Accessibility links

Жаңа жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданының Толқын ауылында 131 бала мектепке бармаған


Толқын тұрғындары Күләш Әли мен Баяхмет Абдулла. Алматы, 4 ақпан, 2009 жыл.

Толқын тұрғындары Күләш Әли мен Баяхмет Абдулла. Алматы, 4 ақпан, 2009 жыл.

Алматыдан 80 шақырым жерде жатқан Толқын ауылындағы мектеп ғимаратында желтоқсанның 25-інен бері жарық та, жылу да жоқ. Ата аналар балаларын жылу берілмейінше сабаққа жібермейміз десе, мұғалімдер оқушылар оқу бағдарламасынан артта қалатындығын айтып әлек. Ал Еңбекшіқазақ ауданы білім беру бөлімінің басшылығы мектептегі жағдайды реттеудің қолға алынғандығын айтқан еді.

Толқын ауылындағы мектепте 25 жыл бойы математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келе жатқан Күләш Әлидің сөзіне қарағанда, үшінші тоқсанның басынан бері мектепте оқитын 131 бала сабаққа қатыспаған.

- Басты себеп – мектеп суық. Балалардың көбісі тұмаумен ауырып қалды. Сонымен қатар, біздің ауылда жарықты да шектеп тастады. Жарық кешкі 5-тен таңғы 9-ға дейін өшіп тұрады. Сондықтан ата-аналар балаларын оқуға жібермей қойды.

Күләш Әли мен ата-аналар бір апта бойы басшылыққа наразылық білдіріп, балаларды сабаққа жібермегендерін айтты. Одан кейін оқу бағдарламасынан қалмасын деген мақсатта мұғалімдер үйді-үйге барып, ата- аналармен әңгімелескен екен. Қазіргі таңда мектепке таңғы 5 тен бастап пеш жағылады да түске дейін ғимараттың іші жылынған соң, оқушыларға бір ауысымда сабақ өтуде. Алайда Күләш Әлидің айтуынша, жарық пен жылу мәселесі өз алдына, 1974 жылы салынған мектеп бүгінде қирау алдында тұр.

- Мектебіміз 2 қабатты, күрделі жөндеуден өтпегелі 20 жылдан асты. Мектепке кіре берістегі түсіп кетейін деп тұр. Оның бетін жыл сайын сырлап қана қояды, ал егерде оның үстімен оқушылар қатты секіріп қалса, ағашы сынып, аяқтарын жарақаттап алуы да ғажап емес. Сонымен бірге спорт залының да едені шіріп, жылу беретін батареялар да жарылып тұр. Бізге мектеп басшылығы жыл сайын оқушылардан 300 теңгеден, ал мұғалімдерден 500 теңгеден жинатады. Бірақ ол ақша кабинеттерді сырлауға ғана жетеді.

Мән- жайды білу үшін, мектеп директоры Ақынжан Ерғожаевқа хабарласқанымызда ол кісі орнында болмай шықты. Ал Еңбекшіқазақ аудандық білім беру бөлімінің бастығы Қуат Байғожаевтың айтуынша, мектепте жылуды қамтамасыз етуге жеткілікті дизель отыны бар.

- Мекеменің көлеміне қарай әр мектепке лимит беріледі. Сол сынды бұл мектепке де 16 тонна дизель отыны берілген, сондықтан бұл жерде мектептің суық болуы мүмкін емес. Ал ауылда жарықтың жыл басында болмағаны рас. Себебі тұрғындар тиісті төлемдерді төлемеген.

Толқын ауылының тұрғындары, әр отбасы ай сайын 1000 – 1300 теңгеден суға, онымен бірге жарыққа да тұрақты төлемдердің жүргізіліп отыратындығын алға тартуда. Соған қарамастан, ауылдың тұрмысы мәз емес.
"Ар.Намыс" бірлестігінің жетекшісі Ғалия Әміртаева мен" Болашақ" қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұратов. Алматы, 4 ақпан, 2009 жыл.


-Ауылымызда су мен электр жарығына қатысты көптеген қиындықтар туып отыр. Биыл жарық бір айдай болған жоқ, соның кесірінен суымыз да қатып қалды. Одан кейін ол мүлдем тоқтап қалды. Енді біз ауыл болып суды тасып ішіп отырмыз. Сол судың не үшін тоқтап қалғандығын сұрастырсақ, біздің ауылдың қарызы бар көрінеді. Бірақ біз ай сайын тиісті әр адам басына 250 теңгеден төлеп келеміз ғой – дейді ауылдағы ақсақалдар алқасының мүшесі Баяхмет Абдулла.

Ал Толқын ауылының мұңын мұңдап жүрген, мұғалімдер мен оқытушылардың мүддесін қорғайтын республикалық «Ар.Намыс» қоғамдық бірлестігі бұл істі аяғына дейін жеткізуге бел буып отыр. Осы мақсатта олар ауыл тұрғындарымен, республикалық «Болашақ» жастар қозғалысымен бірігіп, Алматы облысының әкіміне, білім және ғылым министріне, еңбек және әлеуметтік қорғау министріне үндеу жолдады. Егер 1 ай көлемінде еш өзгеріс болмаса, басқа да шараларды қолға аламыз дейді үндеу ауторлары мен ауыл тұрғындары.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG