Accessibility links

«Мақатавтокөлікбазасының» жұмысшылары прокурорға арыз жазбаса жалақыларын ала алмайды


«Мақатавтокөлікбазасы» жұмысшыларының еңбек орнындағы үйшікте жылу да жоқ.Атырау облысы, 5 қаңтар 2009 жыл.
«Мақатавтокөлікбазасы» жұмысшыларының еңбек орнындағы үйшікте жылу да жоқ.Атырау облысы, 5 қаңтар 2009 жыл.

«Мақатавтокөлікбазасы» коммуналдық мекемесі жұмысшылары жалақыларын әр ай сайын басшыларына және аудандық прокуратураға оның неге керектігін түсіндіретін арыз жазу арқылы алып келеді. Олар 2007 жылдың шілдесінен бергі зейнеткерлік төлемдерінің де қайда екенін білмейді.

«Мақатавтокөлікбазасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің байырғы операторы Антонина Карфидова жалақыларын бірнеше жыл бойына үлкен айқай-шумен алып келе жатқанын айтады.

-Әр ай аяқталған сайын біздер аудандық прокурорға жалақымызды алып беруді және кешіктіргені үшін тиісті айыппұл сұрап арыз жазамыз. Содан соң 4-5 күннен соң ақшамызды аламыз. Тіпті осы соңғы қарашадағы жалақымызды бермесе аштық жариялауға ұйғарғанбыз. Әйтеуір қарашаның жалақысын 25 желтоқсанда зорға дегенде алдық,- дейді ол.
Әр жұмысшы қаражаттың не үшін қажеттігін негіздеп арыз жазбаса, маңдай тер, табанақы қолға тимейді. 5қаңтар, 2009 жыл


Аштық демекші жалақының кешіктірілетіні мен жұмыстың адам төзгізісіз жағдайына наразылық білдірген бұл ұжымның мүшелері бұндай жанкештілік әрекетке бұған дейін екі рет барған еді. Дәлірек айтсақ 2005 жылы және 2008 жылдың жазында өздерінің еңбек құқығын сақтауды талап етіп аштық жариялаған болатын.

Мекеме басшысы Светлана Сағындықова болса жалақының кешіктірілу себебін ақшаның жоқтығымен түсіндіретін көрінеді. Бірақ, бұл уәжға кәсіпорын жұмысшылары мүлде қарсы. Ақша жоқ деп айтуға мүлде себеп жоқ деседі олар. Себебі пайдаланып отырған ауыз сулары үшін Мақат ауданы мен оның маңындағы ауылдар тұрғындары тұрақты түрде төлеп келеді. Олар тіпті аудан халқы жаппай бір тамшы суға зар болып жүрген кездері де су үшін тиісті төлемді төлеген болатын. Оның үстіне жұмысшылардың айтуынша, егер бұрын пайдаланылған су үшін оның қожайыны «Атырау су арнасына» мекеменің өзі төлесе, 2008 жылдың шілдесінен бері мұны Су қорлары жөніндегі комитет өз мойнына алыпты.

- Әр ай сайын Су қорлары жөніндегі комитет 2 миллион теңге аударады. Ал бізге қажетті су үшін ең көп дегенде 1 миллион, әйтпесе 600-700 мың теңге ғана қажет. Бұл ауадан алынған цифр емес. Сұрағандарға мұны тиісті құжаттармен де дәлелдей аламыз,- дейді Антонина Карфидова,- сонда қалған 1,5 миллион теңге қайда кетеді? Кімнің қалтасына барып құйылып жатыр?
Рысты Серікбeргенова резервуардағы су деңгейін өлшеу үшін жұмысшылардың өздері ойлап тапқан өлшегіш арқанға болт байлап, қоймаға түсіріп тұр.


Су деңгейін өлшеп, халықтан ақша жинау жұмысын атқаратын Рысты Серікбергенова да осы мекемеде 7 айдан бері жұмыс жасап келе жатқанын айтады. Оның 9 баласы бар. Жарты жылдан астам уақыт бойы сенбі, жексенбісіз жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан, оған демалыс күндерінің ақысы төленбейді екен.
- Бастықтан тым құрымаса жалақыма 50 пайыз үстеме қосуды сұрадым, бірақ ол маған «ойланамын» деп жауап берді. Сонда ҚР «Еңбек кодексінің» бізге қатысы болмағаны ма? Осы заңсыздықтарды жоятын адам жоқ па? -деп күйінеді Рысты Серікбергенова.

Өкінішке қарай, Мақат ауданын сумен қамтамасыз етуші мекеме басшысы Светлана Сағындықованы кездестіре алмадық. Жұмысшылары жалақы ала алмай жылап-еңіреп жүргенде, бастық Египетте демалып жатқан көрінеді.

Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме де осы «Мақатавтокөлік базасы» КММ екен. Кәсіпорынның атауы 2003 жылдан бері бес-алты рет өзгеріп, оншақты басшы ауысыпты.

Бірақ басшы мен мекеме атауының өзгеруінен жұмысшыларға тиіп жатқан пайда жоқ. Соңғы рет «Мақат Су арнасы» деп аталған бұл мекеме 25 миллион теңге қарызды жинақтап, ақыры банкрот болып тынған. Ал дәл қазіргі жалақының кешіктірілуі мен төленбеуі осы жағдаймен байланысты ма жоқ па, мұны дәл анықтап тексеруге Мақат аудандық прокуратурасы да құлықсыздық танытып отыр.

Жұмысшылар болса 3 айдан 8 айға дейінгі тиісті ақша есептерін айырыса алмай әуре.Жалпы бұл мекемде істейтін су операторларының дені 20 жылдан 40 жылға дейін еңбек өтілі бар мамандар. Олардың қай-қайсысы да өз істерін жетік біледі

Біздер жұмыс жасауға тиісті жағдайдың жасалмағанын, еңбекақымыздың уақытында төленбейтінін айтып шағымданбаған орын қалмады деген кәсіпорын жұмысшылары бір топ хат түбіртектерін көрсетті. 2005 жылдан бері жинақталған бұл өзі тұтас бір коллекция болып шықты. Оның ішінде Президент Н.Назарбаевқа, Премьер-министр К.Мәсімовке, экс премьер Д.Ахметовке, Еңбек министрлігіне, Бас прокурорға, ҰҚК-не, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа, тіпті Мәжіліске дейін жолданған шағымдар бар екен. Әзірге нәтиже жоқ. Шамасы мемлекет басындағылардың елден де гөрі маңызды шаруалары бастан асатын болар деп жобалайды сушылар.
Мақат су қоймасы ауданның 14000 тұрғынын сумен қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Атырау облысы, 5 қаңтар, 2009 жыл.


- Бұған дейін қыстың қақаған аязындағы біздің жұмыс орнымыз шүберектен жасалған шатырлар еді. Айналаның бәрін су басып, аяғымыздағы резеңке етігімізді суық аязда да шешпейтінбіз,-деді әңгімеге аралсқан Матрена Степанова деген оператор әйел.-Біздің 5-6 жыл бойына жазған шағымымыздың салдары ма, болмаса бірінен кейін болған 5 жарлыс пен төтенше жағдай әсері ме бізге мына үйшікті салды. Жалпы осы сумен қамтамасыз ету мекемесін қалпына келтіруге, жөндеу жұмыстарына 150 миллион теңге бөлінген. Қайда сол ақша? Мына жұмыс орыны деп аталатын үйшікте әлі күнге дейін жылу жоқ. Сырттағы аяз болса 20 градустан кем емес. Ал жаздыгүні бұның ішінде демалатын ауа болмайды. Сыртқа шығуға қорқамыз, себебі бұзақылар соғып кетеді. Бұл әлденеше қайталанған жағдай. Мәселен, судың қатты тапшылығы кезінде Валентина Морозова деген операторды соққыға да жығып кетті.

Расында да мұндағы жұмыс жағдайының адам төзгісіз екенін көзімізбен көрдік.

-Біздің қолымызда тиісті мекемелер берген қорытынды да бар. Соған сүйенсек су тартқыштың аймағы, яғни санитарлық аймақ арнайы дуалмен қоршалуы тиіс. Оның биіктігі 2,5 метр болуы және темір сымдармен бөгде адам жақындамастай оралуы тиіс. Ал су толтырылатын резервуарлар герметикалық түрде жабылып, бәрі арнайы хабарлағыш орнатылған оператордың жұмыс бөлмесінен басқарылуы тиіс. Бірақ мұның бәрі бізге ертегідегі қиял тәрізді,-дейді Антонина Карфидова.

Жұмысшылар бәрінен бұрын ашық-шашық жатқан су резервуарларына алда-жалда бір бұзақылар қауіпті заттар тастап кете ме деп қорқатындарын жасырмады. Онда ауданнның 14 мың тұрғыны жаппай уланады деген сөз.

Қазір су тартқыштағы су деңгейін көрсететін қондырғы үш жылға жуық уақыт болды істен шығыпты. Оны жөндеу туралы да шағымдана шаршадық дейді жұмысшылар. Сондықтан олар өздерінің соқыр адамша жұмыс істеп отырғандарын айтады. Соңғы кезде резервуар толған соң суды тоқтатуға да тиым салып отыр. Неге екені түсініксіз. Бұл жайлы «Атырау су арнасы» бастығы А.Ташлықовқа айтқан екен ол» төгіле берсін» деп қолын бір сілтепті
Қойманың электр желілері қатер төндіріп, ашық-шашық қалғанына да көп болған.


Ал егер су ол резевуарлардан асып кетсе, сөз жоқ жарылыс болады. Онда бүкіл Мақат тағы сусыз қалмақ.Біздің өзіміз ойлап тапқан өлшегіш құрал-компьютеріміз мынау,- деп жұмысшылар бізге әбден кір басқан ұзын арқан-жіпті көрсетті. Оның бір ұшына әлдебір гайка-болттар жалғаныпты. Осыны резервуарға саламыз, сол арқылы судың деңгейін анықтаймыз. Сосын оны қыста өзіміз отыратын үйшіктегі электр пеші алдында жерде, ал жазда сыртта кептіреміз. Оған жаздың күндері шыбын үймелейді. Ал резевуарлар айналасы күн жылына саршұнақтардан арылмайды.

Аджип салған пластамссалық желілер жұмысшылардың айтуынша жер астында босқа шіріп жатыр. Оны пайдалану үшін әр үйге су құбырлары тартылуы керек. Оны өз беттерінше тартып алатын тұрғындарда қаражат жоқ.
«Мақатавтокөлікбазасы» КММ жұмысшыларымен кездесуден кейін аудан әкімі Сырым Рысқаливке жолыққан едік.
Өзінің әкім креслосына отырғанына бір ай ғана болғанын көлденең тартқан Рысқалиев мырза Азаттық тілшісін «тырнақ астынан кір іздеп отырсың» деп кінәлады.

- Бұл мемлекет құрған ақылы мекеме. Ол халыққа ақылы қызмет көрсетіп, жұмысшыларына жалaқыны да сол ақшадан айырады. Сіз айтып отырған мәселенің бәрі шешілген. Ал кім қайда барып арыз жазып жүр, алдыма алып келіңіз,- деп бұйырды. Алайда әкімді шағымданушылармен беттестіру біздің міндетіміз болмағандықтан, біз осы жауапты да қанағат тұттық.
Жалақысы мен зейнетақысын сұраған «Мақатавтокөлікбазасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бір топ жұмысшысы болса тағы да Ақордаға хат жазуға кірісіп жатыр.

XS
SM
MD
LG