Accessibility links

Құрбан айтта имандылыққа бет бұрған жастар да, қайыр сұрайтын мүсәпір жандар да бір жасап қалды


Құрбан айт мейрамының бірінші күні Алматының орталық мешіті алдында қайыр сұрап отырған мүгедек міскін. 27 қараша 2009 жыл.

Құрбан айт мейрамының бірінші күні Алматының орталық мешіті алдында қайыр сұрап отырған мүгедек міскін. 27 қараша 2009 жыл.

Құрбан айт халықты татулыққа, сыйластық пен имандылыққа және қайырымдылыққа шақыратын мереке. Қазақстанның түкпір-түкпірінде үш күнге созылатын ұлық мейрамды атап өтіп, құрбандық шалатын жастар да, шенеуніктер де көбейе түскен.


ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Құрбандық Алланың атымен құрбан Айт намазынан кейін шалынады. Құрбандыққа таңдалынып алынатын мал ауру-сырқаудан аман, басы бүтін мал болуы керек. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы шалынады.

Құрбандық малының етін үш бөлікке бөлген жөн. Бір бөлігін көрші-қолаң, туыс-тумаларға тарату керек болса, екінші бөлігін тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға беріп, қалған үшінші бөлігі құрбандық шалушы адамның несібесі есебінде өзіне қалады.
Құрбан айт мейрамында мұсылмандар діни дәстүрге сай, құрбандыққа мал шалды. Алматының орталық мешіті. 27 қараша 2009 жыл.


Құрбан айтта 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, ақыл-есі бүтін, жолсапарда жүрмеген әрбір мұсылман баласының құрбандық шалу парызы. Алайда, мұндайға мүмкіндігі жоқ адам тазаланып, таңғы намазға қатысып, ниет етсе құрбандық шалғанмен бірдей сауап болады делінеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Алла құрбандыққа шалынған малдың әр қылтанына сауап жазады дейді.

– Алаға деген ниетімізді білдіру үшін біз құрбандық шаламыз. Алла ешқандай құрбандыққа, немесе оның етіне мұқтаж емес. Жаратушыға біз мұқтажбыз, – дейді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

ЖАҢА ЖЫЛДАН ГӨРІ ҚҰРБАН АЙТТЫ МЕРЕКЕЛЕЙТІНДЕР АРТЫП КЕЛЕДІ

Биылғы жылы құрбан айт қарашаның 27-і күні Алматы уақыты бойынша таңғы 8 сағат 30 минутта айт намазын оқудан басталды. Одан кейін мереке құрбандық шалу рәсімімен жалғасты.
Құрбан айт мейрамының бірінші күні, Алматының орталық мешіті. 27 қараша 2009 жыл.


Азаттық радиосына сұхбат берген Мұхтар Әбдікерімұлы алғаш рет құрбандық шалып отыр. Ол бұрын көпшілік жаңа жыл мерекесін ерекше тойлатса, қазір оның орнын құрбан айт басты дейді.

– Бәріміз Алланың құлдарымыз. Сондықтан, бес уақыт намаз оқып, құрбандық шалып отырмыз. Құдайға шүкір, мешітке адамдар көптеп келіп, мейрамды тойлатып жатыр. Қазір жаңа жыл мерекесінен гөрі, осы құрбан айтты тойлататындар көбейіп кетті. Мен осы күннің мемлекеттік мереке болып жарияланғанына қуаныштымын, – дейді Мұхтар Әбдікерімұлы.

Құрбан айт күндерінде Алматыдағы орталық мешіт жанындағы қайыр сұрайтындар да бір жасап қалады.

Мешіттің маңайына балаларына нәпақы табуға келген жандар арасында құрбандыққа шалынған малдан үлессіз және ескерусіз қалғандары да болды. Жәмила Тұрсынбекова әлемді шарпыған дағдарыстың өз отбасына да әсері тиіп жатқандығын айтып, төрт баланы асырау үшін, мешіт алдында қайыр-садақа сұрауға мәжбүр екендігін жеткізді.

– Балабақшада күзетші болып жұмыс істеймін. Жалақым 13 мың теңге. Ал, жалдап тұратын пәтеріме айына 20 мың теңге төлеймін. Тапқан-таянғанымның бәрі пәтерге кетеді. Осында нәпақамды табуға келдім. Бала-шағамның тамағы мен киім-кешегіне халқым көмектесіп жатыр. Ел-жұртқа алғысымды айтамын, – дейді Жәмила Тұрсынбекова.

Құрбандық шалып, айтшылап жүрген жастар да аз емес. Солардың бірі, студент Мұрат Дайрабаев та таңғы айт намазынан кейін Алматыдағы орталық мешітке келіп, құрбандық шалды. Одан кейін жатақханадағы достарына қонаққа баратындығын айтады.

– Дінге бет бұрып, намаз оқып жатқан жастар көп, солардың бірі өзім. Курстас достарымның арасында құрбандық шалатындары жетіп артылады. Енді бір-біріміздің үйлерімізге қонаққа барамыз, – дейді Мұрат Дайрабаев.

БАС МҮФТИ ЕЛДІҢ ӘЛ-АУҚАТЫ ЖАҚСЫ ДЕП БІЛЕДІ

Қоғамдық көлік жүргізушісі Айдар Майлыбаев құрбан айт күні жұмыста екен, биыл құрбандық та шала алмайды.

– Өзім жұмыста болсам да елдің мешітке қарай ағылып келіп жатқанын көріп, разы болып тұрмын, – дейді Айдар Майлыбаев.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісалы жамағатты Құрбан-айт мерекесімен құттықтады. Алматы, 27 қараша 2009 жыл.


Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі дағдарысқа қарамастан, халықтың құрбандық шалуға жағдайы бар деп ойлайды.

– Мен өзім Қазақстанның түкпір-түкпірінде болып тұрамын. Барлық жерде жайылған дастархан, тоқтық, береке-бірлік. Сондықтан, Нұр ағамыз айтқандай, біз дағдарысты әлі сезіне қоймадық, – дейді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Құрбан айттың алғашқы күні Алматыдағы орталық мешітке барып, құрбандық шалып жатқан адамдардың арасында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, экс-депутат Мұхтар Шаханов, Азат жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Жармахан Тұяқбай сияқты саясаткерлер де болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG