Accessibility links

Қасиетті жұмада отыз күн Ораза басталады


Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі (оң жақта) мен Алматыдағы орталық мешіттің бас имамы Құлмұхаммед Махамбет. Алматы, 17 тамыз, 2009 жыл.
Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі (оң жақта) мен Алматыдағы орталық мешіттің бас имамы Құлмұхаммед Махамбет. Алматы, 17 тамыз, 2009 жыл.

Барша мұсылмандар үшін қасиетті жұма күні тамыздың 21- інде Қасиетті Рамазан айы басталып, дін мұсылман баласы 30 күнге ауыз бекітпек. Науқастанып жүргеніне қарамастан Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі де ораза ұстайтындығын айтады.

МҰСЫЛМАННЫҢ БЕС ПАРЫЗЫНЫҢ БІРІ - ОРАЗА ҰСТАУ

«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарында жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Аллаһ сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» - делінген «Бақара» сүресінің 185 -аятында.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі биылғы Рамазан айы әдеттегідей 29 емес 30 күнге созылады дейді.
Алматыдағы орталық мешітте жұма намазға жиналған жамағат, Алматы, наурыз, 2009 жыл.


- Ислам - күн тізбесімен емес, ай тізбесімен жүреді. Күнтізбесінде 365 күн бар болса, ай тізбесінде 354 күн бар. Ай тізбесі бойынша алдыңғы 6 ай 29 күнге, ал қалған 6 ай 30 күнге толады. Соған сәйкес, биылдан бастап 30 күндік цикл бастау алды, – дейді бас муфти.

Әңгіме барысында бас муфти өзінің науқасына қарамастан (қант диабетіне) Ораза ұстауға ниет етіп отырғандығын айтады.

- Мен де Алланың ризашылығына ие болғым келеді, сондықтан мен де ораза ұстаймын деген ниеттемін, – деді Әбсаттар қажы Дербісәлі.


МЫҢ ТҮНГЕ ПАРА-ПАР- ЛӘЙЛӘТҮЛ ҚАДЫР ТҮНІ

Қасиетті Рамазан айы – 11 айдың сұлтаны, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбеттерінің айы екендігін еске салған Бас муфти, осы бір айда барша мұсылман өз-өзін түзетуге тырысу керектігін айтады. Рамазан айында тек ішіп-жеуден ғана емес өзгеге ғайбат айту, қолмен немесе оймен жаманшылық жасауға тиым салынады.

Аталмыш айда мың түнге пара-пар Исламдағы қасиетті түндердің бірі - Қадыр түні қыркүйектің 15-інен 16-сына қараған түні болмақ.

- Ләйләтүл-қадыр, яғни Қадыр түнiн қазақ ежелден «Қадыр ата (Қызыр баба) қасиеттi түнi келiп, несiбемiздi жазып кетедi, айтқан тiлектерiмiздi орындайды» деп сенген. Шынында да, мыңдаған айлардан артықшылығы мол, қасиетi басым осы түнi исi мұсылман Алла тағалаға құлшылық етiп, тiлек тiлеуден жалықпауымыз тиiс, - дейді бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі.

БИЫЛ ПІТІР САДАҚА 100 ТЕҢГЕ

Рамазан айында барша мұсылман пітір садақа беруі тиіс. Пiтiр садақасы – дененiң зекетi немесе нисап мөлшерiндегi байлыққа ие (85 грамм алтын) мұсылманның беруi тиiс садақасы. Садақаны ораза басталысымен беруге болады.

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы тарапынан биыл бекiтiлген бiр пiтiр садақаның көлемi Алматы қаласында 100 теңге (2 келі бидай құны). Ескеретiн жайт, қазiргi нарық талабына сәйкес, пiтiр садақаның мөлшерi де республиканың әр жерiнде әрқалай болады. Аяғы ауыр әйелдер, жазылмайтын дертке ұшырағандар мен денсаулығы жарамайтын адамдар ауыз бекiтпей-ақ, ораза ұстауға мiндеттi әрбiр күнi үшiн пiтiр-садақа беруге болады. Аллаһ Тағала бұл туралы: «Ораза ұстауға шамасы келмейтiндер бiр жарлының тамағын төлесiн» дейдi (Бақара сүресi, 2/184).

ОРАЗАДА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

1948 жылы Араб елдерiнiң бiрiндегi әл-Әзхар университетiнiң Фәтуа комиссиясы арнайы қаулы шығарған. Бұл қаулыда «Оразаны бiле тұра әдейi бiр нәрсенi iшiп-жеу, жыныстық қатынас жасау, әдейiлеп құсу бұзады» делiнген.

Егер адам ораза ұстап жүргенiн ұмытып кетiп, аузына ас салса немесе жыныстық қатынаста болып қойса, ораза бұзылмайды. Түтiн, шаң, қар түйiршiктерi мен жаңбыр тамшылары сияқты басқа да жеуге жарамайтын, ауаға тез таралып кететiн нәрселердi ерiксiз иiскеу немесе iшке тарту, көзге сүрме жағу (макияж), хош иiстi гүл мен әтiрлердi иiскеу де оразаға зиянын тигiзбейдi. Қан алдыру, сүлiк салдыру, тiс жұлдыру (ауыздағы қан немесе дәрi тамақтан өтiп кетпеуi тиiс), құлаққа және көзге дәрi тамызу, құлаққа су кiру де оразаны бұза алмайды.

Ал мұрынға дәрi тамызса, ораза бұзылып, қазасы өтеледi. Сонымен қатар әйелдер ораза ұстар кезде хайыз бен нифастан таза болуы шарт. Олай болмаған жағдайда ғұсыл дәретiн алғаннан кейiн ораза жалғастырылып, кейiн хайыз болған күндердiң қазасы өтеледi.

ТАРАУИХ НАМАЗЫ

Тарауих – Рамазан айына ғана тән 20 рәкаттық намаз. Ол «тынығу, демалу, рахаттану» деген мағынаны бiлдiредi. Рамазан айында Тарауих намазын оқу Ислам рәмiзiне жатады. Пайғамбар (с.ғ.с.) «Кiмде-кiм Рамазан намазын (тарауихты) шын көңiлiмен сауабын Аллаһтан күтiп оқыса, оның өткен күнәлары кешiрiледi» деп үмбеттерiнiң сауабы мол намазды оқуға деген құлшынысын арттыруға тырысқан. Тарауих намазы биыл 20 тамыздың кешінен басталмақ.
XS
SM
MD
LG