Accessibility links

Президент Н.Назарбаев 2009 жылы мемлекеттік мекемелердегі шығындарға жұмсалатын қаржы көлемін сондай-ақ, қажеттілігі шамалы іс-шаралар мен шетелдік іс-сапарларды қысқарту жөнінде нұсқау берді. Қысқартудың мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына қатыстылығы жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.

Қазақстандық шенеуніктердің жайлы өмірі мен жақсы жалақысы және байлығы турасында тәуелсіз БАҚ та аз айтылып жүрген жоқ. Өткен жылы үлкен дауға айналған, Алматының көрікті жерлеріндегі заңсыз салынған зәулім сарайлардың біразы мемлекеттік қызметтегі лауазым иелерінің меншігі болып шыққанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Ал шенеуніктердің мінген көлігінің өзі қыруар қаржы тұратын көрінеді.

— Мұғалімдер мен дәрігерлердің, зейнеткерлер мен студенттердің ақшасын өсіруге келгенде қаржы жоқ болып шығады. Ал министрлер мен олардың орынбасарларының және әр деңгейдегі әкім-қаралардың мінген көліктері, олардың жалақысына сатып алынатын көліктер емес. Үкіметке қарасты министрліктер мен басқа органдар бір алаңда орналасқан. Ал енді солардың қызметтік көлігінің саны да қисапсыз. Жоғарыдағы көліктердің бағасы мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін бірнеше ондаған адамның жалақысымен бірдей.
Мысалы, депутаттардың бас-басына қызметтік үй береді. Әр үйді ұстауға бюджеттен айына 3-4 мың доллар ақша жұмсалады. Ал Президенттің іс басқармасында не жоқ дейсіз, тіпті жылқы өсіретін фермаға дейін бар. Мұның не керегі бар?! Биылғы тізімге қарасам, Президенттің іс басқармасындағы жұмысшылар саны азайғанның орнына өскен. Президент шығындарды қысқарту туралы нұсқауын дәл осы өзінің іс басқармасынан бастау қажет,- деді «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов.


«Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дегендей, шынымен мемлекеттің бюджет қоржынынан жұмсайтын қаржыларын әлі де үнемдеуге, қысқартуға болатын көрінеді.

— Дағдарыстың салдарынан жұмыссыздар саны көбейіп, әлеуметтік жағдай күн өткен сайын қиындап бара жатқанда, шенеуніктердің су жаңа көлік мініп сайрандап жүруі бассыздық. Алайда, бұл мұнай бағасы қайтадан түсетін болса, бюджетті қайтадан есептеуге Үкіметтің дайындық білдіріп жатқаны. Егер қайта қарап шығатын болса, әлі де артық нәрселер бар. Мысалы, әлеуметтік жобалар мен шығындарды айтпаған күннің өзінде, президенттің имидж үшін деп жасалатын елге қажеті шамалы жобалары бар. Тіпті түкке керегі жоқ жобалар да жетеді. Міне, соның бәрін қысқартуға болады. Қалай болғанда, мемлекеттік шығындарды қысқарту жемқорлықты азайтпаса, өсірмейді.

Бізге екі нәрсенің бірін жасау керек: «Самұрық қазына» сияқты ұлттық компанияларды жабу керек те, экономиканы министрліктер өзі басқару қажет. Не болмаса министрліктерді құрту керек. Шынтуайтында, мемлекеттік қызмет орындарында артық функциясы бар, ешкімге көк тиын пайдасы жоқ ұйымдар жетерлік. Мемлекеттік деп құрылған осындай ұйымдардың қызметін қазіргі күні бизнес пен қоғамның өзі де атқара алады. Мысалы, бір экономика саласына жауапты екі-үш министрлік бар. Оған «Самұрық қазына» секілді ұлттық компанияларды, оларға қарасты кішігірім мекемелерді қосыңыз. Осының бәрінің керегі не? Айналып келгенде бәрі салық төлеушілердің арқасында күн көріп отыр,- деді Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі, саясаттанушы Айдос Сарым.

«Мұндай іс толыққанды жүзеге асуы үшін парламенттің және қоғамның бақылауы қажет» деп әңгімесін сабақтаған «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосановтың сөз ыңғайына қарағанда, барлық деңгейдегі мемлекеттік және ұлттық компаниялардың қызметтік штаттары жариялы емес. БАҚ- та жарияланбайды. Тіпті ол парламентте де талқыға түсіп, оған саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өз пікірін айтпайды. Ал Президенттің нұсқауы қоғамның бақылауынан өтпейінше ойдағыдай орындалуы екіталай. Және шығындарды қысқарту жемқорлық пен парақорлықты үдетіп жіберуі мүмкін.

Жоғарыдағы нұсқау депутаттарға да қатысты екені белгілі. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан: «Қысылтаяң шақта шен-шекпенділердің аузынан ақ май ағып, ас та- төк өмір сүруі қоғамның ашу-ызасын тудыратыны рас. Сондықтан бұл шешім дұрыс. Ханнан бастап, қараға дейін үнемге көшкен жөн. «Тарта жесе тай қалады, қоймай жесе не қалады?» дейді емес пе халқымыз».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG