Accessibility links

Білімді жас үшін оқуға түсудің жолы көп


Cтуденттерге мұғалімдер "Қазақстанның тұңғыш президенті" сабағын өткізді. Студенттер Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі туралы фильмді көріп отыр. Алматы, 15 наурыз 2011 жыл.

Cтуденттерге мұғалімдер "Қазақстанның тұңғыш президенті" сабағын өткізді. Студенттер Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі туралы фильмді көріп отыр. Алматы, 15 наурыз 2011 жыл.

«Елде тегін білім гранттарын ұсынатын ұйымдар санаулы ғана. Бірақ мүгедек немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан дарынды жастарға біраз мүмкіндіктер бар» дейді мамандар.

Көптеген елдерде дарынды жастардың білім алып, қабілеттерін дамытуына әлеуметтік жағдайы да, денсаулығының нашарлығы да кедергі бола алмайды. Себебі ондай жастарға мүмкіндік беретін қайырымдылық қорлары көп. Бірақ мамандар Қазақстанда білім қорларының аз екенін айтады.

«МҰНДАЙ ҚОРЛАРДЫҢ БАРЫНА ҚУАНАМЫН»

Жезқазған қаласының тұрғыны, 20 жастағы Жанболат Сейітмағанбетов кішкентай кезінен байланысшы болуды армандағанын айтады. Осы арманын жүзеге асыру үшін колледжге түскен кезде ата-анасы ажырасып, Жанболат сыртқы бөлімге ауысып, жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Сәтпаев қаласындағы "Қазақмыстың" технологиялық колледжінің студенттері сабақта отыр. (Көрнекі сурет)

Сәтпаев қаласындағы "Қазақмыстың" технологиялық колледжінің студенттері сабақта отыр. (Көрнекі сурет)


Колледжді жақсы тәмамдағанын айтқан Жанболат қазір жоғары білім алғысы келеді. «Бірақ көп мәселе қаржыға қарап тұр» дейді ол.

- Әке-шешем бөлек тұрады. Сондықтан жұмыс істеуіме тура келеді. Бұл - бір. Екіншіден, әкем - екінші топтағы мүгедек. Өзім жұмыс істегеніммен, оқуға түссем, екеуін де қатар алып жүру қиын болады. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» демекші, алдымен жас кезде оқып алған дұрыс қой. Сондықтан қазір білім грантын ұсынатын қорлардың көмегіне жүгініп отырмын. Мұндай қорлардың барына да қуанамын, – дейді Жанболат Сейітмағанбетов.

ТӘТІШЕВ ҚОРЫНЫҢ ГРАНТЫ

«Ержан Тәтішев атындағы қордың» бағдарлама үйлестірушісі Әлия Сланованың айтуынша, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыдан шыққан немесе балалар үйінде тәрбиеленген талантты жастар қорға өтініш беріп, тегін білім грантына ие бола алады.

Бұл қор жыл сайын мектеп түлектері мен колледж бітірген жастарға бес-алты грант бөледі.

- Бұл балалардың тек үш мамандық бойынша - қаржы, экономика, банк саласы бойынша оқуларына мүмкіндік бар. Олар ҚМЭБИ, Халықаралық бизнес университеті немесе Халықаралық бизнес академиясынының біреуін таңдайды. Оларға ай сайын стипендия беріледі, басқа қалалардан келген балалар болса, жатақхана беріледі, - дейді Әлия Сланова.

Оның айтуынша, қор мүгедек жастарға да білім гранттарын ұсынады.

- Жыл сайын он шақты грант бөлінеді. Өтініш беріп, байқау негізінде өткен мүмкіндігі шектеулі жастар өздері тұрып жатқан қалалардан колледж таңдай алады, - дейді Әлия Сланова.

АҚШ КОНСУЛДЫҒЫНЫҢ БІЛІМ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

Алматы қаласындағы АҚШ бас консулдығының білім бағдарламаларының үйлестірушісі Әсият Сүлейменованың айтуынша, консулдықта қабілетті жастарды қолдайтын шағын бағдарламалар бар.

Мектеп оқушыларына арналған FLEX (Future Leaders Exchange) бағдарламасы арқылы жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен жүзге тарта оқушы жиналып, АҚШ-қа барады.
FLEX бағдарламасымен АҚШ-та оқу үшін емтихан тапсырып отырған оқушылар. Тәжікстан, 8 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

FLEX бағдарламасымен АҚШ-та оқу үшін емтихан тапсырып отырған оқушылар. Тәжікстан, 8 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)


- Олар бұл бағдарлама арқылы АҚШ-қа барып, бір жыл бойы сондағы мектептерде оқып, америкалық отбасыларда тұрады, - дейді Әсият Сүлейменова.

Оның айтуынша, бұл бағдарламаға балалар үйінде тәрбиеленген оқушылар да қатысып, кейбірі жеңімпаз атанған.

- Осыдан бес-алты жыл бұрын Ақтөбеде тұратын бір бала өтініш берді. Оның әке-шешесі, туыстары да жоқ болатын. Америкаға барар сәтте ол Ақтөбе маңындағы Алға селосындағы балалар үйінде болды. Байқауға сонда жүріп өтініш берді. Алғырлығының арқасында байқаудан өтіп, АҚШ-қа кетті. Басында балалар үйінің директоры баланы жіберуге қарсы болды. Білім министрлігіне, тағы басқа ұйымдарға өтініш жазып жүріп жібердік, – дейді Әсият Сүлейменова.

Әсият Сүлейменованың сөзіне қарағанда, қазақстандық студенттер Global Undergraduate Exchange Program бағдарламасы арқылы АҚШ-қа бара алады.

- Бұл бағдарлама бойынша студенттер бір академиялық оқу жылына АҚШ-қа барып, колледж немесе университетте оқи алады. Бірақ ол ешқандай да дәреже алмайды. Бұл тек қана Американың университетінде оқуға мүмкіндік береді, тәжірибе алғанға жақсы. Бұған қоса студент ондағы жоғары білім жүйесімен, мәдениетімен, географиясымен танысады, - дейді Әлият Сүлейменова.

АҚШ консулдығы өкілінің айтуынша, АҚШ-та магистрлік дәреже алғысы келетін жастар Fulbright Foreign Student бағдарламасына қатыса алады.
Fulbright Scholarship бағдарламасының логотипі.

Fulbright Scholarship бағдарламасының логотипі.


- Егер өтініш беруші өте талантты болса, өзінің сол қабілетін интервью кезінде көрсете алса, дайындық деңгейі жоғары болса, қызықты жоба ұсынып, мақсаттары айқын болып, осы бағдарламадан өтсе - ондай жас жарты жыл бұрын АҚШ-қа барып, интенсивті түрде тіл үйрету курстарын да оқи алады, - дейді Әсият Сүлейменова.

Оның айтуынша, АҚШ консулдығының бұл бағдарламалары - жастардың кепілге қоятын мүлкі бар ма, жоқ па, мүмкіндігі шектеулі ме, жоқ па - оған қарамайды.

«Мұнда тек адамның жеке қабілетіне ғана көңіл бөлінеді» деген Әсият Сүлейменова жоғарыда аталған гранттар өте шектеулі екенін, көбісінің оннан аспайтынын да ескерте кетті.

«БОТА» МЕН КОМПАНИЯЛАР ГРАНТЫ

«Бота» қайырымдылық қорының өкілі Айнель Қайназарованың айтуынша, қор биылдан бастап колледжге түскісі келетін 11-сынып түлектеріне білім гранттарын ұсынып жатыр. Жоғары оқу орнының 2-3 курстарында оқып жатқан, бірақ оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ студенттер де «Бота» қорының білім гранттарына өтініш бере алады.

- Бұл байқауға өтініш беру сәуірдің 13-інде аяқталады. Жыл сайын байқау ақпан айынан басталады. Жастардың бәріне «ақпан айынан бастап хабарласа беріңдер» деп айтып жүрміз. Немесе қордың сайтына кіріп, байқау туралы мәлімет алуға болады, - дейді Айнель Қайназарова.
Cameco Corp компаниясы уран кенішінде ядролық отын өндіруді екі есеге арттырмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Тайқоңыр елді мекенінің қасындағы уран өндірісі. 5 маусым 2010 жыл.

Cameco Corp компаниясы уран кенішінде ядролық отын өндіруді екі есеге арттырмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Тайқоңыр елді мекенінің қасындағы уран өндірісі. 5 маусым 2010 жыл.


Уран өндіруші Cameco компаниясының Қазақстандағы өкілдігі «Камеко Казахстан» да осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын жастарды қолдау стипендиясына өтініш қабылдау басталғанын хабарлады.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл стипендиялық бағдарлама тек металлургия немесе геология мамандығын игергісі келетін, оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ жастарға арналған.

- Бір ескерте кететін нәрсе, біз жастардың университетке түсуіне көмектеспейміз. Оқу орнына талапкердің өзі түсуі керек. Ең болмағанда ақылы бөлімге түсіп, бізге оқуға түскені жөнінде құжатын көрсетуі тиіс. Мұнан кейін байқау болып, арнайы комиссия кімнің лайықты екенін таңдайды, - дейді компанияның Анар есімді қызметкері.

Ал «Қазақстан-Сорос» қоры «қазіргі кезде білім гранттарын ұсынбайтынын, есесіне жастардың қызықты жаңа идеяларын, жобаларын қолдауға әзір екенін» айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG