Accessibility links

Мәмбеталин «Руханиятты» аштық арқылы қайтармақ


«Руханият» партиясының жетекшілері Мұхтар Шаханов (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин баспасөз мәслихатында. Алматы. 28 желтоқсан 2011 ж.

«Руханият» партиясының жетекшілері Мұхтар Шаханов (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин баспасөз мәслихатында. Алматы. 28 желтоқсан 2011 ж.

«Руханият» партиясының сенбіде сағат 10-да болады деп хабарланған съезі Астанада жұмада кешкісін өтіп, Алтыншаш Жағанова партия басшылығына қайта сайланған. Съезге шақырылмаған, енді бұрынғы жетекші болып қалған Серікжан Мәмбеталин Астанада аштық жариялады.

Сенбі күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Руханият» партиясының төрағалығынан шеттетілген Серікжан Мәмбеталин аштық акциясын бастағанын жариялады.

Оның сөзіне қарағанда, «Руханият» партиясының негізін қалаған Алтыншаш Жағанова жұма күні кешкісін партияның съезін шұғыл түрде өткізіп, төрағалыққа қайта сайланған.

Мәмбеталиннің талаптарының бірі - Алтыншаш Жағанова өткізген съезді заңсыз деп табу.

КЕШКІ ҚҰРЫЛТАЙ ЖӘНЕ АШТЫҚ АКЦИЯСЫ

«Билік пен Жағанованың бірлесіп жасаған кешегі заңсыз әрекеттері менің аштық жариялауыма себеп болды. Аштық бүгін басталды. Бүгінгі күні бізде билікпен күресетіндей заңды жолдар жоқ, сондықтан наразылығымды осылай көрсетейін деп едім. Жағанова оны биліктің тапсырмасымен істеп отыр және жасырып, кешкі 8-де жиын өткізді. Ол заңсыз съез. Мен өзім әлі төрағамын. Кешегі шешім заңсыз, оны мойындамайтын мен ғана емес, менің жақтаушыларым мен қолдаушыларым да мойындамайды», - деді Азаттық радиосына Серікжан Мәмбеталин сенбі күні телефон арқылы.

Оның сөзіне қарағанда, аштық акциясы биліктің өз халқына бұлай істеуге болмайтынын түсінгенге дейін жалғаса береді.

«Руханияттың» рухани жетекшісі Мұхтар Шаханов та Жағанованың бұл әрекеттерінің бәрі биліктің тапсырмасымен болып жатыр деп біледі:

- Өткенде «Руханият» партиясының екі жыл бұрынғы басшысы Алтыншаш Жағанованың мәлімдемесі төрт бірдей арнадан берілді. Бұны билік әдейі ұйымдастырып отыр. Себебі біз - төрт жарым жыл бойы тіркелмей келген «Халық рухы» партиясы «Руханият» партиясымен біріккен болатынбыз, бұл билікке ұнамады. Содан кейін біз Жаңаөзендегі мәселені көтердік, онда әділетсіздіктер болып жатыр, қаза болған адамдардың нақты санын билік жасырып отыр, біздің Жаңаөзенге барғанымыз да билікке ұнамады. Сонымен қатар Жаңаөзенге байланысты сайлауды үш айға кейінге шегеруді ұсынған болатынбыз. Осының бәрі келіп, биліктің қолдауымен Жағанова біздің қатысуымыздан қорқып, кеше түнге қарай апай-топай құрылтай өткізіп жіберді. Мұның бәрі заңсыз, - деді Мұхтар Шаханов телефон арқылы Азаттық радиосына.

«САЯСИ ӨМІРДІҢ ТАМЫРШЫСЫ»


Жұма күнгі «Руханияттың» «өзі ұйымдастырып, шақырған» кезектен тыс 9-шы құрылтайында Алтыншаш Жағанова «2010 жылы Серікжан Мәмбеталин деген азаматқа тізгінді беріп, жаңа бір бағыт-бағдар болсын, қозғалыс болсын деп едік, онымыз үлкен қателік болыпты» деп атап көрсеткен.

«Руханият» партиясының бұл кезектен тыс жиынына шақырылған 106 делегаттың 86-сы қатысқан. «Руханияттың» рухын көтеріп, жұмысын жандандыру үшін басшылықты ауыстыру жөн деп тапқан делегаттар Жағанованың кандидатурасын бірауыздан қолдады деп хабарлады Қазақстанның жаңалықтар агенттіктері.

«Бір жағынан қателік жасаған өзім, бірақ, әрине, мен бақылап отырған адаммын, әрине, мен тамыршымын саяси өмірдің. Сондықтан бүгінгі съезді жатпай-тұрмай өткіземіз деп елді жинаған мен едім. Бүгін сіздер маған қайтадан өз сенімдеріңізді білдіріп отырсыздар, бар күш-жігерімді осы партияның бағыт-бағдарына арнаймын», - деген съездегі қорытынды сөзінде Алтыншаш Жағанова ханым.

Сенбі күні Азаттық радиосының тілшісі хабарласқанда телефон тұтқасын көтерген Жағанова ханымның көмекшісі «Руханият» жетекшісінің барлық сауалдарға дүйсенбіден бастап қана жауап бере алатынын айтты.

ТЕКЕТІРЕСТІҢ ТАРИХЫ

Өткен жылдың желтоқсан айында «Руханият» партиясының бұрынғы жетекшісі Алтыншаш Жағанова саяси ұйымның өзінен кейінгі басшысы Серікжан Мәмбеталинді партияның парламенттік сайлау алдындағы съезін «заңға және партияның жарғысына қайшы түрде өткізді» деп мәлімдеп, партия үміткерлерін сайлау тізімнен алып тастауды талап еткен болатын.

Ол партияның мөрі және басқа да құжаттары өзінде екенін айтып, партияның парламент депутаттығына ұсынған үміткерлерін «заңсыз тіркелді» деп санайтындығын айтқан еді. Алтыншаш Жағанова осыған орай Қазақстанның бас прокуратурасына шағымданған.

Осыдан кейін «Руханият» партиясының жетекшісі Серікжан Мәмбеталин Алтыншаш Жағанованың партия мүшелігінен шығарылғанын хабарлады.

Бұдан соң Орталық сайлау комиссиясы «Бас прокуратура Жағанованың шағымы бойынша тексергенде «Руханият» партиясының парламент сайлауына тіркелуде сайлау заңнамаларын бұрмалағаны анықталды» деп, өз қаулысымен партияның үміткерлер тізімін сайлаудан шеттеткен болатын.

Жұма күні Астанада «Руханият» партиясының Орталық сайлау комиссиясының партияны парламент сайлауына қатысу құқынан айырған қаулысына қарсы шағымы бойынша сот басталған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG