Accessibility links

Қазақстанда бірінші мәрте дінге қатысы бар ұйым жетекшісінің сайлауға түскісі келеді


Мұрат Телібеков, Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл

Мұрат Телібеков, Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы. Алматы, 27 қыркүйек 2010 жыл

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеді. Ал оппозициялық партиялардың ешқайсысы да кезектен тыс президенттік сайлауға түсуге құлық танытпай отыр.


Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысатынын айтып отыр. Бірақ ол әзірге негізгі саяси бәсекеге қандай жолмен қатысатынын шешпепті.

ОРТАҚ БЛОК

Ақпанның 14-і күні Мұрат Телібеков елдегі барлық саяси партияларға («Нұр-Отан», «Азат», «Алға», «Ақ жол», «Руханият», Компартия, «Ауыл», «Әділет», Қазақстанның патриоттар партиясы) ортақ блок құрып, президенттікке бірегей үміткер ретінде өзін шығару туралы ұсыныс жасаған көрінеді. Ол бұл әрекетін былайша түсіндіреді:

- Менің ойымша, мен жетекшілік ететін Қазақстан мұсылмандар одағы бірде-бір қаржылық-олигархтық топқа жатпайды. Билікке де, оппозицияға да қатысы жоқ. Менің пікірімше, бұл бейтарап ұстаным әртүрлі партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың бірігуіне ортақ негіз бола алады, - деді Мұрат Телібеков ақпанның 15-і күні Азаттық тілшісіне.

Одақ жетекшісі егер бұл идеяны ешкім қолдамаса, онда президенттік сайлауға үміткер ретінде өзін-өзі ұсынатынын айтады. «Осы аптаның аяғына дейін сайлау комиссиясына құжаттарымды өткізем» деді ол.

«БОЙКОТ»

Ал Қазақстанның Коммунистік партиясы сәуірдің 3-іне белгіленген президенттік сайлауға байкот жариялайтындықтарын айтады.

- Біз бойкотқа бармақшымыз. Бүгін-ертең қағаз жұмыстары аяқталысымен арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, сонда бұл мәселені айтамыз, - деді партияның төрағасы Ғазиз Алдамжаров Азаттық тілшісіне.

Өткен аптада «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлау мерзімінің қысқалығын алға тартып, сәуірдің 3-іне белгіленген президенттік сайлауға ешқандай кандидат ұсынбайтынын айтқан еді. Алайда партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай партияның сайлауға «белсенді» қатысатынын айтып отыр.

- Сайлауға кандидат шығармаймыз. Бірақ сайлауға қатысып, оның қалай өткенін бақылап, сайлау кезінде өзіміздің құндылықтарымыз бен алға қойған мақсаттарымызды, билікке қойған талаптарымызды қою үшін халықпен кездесуді жандандырып, соны көбейтеміз, - деді Жармахан Тұяқбай.

Ақпанның 15-і ымырашыл «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов та партияның атынан ешкімнің сайлауға қатыспайтынын хабарлады. Бірақ ол бұл шешімін бойкот деп сипаттаған жоқ. «Мен партиядағы сайлауға түсуі мүмкін кандидаттардан сейсенбі күні түске дейін хабар берулерін өтінгеемін. Ешкім хабарласқан жоқ. Демек, біздің партияның атынан ешкімнің сайлауға қатыспайтыны анық», - деп мәлімдеді Әлихан Бәйменов ҚазТАГ агенттігіне.

Басқа оппозициялық партиялардан айырмашылығы - «Азат» пен «Ақ жол» партиялары сайлауға қатыспайтындықтары туралы шешімдерін мәлімдегенде бойкот деген сөзден айнала қашады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG