескертуді елемегенін» мәлімдеген. Бірақ Мәскеу ол ұшақтың «Сирия аумағындағы әуе кеңістігінде жүргенін» айтып, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG