Accessibility links

Назарбаев айтқан үнемді неден бастау керек?


Өрттен кейінгі "Барахолка" базары. Алматы, 6 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Өрттен кейінгі "Барахолка" базары. Алматы, 6 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі сұхбаттасқан сарапшылар президент Назарбаевтың үнемдеуге шақырғаны және мемлекет «сауын сиыр емес» дегені кімге арналғаны туралы пікірлерімен бөлісті.

Қаңтардың 15-і күні Астанада өткен мәжілісте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке әлемдік экономикадағы жағдайдың жағымсыз нұсқада өрбуін ескеретін сценарийлерді қаңтардың аяғына дейін әзірлеуді тапсырды. Ол әсіресе мұнай, металл сияқты негізгі экспорттық тауарлардың бағасы арзандап, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері тиетін тұста мемлекетке «сауын сиыр» ретінде қарамауға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметке үнемдеу туралы ескертуі қазақстандықтарға да қатысты екені даусыз. Бірақ президенттің айтуынша, көрші елдердегі әлеуметтік шиеленістер де, әлемдегі экономикалық конъюктуралардың нашарлауы да ел халқының жағдайына әсер етпеуі тиіс.

Қазақстандық сарапшылар Азаттық тілшісінің «Кім нені және қалай үнемдеуі тиіс?» деген сұрағына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Ярослав Разумов, журналист

Журналист Ярослав Разумов. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

Журналист Ярослав Разумов. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

– Президенттің бұл сөздері – бұрыннан болжанған сөздер. Оның бұлай айтатыны өткен жылдың қысынан бері белгілі болған. Мұнай бағасы құлдыраса болды, бізде міндетті түрде дағдарыс басталады. Шикізат ресурстарына толық тәуелді экономикамыз постсоветтік жылдары тұрақсыз дамыды. Қиын кезеңге таяп қалдық, ал бұл жолы ол бұрынғыдан да ауыр, ұзақ әрі қиын болатын сияқты.

Президенттің бұл сөздері кімдерге арналғаны белгілі. Ол бәрімізге арналған. Демек, жағдайымыз нашар деген сөз. Бірақ негізгі сұрақ қалай үнемдейміз деген мәселеге тіреледі. Өйткені кез келген жағымсыз құбылыстан ең әуелі қарапайым халық жапа шегетіні түсінікті. Мемлекеттік бағдарламалар қысқарса да, жұмыс орындары қысқарса да, жалақыны кесіп тастаса да, тарифтер қымбаттаса да, мұның бәрінің зардабын бірінші кезекте халық тартады. Президент жұртқа бұл «сигналын» ертерек – шамамен өткен жылдың екінші жартысына қарай жолдауы тиіс еді.

Ақыры үнемдеу туралы сөз қозғалған екен, онда ең әуелі ойға үкіметтің ЕХРО сияқты ауқымды жобалары келеді. Олардың бәрін тоқтатып тастаса тіпті жақсы болар еді. Жұртқа «экономикадағы форс-мажор жағдайға байланысты өткізе алмаймыз» деп түсіндіре салса болды ғой. Айтпақшы, елдің ішінде мұны жұрт қос қолдап құптар еді. Шетелде де бұл шешімнен мемлекеттің беделіне нұқсан келе қоймас. Ал биліктің елдегі беделіне келсек, қаржылық қайтарымын айтпағанда, беделі бір көтеріліп қалар еді. Өкінішке қарай, біздің елдің ұзаққа созылатын дағдарыстан шығу тәжірибеміз жоқ, ал өткен ғасырдың 90-жылдары мен 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде мұнай бағасы қымбаттап кетіп құтқарып қалған. Сондықтан жағдайды терең талдап, ең жайсыз деген варианттарды ескеру керек.

Берік Әбдіғали, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары

Берік Әбдіғали, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары

Берік Әбдіғали, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары

– Біріншіден, әдетте дағдарыс кезінде үнемдеу шенеуніктерден басталады. Мемлекеттік қызметшілерді қысқартқаннан бюджет ақшасын көп үнемдей қоймаспыз, бірақ оның экономикалық тиімділігі онша болмағанымен, саяси тиімділігі бар. Екіншіден, өткен жылдардағы мұнай бағасының өсімі арқасында үкімет ауқымды жобаларды іске қосты. Ал біз мұндай зор жобаларға қатты әуеспіз. Меніңше, тиімділігі мен қайтарымын есептеу қиын мұндай жобаларды қайта қарап шығу керек. Кәсіпорындардың көбі тоқтап қалды, ал кейбірі ашылған бойда ұмыт қалды. Мұндай жобалар толып жатыр. Мұның бәрін қайта қарап шығу керек.

Ал ЕХРО-ға келсек, оны өткізу – елдігімізге, абыройымызға сын. Өткіземіз деп бүкіл әлемге жар салып қойдық, енді оны қайтсек те өткізу керек. Бірақ оның инфрақұрылымы мен нысандарын салуға жұмсалатын шығынды қысқартуға болады.

Айтпақшы, әр әкімдіктің бюджет ақшасын жұмсауын талдап көрсек, мүлде болмаса да, уақытша еш қиналмай жаба тұруға болатын жобалары толып жатыр.

Ермек Тұрсынов, кинорежиссер

Режиссер Ермек Тұрсынов.

Режиссер Ермек Тұрсынов.

– Үнемдеу туралы кеңеске құлақ асқым-ақ келеді, бірақ мен ешқашан аста-төк молшылықта өмір сүрген адам емеспін. Сондықтан бұл сөздердің мен үшін еш мәні жоқ. Үнемдегеннен байып та кетпеймін, кедейленіп те қалмаймын, былайша айтқанда «орта таппын». Бірақ мемлекетті де «сауын сиырға» айналдыратын ниетім жоқ, тіпті айналдырғым келген күннің өзінде мені оған ешкім жібермейді. Жалпы, мұны ащы болса да күлкіге айналдыруға болар еді. Бірақ мемлекеттің «сауын сиыр» емес екенін түсіну үшін ширек ғасыр керек болғанын ойлағанда күлудің орнына жылағың келеді.

Жалпы, бұл сөздер ең әуелі кімдерге арналып айтылды? Кімдерге арналғанын ішім сезеді. Өйткені қалған жұрттың «сауын сиырды саууға» еш қатысы жоқ. Қарапайым халықтың қолында «сүт сауатын аппараты» да, «сүт фермасына» кіретін абонементі мен рұқсат қағазы да жоқ. Мемлекеттің «желініне» баяғыдан жабысып, айырылмай келе жатқан «өз сауыншылары» жетеді. Меніңше, бұл сөздер сол «сауыншыларға» арналған.

Ал бұған әзіл-оспақсыз қарасақ, бұл сөз – бұған дейінгі жайттардың – девальвацияның, «бізде бәрі тамаша, бәрі бақылауда, резервтеріміз шексіз, экономикамыз мызғымас та тұрақты» деген сияқты мақтан ақпарлардың қисынды салдары, жеткізген жері. Бірақ ақылды адамдар мұның түбі ұзаққа бармайтынын білген. Біз азып-тозғанүйлердің арасындағы ғажайып сарайда тұратын жандай көрінгіміз келеді. Бірақ адамзат қоғамында бұлай болмайды. Біз – әлемнің провинциясымыз. Ал мемлекетті құру үлгісін алғымыз келсе, анау Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Сингапур, соғыстан кейінгі бүкіл Еуропа, Израиль сияқты мысалдар маңайымызда толып жатыр ғой. Сондықтан өз басым бұл сөздер мен арнауларды біздің эксперименттің теріс нәтиже бергенін мойындау деп түсінемін.

ВИДЕО: Мемлекет қаржысын қалай үнемдеуге болары жайлы тұрғындар пікірі. Алматы, 16 қаңтар 2015 жыл.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG