Accessibility links

Зілзала кезінде жиі жасалатын қателіктер


Апаттан сақтану жаттығуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00
Жүктеп алу

Төтенше жағдай басқармасы арнайы оқу-жаттығу өткізіп, жер сілкінісі мен биік ғимараттарда өрт бола қалған жағдайда құтқарушылар қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Алматы, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Алматыда өткен сейсмологиялық жаттығуға жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысқан жоқ. Азаттық тілшісі ірі зілзала куәгерлері, мамандар мен құтқарушылардан сақтық шаралары туралы сұрады.

Алматыда қыркүйектің 25-і күні жалпы қалалық сейсмологиялық жаттығу өтті. Қала тұрғындарының басым көпшілігі жаттығуды елеген жоқ. Мамандар зілзала бола қалған жағдайда адамдар өміріне қауіп төндіретін бірнеше қате жасайтынын ескертеді.

1. УАҚЫТ ӨТКІЗІП АЛУ

Ольга Кальцина Алматы қаласындағы 25-мектеп-гимназиясында 10 жылдан аса өмір қауіпсіздігі негіздері пәнінен сабақ беріп келе жатыр. Ол бүгінгі сейсмологиялық жаттығу кезінде мектебінің оқушылары «еңбегін ақтап, жақсы көрсеткіш көрсеткенін» айтады.

– Бүгінгі жаттығуда үш қабаттан тұратын мектептегі барлық оқушы 2 минут 15 секундта толық шығып үлгерді. Оқушылар әдетте 2 минут шамасында далаға шығып үлгереді. Оларға міндетті түрде күнделіктерін не оқулықтарын басына ұстап
Төтенше жағдай басқармасының арнайы оқу-жаттығу жиыны. Алматы, 25 қыркүйек 2013 жыл.
Төтенше жағдай басқармасының арнайы оқу-жаттығу жиыны. Алматы, 25 қыркүйек 2013 жыл.
шығуды үйретеміз. Ал мұғалімдер міндетті түрде сынып журналын ала шығуы керек, апат бола қалса оқушыларын журнал арқылы түгендейді, – деді ол.

Ольга Кальцинаның сөзінше, зілзала кезінде адамдар жасайтын ең ірі қателіктерінің бірі – дер кезінде сыртқа шықпай, үй ішінде айналсоқтап жүру.

– Зілзала басталысымен бірден далаға шығу керек. Ал біздің адамдар әдетте жер сілкінісі күшейгенге дейін күтіп, бірнеше минут өткен соң ғана құжаттарын жинай бастайды. Ең үлкен қателік – уақытты өткізіп алу. Жер сілкінгеннен кейін 1,5-2 минутта далаға шығып үлгермесеңіз, онда үйдің ішінен қауіпсіз жер табуға тырысу керек. Мысалы шойын ваннаға отырып, төбеңізді қатты затпен жабыңыз не емен сияқты қатты заттан жасалған үстел астын паналаңыз, – дейді маман.

Зілзала болған жағдайда көп қабатты үйлердің тұрғындары сейсмикалық тұрғыдан ең орнықсыз, қауіпті жер - қабат арасындағы баспалдақтар алаңы екенін ұмытпауы тиіс.

2. ҒИМАРАТ ҚҰЛАЙ БАСТАҒАСЫН ДАЛАҒА ҚАШУ

Алматы тұрғыны Ермек Ахметов 1966 жылы Ташкентте ірі жер сілкінісі болған кезде сол жақта әскери борышын өтеп жүргенін айтады.

– Поста тұрған едім, әуелі бір үлкен көлік келе жатқандай гүріл естілді. Дауыс
Пәкістандағы жер сілкінісі кезінде ғимараттан қашып шығып бара жатқан адамдар. Карачи, 24 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Пәкістандағы жер сілкінісі кезінде ғимараттан қашып шығып бара жатқан адамдар. Карачи, 24 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
жақындап келеді, мен жан-жағыма қараймын – ешнәрсе жоқ. Бір уақытта жер қозғала жөнелгенде құлап түстім. Қайта тұра алмадым. Жердің дірілімен аяқтың буыны ұстамайды. Әскери бөлімімізді қоршаған қабырға шайқалғанда... Алла ондайды көрсетпесін, – дейді зілзаланы есіне алған ол кісі.

Сол жылы 8-9 балдық күшті жер сілкінісі болып, Ташкент қаласы қатты қираған еді.

– Байқағаным – адамдар ғимараттар құлай бастағасын жапа-тармағай далаға қашты. Бұл – қателік. Мұндай жағдайда далаға қашудың қажеті жоқ. Егер үй не ғимарат сейсмология жағынан мықты болса, үйдің ішінде-ақ қауіпсіз жер тауып, аман қалуға болады, – дейді Ермек Ахметов.

3. ДҮРБЕЛЕҢГЕ БОЙ АЛДЫРУ

28 жыл құтқарушы қызметін атқарып, қазір зейнет демалысына шыққан Қасым Тұржанов табиғи апат кезінде адамдар жасайтын ең үлкен қателіктерінің бірі – дүрбелеңге бой алдыру екенін айтады. 1990 жылғы маусымда Шығыс Қазақстан облысындағы ірі жер сілкінісі кезінде өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеген құтқарушы жұрттың апат кезінде абдырап қалғанын айтады.

– 1990 жылғы маусымның 14-і күні мен кезекшілікте едім. Кешкі 8-дер шамасында жер сілкіне бастағанда, ауысымдағы алты адам далаға атып
Казатком ауылы тұрғыны жер сілкінісінен бүлінген үйін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 6 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Казатком ауылы тұрғыны жер сілкінісінен бүлінген үйін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 6 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
шықтық. Сыртта тұрған үлкен қызыл көлігіміз ойыншық секілді ары-бері қозғалып сілкініп тұр, – деп еске алды сол күнді құтқарушы.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында болған зілзала кезінде 7-8 балдық дүмпулер сезілген еді. Апат кезінде адам шығыны болмаса да, жүздеген үй-жай бүлінген.

– Жалпы кез-келген табиғи апат кезінде адамдардың жасайтын үлкен қателігі – дүрбелеңге ұшырау. Мұндайда адамдар қатты қорыққандарынан не істерін білмей қалады, сүрініп құлап, жараланып жатады. Көп қабатты үйлердің подъездерінде кептеліс болып қалады. Ал егер шынайы жағдайды саралап, байсалды әрекет етсе, адамдар көп жағдайда аман қалады, – дейді тәжірибелі құтқарушы.

Алматы қаласының аумағында әлсіз жер дүмпулері жыл сайын тіркеледі. Қала тарихындағы ең ірі зілзала 1887 жылы болып, екі мың шаршы шақырым аумақта жүздеген ғимарат қираған. Алматыдағы бұдан кейінгі күшті жер сілкінісі 1899 және 1910 жылдары сезілген.
XS
SM
MD
LG