Accessibility links

Түрмеге жас дәрігер мен медбике неге керек?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда еңбек дискриминациясымен күресетін қоғамдық ұйым пайда болды. Ұйым белсенділері кәдімгі хабарландырулардан жұрт елей бермейтін дискриминация мен лукизм белгілерін тапты.

Алматы газеттерінің бірінде жарияланған хабарландыруда «ЛА-155/18 мекемесіне дерматовенеролог, психиатр, рентгенолог, терапевт, фтизиатр мамандар және медбике қажет. Үміткерлердің жас шамасы 25-тен аспауы тиіс» деп жазылған. Жергілікті тұрғындар арасында өзгешелеу зерттеу жүргізе бастаған азаматтық белсенділер бұл хабарландыруда еңбек нарығында кездесетін кемсітушілік белгісі бар деп тапты. Олар «Түрме әкімшілігі неліктен жас дәрігер мен медбикені ғана қабылдайды? Ал 25 жастан асқандардың түрмеде жұмыс істеуге құқығы жоқ па?» деп таңданады.

Ақпанның 13-і күні Алматы қаласында еңбек нарығындағы кемсітушілікке қарсы күрес науқаны аясында «Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы жұмысқа шақырған хабарландырулар мониторингі қорытындысын жариялады.

ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТКЕР КЕРЕК?

«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы төрағасы Андрей Ушаковтың айтуынша, «Еңбек нарығындағы кемсітушілікке жол жоқ!» науқаны аясында ұйым бір ай бойы жұмысқа шақырған хабарландырулардың мониторингін жүргізген. Олардың ішінде еңбек дискриминациясы белгісі бар 190 жайт анықталған.

Андрей Ушаков Алматыдағы «SOS Детская деревня» ұйымы жариялаған хабарландырудан мысал келтірді. Бұл компания тәрбиешілік жұмысқа жасы 25-
«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы төрағасы Андрей Ушаков. Алматы, 13 қаңтар 2014 жыл.
«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы төрағасы Андрей Ушаков. Алматы, 13 қаңтар 2014 жыл.
45 шамасындағы, тұрмысқа шықпаған, жесір немесе ажырасқан әйелдерді шақырады. Оның айтуынша, бұл хабарландыруда адамның жасы мен жынысына қатысты кемсіту (гендерлік дискриминация) бар.

Гендерлік әрі жасына қатысты кемсітушілік белгісі бар келесі хабарландыру журналистерді күлдірді: «Трезвый водитель» компаниясына сағат 19:00-ден таңғы 7:00-ге дейін түнгі ауысымда жұмыс істейтін бойжеткен оператор қажет. Талаптар: сырт келбеті көрікті, жасы 24-33 шамасында болуы шарт».

– Түнде жұмыс істейтін бойжеткеннің көрікті болуы міндетті шарт па? Бәрібір ешкім көрмейді ғой, – деп әзілдейді Андрей Ушаков.

Оның пікірінше, бұл хабарландыруда да лукизм деген арнайы терминмен аталатын кемсітушілік белгісі бар.

ЖЕРГІЛІКТІ СИПАТТАҒЫ ЛУКИЗМ

«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Дмитрий Тихонов жиынға қатысқан жұртқа бұл хабарландыруда кездесетін лукизм терминіне қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, компания қызметкерлерді сырт
«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Дмитрий Тихонов. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.
«Азаматтық қорғаныс» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Дмитрий Тихонов. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.
келбетіне қарап іріктейді, яғни адамдарды алалап, көрікті адамдарды ғана жұмысқа алады.

Азаматтық белсенділердің айтуынша, лукизм – көбінесе қызмет көрсету саласына тән кемсітушілік.

– Мысалы, элиталық массаж үйлері көрікті әрі жас массажист қыздарды талап етеді. Мейрамхана администраторлық қызметке жасы 30-дан аспаған бойжеткенді қабылдайды. Бірақ міндетті түрде өңді, сымбатты болуы шарт. Тіпті букмекер компаниясының өзі кассир-оператор қызметіне көрікті қыздарды ғана қабылдайды, – дейді Тихонов.

Лукизмге көбінесе әйелдер ұшырағанымен, ер адамдарды да сырт келбетіне қарай алалап жататын жағдайлар кездеседі. Мысалы, «бойы 170 сантиметрден кем емес күзетші қажет» деген сияқты хабарландырулар жиі жарияланады.

Дмитрий Тихоновтың айтуынша, биыл қаңтар айының соңында 2 мыңнан аса хабарландыру зерттелген. «Азаматтық қорғаныс» ұйымы қызметкерлері оның 190-ынан еңбек дискриминациясы белгілерін тапқан.

Жас шамасына қарай кемсіту фактілері жиі кездеседі. Еңбек дискриминациясының бұл түрі 39 пайызды құрайды. Жұмыс берушілер әдетте көбінесе жасы 35-тен аспаған маман іздейді. Жасы 45-ке келгендерді сирек те болса сұраныс бар, ал 50 жас шамасындағы қызметкерлерге сұраныс мүлде жоқ деуге болады.

Аралас дискриминация (жас шамасына қарай және гендерлік кемсітушілік) – екінші орында (29 пайыз).

«Әйел-еркек» деп алалайтын «таза» гендерлік дискриминация үшінші орында
Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкері Мария Расулова. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.
Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкері Мария Расулова. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.
тұр.

– Бір қызығы, гендерлік дискриминацияға көбінесе ер адамдар ұшырайтын болып шықты. Кейбір хабарландыруларда ер адамдар да атқара алатын жұмыстарға «әйел қызметкер керек» деп жазылады, – дейді Дмитрий Тихонов.

«Азаматтық қорғаныс» ұйымы еңбек нарығындағы кемсітушілік туралы енді ай сайын мониторинг жүргізіп, нәтижесін жариялап, «Жыл қанаушысы» сыйлығын тағайындауды жоспарлайды.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы қызметкері Мария Расулованың айтуынша, еңбек нарығындағы кемсітушілік туралы мониторинг мәліметтері мемлекеттік органдардың да, қоғамдық ұйымдардың да қажетіне жарауы мүмкін. Оның айтуынша, биыл Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінде және БҰҰ-ның үш комитетінде (адам құқығы, азаптауға қарсы және нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттерінде) адам құқығы саласындағы ахуал туралы есеп береді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG