Accessibility links

Оппозициялық басылымның айласына билік айыппұл салды


"Голос республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 12 желтоқсан 2012 жыл.

"Голос республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 12 желтоқсан 2012 жыл.

«Голос республики» газетінің бас редакторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал оппозициялық газет өкілі «Билік басылымды жауып қана қоймай, журналистік ұжымның жұмысына тыйым салып отыр» дейді.

Желтоқсанның 12-сі күні оппозициялық «Голос республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачеваға 10 айлық есептік көрсеткіш (16 мың 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

«ЖУРНАЛИСТІК ҰЖЫМ ЖҰМЫСЫНА ТЫЙЫМ САЛДЫ»

Алматының әкімшілік соты бұл шешімін «Медеу аудандық сотының қаулысын орындамады» деген негізде шығарған.

Медеу аудандық соты «Голос республики» газетінің шығуына, ондағы мақалалардың өзге де жолмен таралуына тиым салған еді. Осылайша «Голос республики» газетінің материалдары оппозициялық «Азат» газетінде жарияланғаны «заңға қайшы» деп танылды.
"Голос республики" газетінің журналистері. Алматы, 12 желтоқсан 2012 жыл.

"Голос республики" газетінің журналистері. Алматы, 12 желтоқсан 2012 жыл.


- Татьяна Трубачеваны әкімшілік кодекстің 524-бабы бойынша айыпты деп танып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды сұраймын, - деді сотқа қатысқан прокурор Ренат Ашеков.

Прокурордың бұл өтінішін судья Берік Күзембаев қанағаттандырды. Ал процестен шыққан Татьяна Трубачева бұл шешіммен келіспейтінін айтты.

- Бұл - бұрын-соңды болмаған жағдай. Себебі, газетті жауып тастауымен қоймай, журналистік ұжымның жұмысына тыйым салып отыр, - деді Азаттық тілшісіне Трубачева.

ЖАБЫЛҒАН БАҚ-ТЫҢ АМАЛДАРЫ

Қарашаның 21-і күні Алматы қалалық прокуратурасы соттан сегіз оппозициялық БАҚ пен 23 сайтты, оның ішінде «К-плюс» телеарнасын, «Взляд», «Голос республики» газеттері мен «Голос республики», «Стан-ТВ» интернет-порталдарын және оларға тиесілі деп сипатталатын ондаған ресурстарды жабуды сұраған еді.

2012 жылы Қарашаның 26-сы күні сот «Взляд» газетінің жұмысына тыйым салу туралы шешім шығарды. Желтоқсан айының басында ұжым заңның «таралымы 100 данаға толмайтын басылымның тіркелуі міндетті емес» деген қағидасына сүйене отырып, «НеВзляд» газетінің 99 данасын шығарды. Полиция оны да тәркілеген соң журналистік ұжым «Взбрык» газетін шығаруға көшті.
Қазақстандық «Азат» оппозициялық газетінің электрондық нұсқасы. 30 қараша 2012 ж.

Қазақстандық «Азат» оппозициялық газетінің электрондық нұсқасы. 30 қараша 2012 ж.


Қараша айының соңында «Голос республики» газетінің жұмысына тыйым салынды. Қарашаның 27-сі күні тыйым салынған оппозициялық «Голос Республики» газетінің электрондық түрде шыға беретінін» газеттің бас редакторы Татьяна Трубачева хабарлады. Қарашаның 30-ы күні «Голос республики» газетінің материалдары оппозициялық «Азат» газетінде жарияланды.

Желтоқсанның 4-і күні Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Guljan.org сайтына Қазақстан аумағында қызмет етуге үш ай мерзім тыйым салды. Жабылып қалған сайттың материалдары Guljan.info сайтына шыға бастады. Ал желтоқсанның 21-і күні сайт редакциясы «Адам» деген апталық басылым шығаратындарын мәлімдеді.

Желтоқсанның 4-і күні Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында Stan.tv (Қазақстандағы сайт атауы – Stan.kz) ақпараттық бейнепорталына қатысты сот өтіп, жұмысына тыйым салынды. Бірақ Stan.kz порталының басшылығы сотқа қатыспады. «Өйткені, прокуратура шағымында Stan.kz деп көрсетілген. Құжат бойынша ондай тіркелген ұйым жоқ. Ресми тіркелген - Stan-production» деді олар. Әзірге Stan.kz сайты ашылып тұр.

2012 жылы желтоқсанның 7-сі күні АҚШ-тың Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) «Оппозициялық ақпарат құралдарының жабылуы - цензура» деп мәлімдеп, Қазақстанды азаматтардың тәуелсіз ақпарат алу құқықтарын шектемеу туралы міндеттемелерін орындауға шақырды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG