Accessibility links

Хосни Мүбәрәкті сотқа тарту дұрыс па, бұрыс па?


Хосни Мүбәрәк сот алдында жауап беріп жатыр. Каир. 3 тамыз 2011 жыл.

Хосни Мүбәрәк сот алдында жауап беріп жатыр. Каир. 3 тамыз 2011 жыл.

Jerusalem Post басылымы АҚШ ұлттық қауіпсіздік консулдығы Таяу Шығыс бөлімінің бұрынғы бастығы Эллиот Абрамстың Хосни Мүбәрәктің сотқа тартылуына қатысты білдірген ойларын жариялапты. АҚШ өкілі Сирия басшысы Башар әл-Асадтың түбі биліктен кететінін де айтады.


Jerusalem Post («Джерузалем пост») басылымының тамыздың 4-і күнгі санында АҚШ ұлттық қауіпсіздік консулдығының бұрынғы қызметкері Эллиот Абрамс Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәктің соты туралы тоқталады. Ол Хосни Мүбәрәкті қуғындау үлкен қате және Египеттің демократияға қадам басу талабына кері әсер етпек дейді.

МҮБӘРӘКТІҢ СОТҚА ТАРТЫЛУ СЕБЕБІ НЕДЕ?

«Хосни Мүбәрәкті қуғындау - қате. Бірақ егер оны соттайтын болса, оған кім кешірім жасайды? Сіз Египеттің келесі президенті болсаңыз, мұндай қадамға барар ма едіңіз? Бұл көптеген адамдардың ашу-ызасын келтіреді» дейді АҚШ өкілі.

«Мүбәрәктің арбада отырғанын көру адамды есінен тандырады, жағдайы мәз емес. Бұдан бір жыл бұрын осылай болады деп кім ойлаған? Египеттіктердің көпшілігі шынымен осылай болғанын қалай ма? Олар бұл мемлекетке қажет деп санай ма? Жазалау керек деп отырған адамдар көп. Бірақ олар нақты қанша, 75 пайыз ба, әлде екі ақ пайыз ба?» дейді ол.

Таяу Шығыс мәселелері бойынша маман:

- Қазіргі билікті орнынан түскен президентті сотқа тартуға екі нәрсе итермелеп отыр: жемқорлық пен жәбірлеуге құрылған бұрынғы режимге деген халықтың ашу-ызасын басу және сол арқылы өздерін де сондай айып тағылудан сақтап қалу, - дегенді айтады.

«Халықтың көпшілігі Мүбәрәктің жазалануын қалайды. Бірақ меніңше, басқалары «егер Мүбәрәк жазаланса, өзіміз жазадан құтылып кетеміз» деген сенімде. Мүбәрәк пен оның ұлдарының тордың ар жағында отырғанын көріп, олардың айызы қанады. Әскерилер мен бұрынғы үкіметтің көптеген мүшелері үшін Мүбәрәк «құрбандыққа шалынды» дейді Абрамс.

БҰРЫНҒЫ БАСШЫНЫҢ БАСТЫ «МҰРАСЫ»

Абрамстың айтуынша, Хосни Мүбәрәк жасаған нақты қылмыс - оның Египетті 30 жыл билеп, мемлекетте «Мұсылман бауырлары» ұйымын жалғыз қуатты ойыншы етіп қалдырып кеткендігі. Бұл - Египеттің болашағына қарсы үлкен қылмыс. Өткен он жыл бойына Мүбәрәк «Мұсылман бауырлары» ұйымының көзін жояға тырыспады.

- Хосни Мүбәрәк «Мұсылман бауырлары» қозғалысына: «Сендер парламентте 150 емес, 80 орынға ие бола аласыңдар» деп келеке етіп ойнайтын. Египет осы 30 жылда тұрақты, қалыпты үкіметпен расымен де алға ілгерілейтін еді. Бірақ Мүбәрәктің кесірінен олай болмады, - дейді Эллиот Абрамс.

«Мұсылман бауырлар» қозғалысы сөзсіз миллиондаған египеттіктерге үндеу тастайды. Бірақ бұл египеттіктер «Мұсылман бауырлар» қозғалысының басқаруындағы мемлекетті қалай ма? Египеттіктер Сауд Арабиясы сияқты елде өмір сүргілері келе ме? Египет халқы «Мұсылман бауырлар» қозғалысының қаншалықты радикалды екендігін түсінбеген бе? Әлде олар бұл қозғалысты жалғыз әділетті партия ретінде біле ме?

- «Мұсылман бауырлар» - ұйымдасқан қозғалыс. Басқалары енді ғана оянып жатыр және олардың ұйымдасуы үшін бес, я он жыл уақыт кетеді, - дейді АҚШ өкілі.

СИРИЯДА ҚАНТӨГІСТІ БОЛДЫРМАУҒА СУННИТТЕР ЖАУАПТЫ

АҚШ ұлттық қауіпсіздік консулдығы Таяу Шығыс бөлімінің бұрынғы бастығы Эллиот Абрамс халық толқуы болып жатқан Сирияға қатысты "бастан-аяқ қаруланған Башар әл-Асадтың күні таяу, тек енді оның режимі қанша уақытқа созылатыны белгісіз" дегенді айтады.

«Башар әл-Асад режимінің қанша уақытқа шыдайтынын білмеймін» дейді ол.

- Біз АҚШ-та мұның қалай да кеш емес, ерте болып кетуін ойластыруымыз керек. Себебі ол ұзаққа созылса, діни соғыс болып кетеді. Ол жарты, бір немесе бір жарым жылға созылуы мүмкін. Бірақ ерте ме, кеш пе армияға сызат түсіп, оппозицияның ұйымшылдығы арта береді, - дейді Абрамс.

Тамыздың 2-сі күні Обама әкімшілігі Башар әл-Асадтың азшылықты құрайтын әлеуидтер діни бағытының генералдарымен сөйлесіп, егер Башар әл-Асад биліктен кеткен жағдайда көпшілікті құрайтын сунниттер тарапынан жазалау болмайтынын айтып сендіруге шақырғанын жазады Jerusalem Post.

Абрамс Дамаскіге қарсы санкция енгізу тиімді болатынын айтыпты. Бірақ Вашингтон санкция тиімді болу үшін аймақтағы өзге елдерді де тартып жатыр. Абрамстың ойынша, наразылық танытушылар Башар әл-Асад режимін құлата алса, қантөгістің алдын алатын - АҚШ емес, сүнниттердің өздері болу керек.

- Америкалықтар мен еуропалықтар сунниттермен, яғни наразылық танытушылар және оппозициямен сөйлесіп, оларға "Бұл - діни соғыс емес, Башар әл-Асадтың сыбайластарына қарсы наразылық. Біз әлеуидтерге қарсы ешнәрсе істемейміз" деп айтқызу керек, - дейді АҚШ ұлттық қауіпсіздік консулдығы Таяу Шығыс бөлімінің бұрынғы бастығы Эллиот Абрамс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG