Accessibility links

Қазақстанда 2,5 миллионнан астам мектеп оқушысы жаңа оқу жылын бастады


Алматының №12 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылы басталды
Алматының №12 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылы басталды

Ресми мәліметтер бойынша биыл 296 мың 584 бүлдіршін мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттады. Оқу жылының ерекшелігі Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мектеп бағдарламасына “Дін тану негіздері” пәнін енгізіп отыр, ол 9 сынып оқушылары үшін міндетті факультативті курс ретінде жүргізілмек.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде Алматы қаласы бойынша ең жоғары ұпай жинаған Ш Уәлиханов атындағы № 12 мектеп гимназиясында да таңертеңнен Білім күні салтанатты жағдайда басталып кетті.

65 жылдық тарихы бар Ш Уәлиханов атындағы № 12 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Төлекова Азаттық радиосына биылғы мектепке қабылданған оқушылар санының ерекше көп екенін әңгімелеп берді.

- Мүмкін балалардың өсімі жоғары шығар. Биыл біздің мектепте жаңадан алты сынып ашылды. Балалар өте жақсы. Сондай –ақ жас ұстаздарды да жұмысқа қабылдадық. № 12 мектеп Ұлттық бірыңғай тестілеуде Алматы қаласы бойынша ең жоғары ұпай жинаған еді, мектепті Алтын белгіге бітірген түлектеріміз де үмітімізді ақтады,-дейді Гүлнар Төлекова мақтанышпен.

Жыл сайын 1 қыркүйек күні мектебімізге сағыныш арқалап жетеміз, кішкентайлар үшін салтанатты түрде алғашқы қоңырау соғылады. Мұның бәрі жаңа оқу жылын жақсы көңіл- күймен бастауға әсер етеді дейді осы мектептің 9 сынып оқушысы Жадыра Әлібекова:

- Білім күні біздің мектепте әрдайым салтанатты түрде өтеді. Көптеген қонақтар келіп құттықтайды. Біздің мектепті бітірген балалар шет елге де барады. Он бірінші сыныпты бітіргендердің 20 –сы бірдей грантқа түсті,-деді Жадыра Әлібекова.


Ал екі баласы да мектеп жасындағы Айнагүл Есімбекова балаларын мектепке даярлау қымбатқа түскенін айтады:

- Ең аз сомаға есептедім. Үлкен ұлымның сөмкесі мен оқу құралдарын есептемегенде, мектеп формасы мен аяқ киімінің өзі жиырма мың теңгеге дейін жетті. Ал кіші ұлымдікі одан аздау,- дейді ол.

Айнагүл Есімбекованың сөзіне қарағанда, әр оқу жылы басталғанда шешімін таппай келе жатқан оқулық мәселесі қайта көтеріледі.

- Қанша жыл осы мектепте ата-ана болып келе жатырмын. Бесінші сыныпқа көшкен менің 3-ші балам оқулықтар алды бірақ, бәріне бірдей жете бермейді. Жетпеген оқулықтарды сатып аламыз. Жылда осылай болады. Оқулықтарды «Ата мұра» баспасынан сатып алса арзандау. Ал базардан алса 200-300 теңгеге қымбатқа түседі,- деді Айнагүл Есімбекова.

Білім күнін атап өтіп жатқан жұртшылық өздерінің тілек –лебіздерін де айтып жатты.

№ 12 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Төлекова ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, шәкірттер елінің нағыз патриоты болуына тілек білдірсе, жоғарғы сынып оқушылары бірінші сыныпқа келген бүлдіршіндерге сәт сапар тіледі.
XS
SM
MD
LG