Accessibility links

Парламент Мәжілісіндегі Ақжол партиясына тиесілі орын бос қалуы мүмкін


Конституция бойынша Мәжіліс құрамы 77 депутаттан тұрады. «Ақжол» партиясының тең төрағасы Әлихан Байменов партиялық тізім бойынша депутаттық орыннан бас тартқаннан кейін ақжолдың орны бос қалуы мүмкін.

Мұндай жағдайды реттеу Конституцияда да, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңында да қарастырылмаған болып отыр. Бүгінде Конституцияда көрсетілгендегіден бір депутаты кем Парламент заңды ма? Мұндай тығырықтан қалай шығуға болады? Бұл туралы қазақстандық саясаткерлер мен сарапшылар әрқилы пікір білдіруде.

«Ақжол» партиясының Парламенттегі орны бос қалуы мүмкін. Аталған партияның Бас кеңсесіне хабарласқанымызда, Парламентке партиялық тізім бойынша ақжолдықтардың бару-бармауы «Ақжолдың» қарашаның 27-сі күні өтетін 5-съезінде шешіледі. Жалпы, партиялық тізімдегі үміткерлер депутат болуға ниетсіз көрінеді. Ал Қазақстанның Ұлттық бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшімнің айтуынша, Қазақстанда тұңғыш рет парламенттік орыннан бас тарту оқиғасы орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда, осы бір дағдарыстан шығу міндеті Орталық Сайлау комиссиясына жүктелуі тиіс.

Саясаткер Серікбай Әлібаев ендігі жерде Орталық сайлау комиссиясының «Ақжол» партиясынан басқа «Отан,»Асар»,»АИСТ» партияларының алған дауысын есептей келіп мандатты келесі кезектегі партиялық үміткерге өткізе салуы да әбден мүмкін деген ойда.

Сенатор Уәлихан Қайсаров Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліске сайлау барысында жеті пайыздық кедергіден өткен партиялардың ішінен көп дауыс алған партияның өкіліне «ақжолдың» орнының берілуі Конституцияға қайшылық келтіре қоймас деген ойда.

Ал, заңгер Рамазан Сәрпеков:» Парламенттегі бір орын ешқандай рөл атқармайды, ол бос тұра берсе де болады. Парламент депутаттарының үштен екісі жиналса да оның шешімі заңды болады»,- дейді. Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның төрағасы Евгений Жовтис болса, осы тығырықтан шығу үшін Парламент Мәжілісінің төрағасы Конституциялық Кеңестен Парламенттің заңға сәйкестілігін анықтап беруін сұрауға тиіс. «Конституциялық Кеңес бос қалған орынды «Ақжолдан» басқа көп дауыс алған партиялардың біріне беру туралы шешім шығаруы мүмкін»,-дейді.

Ал Конституциялық Кеңестің мүшесі Қабылсаят Әбішев Парламентте бір орынның бос қалуы құқықтық тығырыққа тіреп отырғанын айтты. Оның айтуынша, Парламент Мәжілісінің депутаттығынан партия өкілінің бас тартуы туралы бап Қазақстанның Конституциясында да «Сайлау туралы» Конституциялық заңда да қарастырылмаған көрінеді. Оны заң тілінде «құқықтық ақтаңдақ» деп атайтындығын айтады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова болса: «Ақжол» партиясына тиесілі орыннан ақжолдықтар біржола бас тартқан жағдайда, ол орынды иеленуге ешбір партияның құығы жоқ . Себебі, ол «Ақжол» партиясының халыққа еңбек сіңіріп алған дауысы. Оған ешкімнің таласы болуға тиісті емес. Сондықтан, ақжолдықтар бас тартқан жағдайда орын бос қалады»,- дейді.

Сонымен, «Ақжол» партиясының атынан Парламент Мәжілісіне депутат ретінде бір өкілін жіберу жібермеу жайы қарашаның 27-сінде сьезде шешілетін болады.
XS
SM
MD
LG