Accessibility links

Сахан әже баспанаға кірген күні мертігіп қалды


Сахан Досоваға үй берілді, бірақ кейуана сол үйге кірген күні жамбасын жаралап алды. Қарағанды, сәуір, 2009 жыл.

Сахан Досоваға үй берілді, бірақ кейуана сол үйге кірген күні жамбасын жаралап алды. Қарағанды, сәуір, 2009 жыл.

Қарағанды қалалық әкімдігі берген екі бөлмелі пәтердің құжаттарын ретке келтірудің машақаты жеткілікті боп шықты. Оның үстіне жаңа баспананың ілініп-салынып тұрған кем-кетіктері де табылып, соның бірі осы жасқа жеткенше дәрігерге қаралып көрмеген Сахан әжені енді төсекке таңып қойған.

Сахан Досованың Пришахтинскіде тұрып жатқан үйіне сәуір айының 17-сі күні кешкі сағат 9 дар шамасында телефон арқылы қалалық тұрғын үй қоры мемлекеттік мекемесінің қызметкері Сырым Камалиев хабарласып, оларға пәтер бөлінгені жайлы айтқан. Ол өз сөзінде сәуірдің 18-і күні таңертеңгілік Қарағандыдығы Көгілдір тоғандар ықшам ауданында кездесіп, сол жердегі 2 бөлмелі пәтерді көрсетіп кілтін табыстайтынын айтқан.

Келіскен жері мен уақытында кездескен екі жақ аталған ықшам ауданның 4 ші үйінің 2 ші қабатындағы 2 бөлмелі пәтерді көреді.

Көгілдір тоғандар ауданындағы осы үй бұған дейін есік терезесі жоқ құр қаңқасы тұрған ғимарат болатын. Кейінгі жылы ғана бұл үй жергілікті билік орындарының атсалысуымен жөндеуден өткізіліп ондағы пәтерлер соғыс және еңбек ардагерлеріне беріле бастаған екен.

Жаңа пәтер иесі жасы 130-дан асқан Сахан Досова бастаған отбасы пәтерге көшіп кіргендерімен, олардың үйге иелік ететін құжаттары әзірше дайын болмапты. Оны тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мемлекеттік мекемесіндегілер мамыр айының бірінші жартысында реттеп береміз деген көрінеді.

Пәтер жағдайы бір көрмеге ойдағыдай болып көрінеді. Дегенмен зер сала қарағанда бірқатар кем-кетікті байқауға болады. Алайда Сахан әже жаңа пәтерге кіргендегі бірінші түнінде құлап, жамбасы мен тобығын сындырып алыпты.
Сахан әже баспана қуанышын қызықтай алмай төсекте жатып қалды. Қарағанды, сәуір,2009 жыл.


-Дүйсенбі күні оны – мұны заттарымызды бен әжемізді алып келгенше кеш батты. Содан заттарды реттестіріп, бәріміз де жатып қалдық. Таңғы сағат 6- лар шамасында әжем дәретханаға барам дегесін, ертіп сол жерге кіргізіп жатқанымда ол құлады. Сөйтсек дәретханадағы унитаздың түбі тесік болып шықты. Су басып кеткен, содан тайып жығылған.

Үйге кіріп, суды қосқанда байқамаған болуымыз керек, оның тесік екенін де қайдан білейік. Сөйтіп әжемді тұрғызып орнына жатқыздық. Күні бойы ауырсынып жатса да, дәрігер шақыртайық десек, керегі жоқ еті ауырып қалды деп, азар да безер болды. Өмірі дәрігерге көрінбегесін қайтсін. Оларды көргісі де келмейді. Содан кешке дейін қиналғасын, жедел жәрдем шақырттық,- дейді Нүкен Әлкешова.

Ауруханаға барған соң дәрігерлер дереу рентгенге түсіріп жамбас пен тобыққа қатты зақым келгенін айтқан. Жамбасқа гипс салуға келмейтін болған соң әженің тобығын гипстегенде арасына көлденең ұзын ағашты матап беріпті. Олары әжей шалқалай жатқанда қозғала алмау үшін жасалған амал екен. Әйтпесе, қозғала берсе жамбас сынығы бітпейтін көрінеді. Сол күннен бері Сахан әжей төсекке таңылып жатыр.

-Дәрігерлерге қаралу да проблема болып тұр. Олардың айтуынша енді әжейді тұрақты тіркелген жерінде дәрігерлік бақылауда ұстау керек. Ал мына үйдің құжаттары әлі қолға тиген жоқ, мен ол кісіні қалай тіркеуге отырғызам. Ал ол тіркеуде тұрған Қарқаралыға алып барғанда оған кім қарайды, - дейді Нүкен Әлкешова.

Пәтер екі-ақ бөлмелі болғанымен де кең, жарық, жөндеу көргені білініп тұр. Тек дәретханадағы әлгі ақаулық ғасырдан да үлкен Сахан әженің қуанышын ұзаққа апармапты. Дегенмен де кінараты бар әлгі унитазды айырбастап алдық дейді жаңа қоныс иелері.

Құжаттары дайын болмай жатқанымен де, үйге кіріп алған соң үрім-бұтағының арқа-басы кеңіп қалғанын байқаған қария өзі қозғала алмай жатса да, кіріп-шыққан жұрттың бәріне де алғыс айтып, қол жайып бата беруден жалықпайды екен:

-Алтыным, ғұмырың ұзақ болсын, сендерге рахмет, үй бергендеріңе, ана екі немере үшін да, маған қанша қалды дейсіңдер, жолдарың болсын, жолың болсын,- деп бетін сипағаннан кейін, бізге қолын сілтей берді.

Үйдің ішінде арлы берлі фотоаппаратқа суретке түсіріп жүрген бізді қарт ана үй берген әкімшіліктегілер деп ойлап қалса керек.

Тек немересі Нүкен ғана үйді бердік дегеннен кейін де оның жұмысы аз болмай тұрғаны, ал сап-сау қарияның тайып жығылып, мертігіп қалуы да биліктің осы үйді бізге қимастықтан, әзер беруінен ғой деген қынжылысын жасыра алмады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG