Accessibility links

Президенттіктен үміткерлердің үшеуі – әйел


Астанадағы "Бәйтерек" монументі. (Көрнекі сурет)

Астанадағы "Бәйтерек" монументі. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда кезектен тыс өтетін президент сайлауына түсуге ниет білдірген әйел қауымының да қарасы көбейіп келеді. Үміткер үш әйелдің екеуі – емші-экстрасенс, біреуі – «Бәйтеректің авторы»


Орталық сайлау комиссиясына төрт әйелден өтініш түсті. Олар – Гүлдана Тоқбаева, Мая Қарамаева, Мейрамгүл Қожағұлова және Зәуре Масина. Алайда бір кандидат – Зәуре Масина өтінішін қайтарып алды.

Қазір президенттіктен үміткер үш әйел сайлау науқанына қамданып отыр.

БІРІНШІ КАНДИДАТ – ХАЛЫҚ ЕМШІСІ

Президенттіктен үміткер әйелдің бірі – Жамбыл облысының тұрғыны, 57 жастағы Гүлдана Тоқбаева. Ол Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескенде «38 жылдық еңбек өтілім бар» дегенді айтты. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріпті. Радиода, республикалық журналда журналист болып қызмет еткен. Соңғы екі жыл қартайған анасын бағып, жұмыссыз отырған.

Ол қазір әйелдердің де еркектерден қалыспай нан тауып, бір отбасыны асырап отырғандарын айтады. «Сондықтан біздің де билікке ұмтылуымыз таңғаларлық құбылыс емес» дейді кандидат.

– Қазақстандықтардың болашағының жарқын болуына, жақсы тұрмыс кешуіне, балаларымыздың бақытты болуына, жұмыссыздықтың болмауына, адам құқықтарының бұзылмауына барымды саламын. Сонымен қатар парақорлық пен жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп адамдардың адами кейпін сақтап қалу үшін жұмыс жасаймын, – деген жоспарын айтты президенттіктен үміткер Гүлдана Тоқбаева Азаттық тілшісіне.

Егер президент бола қалған жағдайда негізінен әлеуметтік салаға баса назар аударатынын айтқан Гүлдана Тоқбаева «құқық қорғау орындарының
Енді Суқұйғыш дәуірі туады, патриархатты матриархат алмастырады
жұмыстарына да реформа енгіземін» дейді. Жетімдердің бәрін жеке отбасыларға асырауға бөліп беріп, жетімдер үйін жаптыру да ойында бар.

Гүлдана Тоқбаеваның айтуынша, оған 37 жасында емшілік қасиет қонған. 1993 жылы «Қазақстанның халық емшісі» деген куәлік алған.

– Енді Суқұйғыш дәуірі туады, патриархатты матриархат алмастырады, – деген Гүлдана Тоқбаеваның ойынша, Қазақстанда билік басына әйел адам келуі керек.

ЕКІНШІ КАНДИДАТ – ЭКСТРАСЕНС

Алматы облысының тұрғыны, 54 жастағы Мая Қарамаева 2005 жылы да өзін-өзі президенттікке ұсынған. Бірақ қазақ тілі сынағынан өтпей қалған.

Майя Қарамаева Азаттық тілшісімен сөйлескенде өзінің Орталық сайлау комиссиясы айтқандай жұмыссыз емес екенін, жеке кәсібі бар екенін айтты. Ол кісі «экстрасенспін» дейді. Орта білімі бар. Майя Қарамаева «Қазақстанның халық емшісі» деген атағы бар екенін, биоэнерготерапевт екенін де айтты. Өзінің айтуынша, бұл қасиеті 27 жасында қоныпты.

– «Адамды емдегенде, Қазақстан халқына да көмегім тиер» деп ойлаймын, – дейді президенттіктен үміткер.

ҮШІНШІ КАНДИДАТ – «БӘЙТЕРЕКТІҢ АВТОРЫ»

Президенттіктен үміткер үшінші әйел, 50 жастағы Мейрамгүл Қожағұлова 2005 жылы өз кандидатурасын екі рет ұсынған. Жоғары білімі болмағандықтан парламент сайлауына өтпей қалған, қазақ тілін білмегендіктен президент сайлауына жіберілмеген.

Сайлау комиссиясы «жұмыссыз» деп көрсеткен кандидаттың өзінің айтуынша, ол Ақтөбе облысындағы отбасы орталығын басқарады. Мейрамгүл Қожағұлова Бәйтеректің авторы өзі екенін, оны айғақтайтын барлық құжаттары бар екенін айтты.

Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу ақпанның 20-сында аяқталады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан соңғы мәлімет бойынша, сайлауға қатысуға 17 адам ниет білдіріп, оның екеуі өтінішін қайтып алған. Қалған 15-тің тоғызы қазақ тілі сынағын тапсырып, төртеуі өтпей қалды. Бір кандидат тіл сынағына келген жоқ. Әзірше Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қана барлық талаптарды орындаған, тиісті қол жинаған ресми кандидат ретінде тіркелді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2011 жылдың 3 сәуірінде өтуі керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG