Accessibility links

Шетелдік «көшпенді» Қазақстанда экотуризмді дамытқысы келеді


Қазақ киіз үйі. 2012 жылы Қазақстанды электромобильмен аралаған француз туристері түсірген сурет.

Қазақ киіз үйі. 2012 жылы Қазақстанды электромобильмен аралаған француз туристері түсірген сурет.

Алматыда тұрғанына 20 жылға жуық уақыт болған Дагмар Шрайбер өзін «көшпендімін» деп атайды. Шетелдік әйел Қазақстанда кенже қалған экологиялық туризмді дамытуға көмектесіп жүр.

Германия азаматы, 50 жастағы Дагмар Шрайбер Санкт-Петербург пен Мәскеуде философия факультетінде оқыған. Оның 26 жастағы қызы Тоня мен 22 жастағы ұлы Тим Германияда тұрады.

Дагмардың айтуынша, ол Қазақстанға алғаш рет 1994 жылы, экономикада бетбұрыстар басталған тұста келген.

- Келген кезімде мынадай кедейлікте де тіршілік етуге болады екен-ау деп жағамды ұстадым. Таныстарым екі-үш жерде жұмыс істейтін, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

«БІР ОТАР ҚОЙМЕН КҮН КӨРЕДІ»

Дагмар Қазақстанға дүниежүзілік банк жобасы аясында халықтың тұрмыс деңгейін зерттейтін социолог ретінде келген. Бұл жоба бойынша ол үш жыл жұмыс істепті.

– Сауалнамалар құрастырып, интервьюерлер әзірледік. Қазақстанда екі мыңдай отбасының өмір сүру деңгейін зерттеп, талдадық. Сауалнама нәтижесі халықтың 40 пайызында ақшалай кіріс жоқ екенін көрсетті. Ақшасыз қалай өмір сүруге болады деп сонда қайран қалдым, – дейді Дагмар Шрайбер.

Германиялық социолог Дагмар Шрайбер. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.

Германиялық социолог Дагмар Шрайбер. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.

Қазақстандағы отбасылық қарым-қатынастардың беріктігі Дагмарды таң қалдырған. Оның айтуынша, бүкіл отбасы болып бір адамға көмектесетін дәстүр Германияда жоқ.

– Мұндағы жұрт қорасындағы қойы мен бақшасының арқасында күн көреді екен. Бір-біріне көмектесіп, айырбас жасайды. Базарға шығарып сатады. Бірақ осылай күн көруге болатынына көзіміз жетті. Жоба аяқталып, бұл ел ұнаған соң әріптестерімізбен осында қалайық деп шештік, - дейді Дагмар Шрайбер Азаттық тілшісіне.

Олар неміс кәсіпкерлеріне арнап шағын платформа құрады. Бірақ Қазақстан мұндай қадамдарға әзір болмағандықтан, көптеген жоба түрлі себептермен іске аспай қалады. Нарықты қаржысы көп ірі компаниялар жаулап алып, шағын және орта бизнес дамымады.

– Біз темір жол салып, қайта жаңғыртылатын қуат көздерін орнатпақшы болдық. Бірақ бұл шаруа жоба күйінде қалды. Ел экономикасы нарыққа енді бет бұрып жатқан кез еді, бизнесті қорғайтын тиісті заңдар болмады, – дейді Дагмар.

«ҚАЗАҚСТАНДЫ КӨРГІСІ КЕЛЕТІНДЕР БАР»

Дагмар Шрайбер мамандығын ауыстырып, Қазақстан туралы кітап жаза бастайды.

– Менен әдетте «Қай елге бара жатырсың? Қазақстан деген қандай ел?» деп сұрайды. Шығыс Германия тұрғындары бұл елдің бұрынғы Совет одағының бір бөлігі екенін біледі, ал Батыс Германия тұрғындары Қазақстан туралы мүлде естімеген. Олар Қазақстанды Ауғанстанмен шатастырады. Басымды қауіп-қатерге тігіп, елді көп араладым. «Жол көрсеткіш» деген төртінші кітабымды жазып, Германияда шығардым. Ағылшын тіліне аудардым. Былайша айтқанда, бизнесіме арналған өзімнің нұсқаулығымды жазып шықтым десе болады, - дейді Дагмар Шрайбер.

Алтайдағы Берел жазығы. 2011 жыл. Көрнекі сурет.

Алтайдағы Берел жазығы. 2011 жыл. Көрнекі сурет.

Дагмардың айтуынша, сәуірден бастап қыркүйек айына дейін Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп келеді. Олардың ішінде әсіресе ботаниктер мен орнитологтар, бұл өлкенің өзіндік ерекшелігі барын байқаған табиғат әуесқойлары көп.

– Қазақстанда жабайы қызғалдақтың 38 түрі өседі. Құстардың Еуропада кездеспейтін сирек түрлері мекендейді. Осындағы имектұмсық немесе сары торғайды бір көру үшін туристер виза алудың қиындығына да, жол ауыртпалығына да, қонақ үйдің жұпынылығына да төзуге әзір, - дейді Дагмар Шрайбер.

Дагмар 2008 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келді. Визасын жыл сайын ұзартады. Оның айтуынша, Қазақстанның виза жүйесіне көңілі толмайтын шетелдіктер, әсіресе Батыс елдерінен келетін туристер виза алу тәртібі жеңілдетілгенін қалайды.

– Виза алу қиын, туристердің ең қиналатын тұсы осы. Елшілікке берген өтініштерін ұзақ күтеді, құжаттарын алу үшін тағы келеді. Мұндай әуре-сарсаңнан шаршаған туристердің көбі сапарға шығудан бас тартады. Визаны, мысалы Таиландтағы сияқты әуежайға түскен бетте бірден берсе дұрыс болар еді. Бұл шаруаны жеңілдетудің жолдары талай рет қарастырылды. Бірақ сыртқы істер министрлігінің мамандары европалықтардың тәртібін өздеріне қайтарайық деп ойлайтын сияқты. Меніңше, виза алу жеңілдетілсе, Қазақстанға Батыстан еңбек мигранттары жөңкіле жөнеледі деген қауіп жоқ сияқты, - дейді Дагмар Шрайбер.

ЭКОАУЫЛДАР

Қазақстанның туристік қауымдастығында жұмыс істейтін Дагмар экологиялық туризмді дамытуға көмектесіп жүр.

– Экотуризмнің мәні - туризм мен әлеуметтік-ағарту жүйесін ұштастыра жүргізу. Әдетте турист қаланың у-шуынан тыс жерде демалғысы келеді. Бірақ қонақ үйлер тұрғызылса, табиғаттың көркі бұзылады. Туристер демалатын әлгі табиғи орындардың іргесінде ауылдар бар. Егер ауыл тұрғындарын туризм саласындағы жұмысқа тартсақ, олар еңбек етіп, ақша табар еді, - дейді Дагмар Шрайбер.

Көлсай көлі. Алматы облысы, Райымбек ауданы, 9 маусым 2012 жыл.

Көлсай көлі. Алматы облысы, Райымбек ауданы, 9 маусым 2012 жыл.

Ол Қазақстандағы мұндай экоауылдарды да атап шықты: Оңтүстік Қазақстанда – Ақсу-Жабағалы қорығы, Алматы облысында – Көлсай көлдері, Ақмола облысында – Қорғалжын қорығы, ал Қарағанды облысында экомұражай жұмыс істейді.

– Экотуризмге лайықталған мұндай ауылдар басқа елдерде 1980 жылдан бері бар. Қазақстанға бұл идея соңғы он жылдың орта шенінде ғана келді, - дейді Дагмар Шрайбер.

Экологиялық туризмді дамыту ниетін Қазақстан үкіметі өз бағдарламаларында жыл сайын жариялайды. Кейбір облыс әкімшіліктері берген уәделердің көбі құр сөз күйінде қалды. Бұған олар әдетте әлемдік қаржы дағдарысын сылтауратады. Қазақстанда экотуризмді нақты дамытумен негізінен мемлекеттік емес ұйымдар ғана айналысып келеді.

ЖОЛ МЕН КӨЛІК МАШАҚАТЫ

Дагмар өзінің көшпендіге айналғанын айтады. Бірақ Қазақстандағы жолдардың жайы мен қоғамдық көліктің қызметіне көңілі толмайды.

– Автобустар өте сирек жүреді. Іші - лас, жүргізушілері – көргенсіз. Қорқып отырасың. Жолдардың жайы да сұмдық. Жаяу адам жан-жағына жалтақтап, үрейленіп жүреді, - дейді Дагмар Шрайбер.

Аягөз-Қарауыл тасжолының ойылған тұсы. Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 27 сәуір 2011 жыл.

Аягөз-Қарауыл тасжолының ойылған тұсы. Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 27 сәуір 2011 жыл.

Шетелдік әйел жұрттың әкімдікке барып, жолдарды жөндеуді талап етпейтініне таң қалады.

- Әкімдіктер халықпен араласпаса, оның мұң-мұқтажынан қайдан хабары болсын, - дейді Дагмар Шрайбер.

Дагмар жұмыс істейтін туристік қауымдастық Қазақстандағы экотуризмді дамыту үшін демеушілерді шеттен тартады. Оның айтуынша, «Қазақстанның өзі бұл саланы мүлде қолдамайды».
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG