Accessibility links

«Оңай» жүйесін енгізгендер жолаушыларды жәрдемге шақырады


"Оңай" картасы. (Көрнекі сурет)
"Оңай" картасы. (Көрнекі сурет)

Алматыда қоғамдық көлікке енгізілген «Оңай» электрондық билетіне үйренбей жатқандар бар әрі бұл мәселеге қатысты сұрақ әлі көп. Транспорт холдингі өкілдері енді жолаушылардың өздерін қолма-қол ақша төлеуге қарсы күресуге шақырады.

Елдің ең ірі қаласы Алматыда қоғамдық көлікпен жүруге арналған «Оңай» жолақы билеттерін қазанның 1-інен бастап «Оңай» транспорт картасымен біріктіреді. Жергілікті БАҚ бұған дейін жолаушы тасымалдайтын кей автобус жүргізушілері жол ақысын электрондық түрде төлеу жүйесін енгізуге наразылық білдіргені жайлы хабарлаған еді. Ал шеттен келетін кей адамдар қалалық автобус кондукторлары ата-аналарды 40 теңгелік балалар билетін 80 теңгеге сатып алуға мәжбүрлейді деп шағымданады. Мұндай жеңілдік қаланың өзінде тұратын оқушылар үшін ғана қарастырылғанын білмейтіндер көп. Ал Алматыға мектеп жоспарына сәйкес өтетін әлдебір іс-шараларға қатысу үшін немесе үйірме сабақтарына келетін, бірақ Алматы маңайындағы кенттердің бірінде тұратын балалар үшін де жолдың толық ақысы – 80 теңге.

Алматы іргесінде тұратын Айнұр Жаппарованың балалары қоғамдық көлікпен жүрмейді, сондықтан олар «Оңай» картасын алмаған. Ол балалардың жол ақысын төлеуде белгілі бір жүйе жоқ деп шағымданады.

Алматының қоғамдық автобустары. Алматы, 2 тамыз 2016 жыл.
Алматының қоғамдық автобустары. Алматы, 2 тамыз 2016 жыл.

- Балаларыма «Оңай» төлем картасын сатып алудың қажеті жоқ, өйткені мектеп тура іргемізде. Баламды жүзу бассейніне жаздырып едім, енді аптасына үш рет [Алматы] қаласына барамыз. №95 маршрут бойынша жүретін автобуста балама ересектерге арналған бағамен билет алуға мәжбүрледі. Кондуктор «балаңыздың «Оңай» картасы жоқ болса, екі есе артық төлеуге тиіссіз» деп түсіндірді. Бұған таңғалдым. Монополистер жұртты өз қызметін пайдалануға, қажеті жоқ нәрселерді сатып алуға неге мәжбүрлейді осы? – дейді Айнұр Жаппарова Азаттыққа.

Алматының қоғамдық көлігінің шеттен келетін мұндай жолаушыларға бұл сұрақтың жауабын табу қиын. Бұл сауал Азаттық тілшісін де біраз сабылтты.

КАБИНЕТТЕН КАБИНЕТКЕ СІЛТЕУ

Қазір Алматыда сегіз автобус паркі жұмыс істейді. Автопарк басшыларының түгелге жуығы «бұл мәселе біздің құзырымызда емес» деген уәжбен Азаттыққа «Оңай» жүйесіне қатысты комментарий беруден бас тартты. Жалғыз №2 автобус паркі басшылығы ғана ресми сауал жолдауды сұрады. Бір аптадан кейін телефон арқылы сөйлескен автопарк заңгері Анар Серкенова бұл мәселемен Алматы қаласының жолаушылар көлігі басқармасы айналысатынын айтты.

Студенттерге арналған жеңілдігі бар "Оңай" картасы. (Көрнекі сурет)
Студенттерге арналған жеңілдігі бар "Оңай" картасы. (Көрнекі сурет)

- Біздің автобус паркі №31 және №67 екі маршрутта қызмет көрсетеді, тарифтерді біз бекітпейміз. «Оңай» картасымен жұмыс істейміз. Шағым түсіп жатса, қараймыз. Штаттық режимде жұмыс істейміз, сондықтан бізде кондуктор жоқ. Сіздер маршрутты шатастырып алған шығарсыздар? – дейді сұраққа сұрақпен жауап берген заңгер.

Алматы қаласы жолаушылар транспорты мен автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Ержан Әділов Азаттыққа бір сапарға жарайтын балалар билетіне қатысты сұрақтың жауабын «Алматы қаласы транспорт холдингі» компаниясынан іздеуді өтінді.

Телефон арқылы сөйлескен Алматы транспорт холдингі қызметкерлері 80 теңгелік балалар билеті «Оңай» картасын сатып ала алмайтын қала қонақтарына арнап 2016 жылғы маусымнан бері сатылып жатқанын айтты. Холдинг өкілдерінің сөзінше, бұл өзгеріс қаңтардың 11-інен бері енгізілген және мектеп оқушыларының бәрі карточка сатып алуы тиіс. «Оңай» картасын жасату үшін транспорт холдингіне мектептен анықтама, туу туралы куәлік көшірмесін, баланың фотосуретін әкелу қажет.

Қала тұрғындарының кейбір категориялары үшін арзандатылған жол жүру құжаты тек "Оңай" жүйесі арқылы мәслихаттың шешімі бойыншща беріледі. Басқа қаладан келген 7 мен 15 жас арасындағы балалар Рысқұлбеков көшесі, 33/1 үйден 40 теңгеге "Оқушының көлік картасын" сатып ала алады.

ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҮНДЕУ

Алматы қаласы транспорт холдингі баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Киргеева жағдайды жазбаша түсіндірді. Оның хабарлауынша, биылғы қазанның 1-інен бастап электрондық жолақы билеттерін «Оңай» транспорт картасы арқылы сатып алуға болады. Транспорт холдингі өкілінің айтуынша, жолаушыларға қолайлы болу үшін «Оңай» жол жүру билеті «Оңай» транспорт картасымен біріктірілген.

«Ескі үлгідегі «Оңай» жолақы картасын сату тоқтатылады, бірақ бұрын сатып алынған жолақы билетіне ақша салып, жыл аяғына дейін пайдалануға болады» деп жазады Эльмира Киргеева.

Алматыдағы автобус жолаушылары. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы автобус жолаушылары. (Көрнекі сурет)

Киргееваның Азаттыққа берген жазбаша жауабында жол жүру билеттерін алу тәртібі де жазылған. Оның сөзінше, қазанның 1-інен бастап электронды жол жүру билеттерін "Оңай" картасы арқылы "QIWI" терминалдарынан алса болады.

Баспасөз қызметі бастығы жол жүру карталары құны өзгермейтінін де түсіндірген. Бір айлық бірыңғай транспорт картасындағы «Жол жүру билеті» тарифінің құны - 7 200 теңге, мектеп оқушылары үшін - бір мың теңге, студенттік жол билеті – үш мың теңге, әлеуметтік топтағылар үшін екі мың теңге тұрады. Жол жүру билетін «Оңай» транспорт картасы балансын толтыру арқылы жол ақысын төлеген кезде сатып алуға болады. Ал қағаз түрінде жасалған жол жүру билеттері енді сатылмайды.

Алматы қаласы транспорт холдингі директорының қаржы жөніндегі орынбасары Алина Меңдібаева Азаттыққа жолдаған хатында жазуынша, «Оңай» жүйесі қолма-қол төленіп келген әрі есепке алынбаған ақшаны көлеңкелі айналымнан шығарып, жақсы нәтиже көрсете бастаған. Жүйе жолаушылар жол ақысын автобус жүргізушілері мен шын мәнінде бейресми кондуктор саналатын «жүргізуші көмекшілеріне» қолма-қол ақшамен төлеуден бас тарту үшін енгізілген. Ресми хатқа қарағанда, 2016 жылғы қаңтар мен тамыз айын қосып есептегенде, «Оңай» электрондық билет сату жүйесі арқылы алты миллиард 617 миллион теңгеден аса ақша түскен.

Жүйені тиімді пайдалануға жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялардың қызметкерлері - көлік жүргізушілері мен олардың көмекшілері кедергі жасайды. Олар электрондық билет жүйесін елемей, жолаушылардан қолма-қол ақша жинайды.

«Алматы қаласында «Оңай» электрондық билет жүйесіне көшу кезінде біраз қиындықтар туып отыр. Мысалы, заңдарда қоғамдық көлікте жол жүруге арналған дифференциалдық тарифке қатысты олқылықтар бар екені байқалады, жолаушы мен жүргізушіні жүйені пайдалану ережесін бұзғаны үшін бақылаушының жауапқа тарту мүмкіндігі қарастырылмаған. Ал жүйені тиімді пайдалануға жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялардың қызметкерлері - көлік жүргізушілері мен олардың көмекшілері кедергі жасайды. Олар электрондық билет жүйесін елемей, көлеңкелі ақша айналымын өсіруге көмектеседі, яғни қаладағы қоғамдық көлік маршруттарында «Оңай» билетін бермей, жолаушылардан қолма-қол ақша жинайды» деп жазған Алина Меңдібаева.

Транспорт холдингі өкілінің хатындағы «Бұл жерде қалалық қоғамдық көлікпен жол жүру ережелері туралы ақпаратты білсе де, бұл ережелерді қасақана бұзатын жолаушылардың өздеріне де көп нәрсе байланысты» деген бір сөйлем де назар аударады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG