Accessibility links

Энергия үнемдейтін шамды күйіп кеткен соң да кәдеге жарату шарасы ескерусіз қалды. Табиғатқа зиянды бұл шамды ортақ қоқысқа тастауға болмайды. Алматыда мұндай шамды жинайтын екі-ақ орын бар.

Бұрынғы сымды шамды ауыстырған қуат үнемдейтін жаңа шамның ішінде сынап бар. Алайда бұл шамды жинайтын арнайы контейнерлер Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматының орталығында таяуда ғана пайда болды. Қала тұрғындары жарамсыз болып қалған қазіргі шамды бұрынғыдай ашық қоқыс жәшіктеріне тастайды. Оларды дұрыс залалсыздандыру жолдарын білмейтіндер көп, ал енді біреулерге күйіп кеткен шамдарды кәдеге жаратудың ақылы болғаны ұнамайды.

СЫНАПТЫҢ ҚАУПІ

Бекболат Ақпанов «Бірінші Алматы» теміржол вокзалында шебер болып істейді. Ол жұмыс істейтін мекеме қуат үнемдейтін шамдарды жоятын «Сынап плюс» компаниясымен келісім-шартқа отырған. Бекболат ай сайын күйіп кеткен 500-800 шамды осы компанияға өткізеді.

Алматы тұрғыны Мәншүк Ибраимова үйіндегі күйіп кеткен шамды көшеде тұрған қоқыс контейнеріне лақтыра салады. «Жанып кеткен жалғыз шамды өткізу үшін қаланың арғы басына бармаймын. Оның үстіне ақша төлеуге тиіссің» дейді ол. Жанып кеткен бір шамды залалсыздандыру ақысы – 70 теңге.

Энергия үнемдейтін шам. Көрнекі сурет.

Энергия үнемдейтін шам. Көрнекі сурет.

Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің гигиена, эпидемиология және биостатистика кафедрасының меңгерушісі Ғалымжан Мещанов сынап пен оның қосылыстары аса қауіпті уытты заттар екенін айтады.

Сынаптың иіссіз буы адам ағзасына көбінесе тыныс жолдары арқылы түседі. Кейін ол жүйке жүйесі, бауыр, бүйрек, асқазан-ішек жолдарын зақымдайды.

ШАМ ҚАЙДА ЖОЙЫЛАДЫ?

Алматыда қуат үнемдейтін шам күйіп кеткен кезде оны қабылдайтын екі-ақ пункт бар. Олар қала орталығында тұр. Жұмыс істегеніне 12 жыл болған «Сынап плюс» компаниясы осындай шамдарды залалсыздандырумен айналысады.

Құрамында сынап бар шамдар мен оттықтардан, термометр, градусник сияқты температура өлшейтін аспаптардан сынапты айырып алатын аппаратура үлкен шойын пешке ұқсайды.

– Мына камера жоғары температураға дейін қызғанда шамның шынысы қирап, ішіндегі сынап тез буланып бөлінеді. Төмен температурадағы аспаптың қабырғасына қонған сынап атомдары конденсатқа айналып, вакууммен айдалады. Салқындағаннан кейін бұл конденсат сұйық металл түрінде арнайы ыдысқа жиналады, – дейді цех бастығы Гавриил Казанчев.

Камераға бір мезгілде 200-ден 800 шамға дейін салынады. Қайта өңдеу сегіз сағатқа созылады. Цехта үш адам жұмыс істейді. Зиянды жұмыс жағдайы үшін өтемақы ретінде оларға күніне бір жарым литр сүт береді.

Шамдарды залалсыздандыру жұмысы


«Сынап-плюс» компаниясына күйіп кеткен шамдар мен құрамында сынап бар заттарды Қазақстанның Астанадан басқа барлық аймағынан әкеледі. Ал Қазақстан астанасында шамдарды бөлек жинайды.

– Мемлекеттік мекемелердің экологтары көп ұйымдарды бақылауға алып, бізбен келісім-шартқа отыруға мәжүрлейді. Заңды тұлғалар шамдарды бізге өткізеді. «Сынап плюс» шамдарды қабылдағаны туралы құжат жазып береді, – дейді Гавриил Казанчев.

ШАМДЫ ЖОЮ БАҒАСЫ

Алматы тұрғындарының шамдарды сирек өткізетінін айтқан цех қызметкерлері екі-үш адам келгенін естеріне түсірді. Цех бастығы Гавриил Казанцев «Мүмкін, тұрғындар залалсыздандыру ақылы болғандықтан өткізбейтін шығар» дейді.

– Шамдарды жоюға сол шамдарды жасап шағаратын өндіруші жауап беруі тиіс деген заң шығару туралы мемлекеттік қызметшілерге талай рет ұсыныс айттық. Энергия үнемдейтін шамдар. Көрнекі сурет.

Энергия үнемдейтін шамдар. Көрнекі сурет.

Құрамында сынап бар шам шығаратын фирма шамның өзіндік құнына оны қайта кәдеге жарату бағасын да қосса, бұл проблема болмас еді. Қазақстанда бір шамды жою 70 теңге тұрады, – дейді цех бастығы.

«Алматыэкологоқұрылыс» құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды демеркуризациялау (сынап пен оның қосылыстарынан химиялық және механикалық жолмен тазарту тәсілі) орталығының директоры Шыңғыс Рысқұлбеков те бұл пікірді қостайды. «Алматыэкологоқұрылыс» мемлекеттік кәсіпорны да қала мекемелерімен бір жылға келісім-шартқа отырады. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, шамдарды өздері әкеліп өткізетін тұрғындар өте аз.

– Қазақстан халқының бұл мәселеден хабары аз. Астанада жүз контейнер, ал Алматыда небәрі бір-екі-ақ контейнер орнатты. Оның өзін жақында ғана қойды. Келесі жылы жағдай түзелер деп үміттенеміз, – дейді Шыңғыс Рысқұлбеков.

«БЮДЖЕТТЕН АҚША ҚАРАСТЫРЫЛҒАН»

Өткен жылы индустрия және жаңа технологиялар министрлігі энергия үнемдейтін шамдарды кәдеге жаратуға республикалық бюджеттен бір миллиард теңге (6,6 миллион доллар) қарастырылды деп мәлімдеді. Бұл ақша алғашында әкімдіктерге бөлінеді деп болжанған. Бірақ бұл жоспар іс жүзінде орындалды ма, жоқ па – оны анықтау оңай болмады.

Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері Азаттық тілшісіне «шамдарды кәдеге
Алматының орталығында мамыр айының соңында екі контейнер қойылды. Бұл – алғашқы жоба.
жаратумен біз айналыспаймыз» деп, Алматы қаласы табиғи ресурстар басқармасынан сұрауға кеңес берді.

Алматы қаласындағы табиғи ресурстар басқармасы Азаттықтың сауалына «бұл шаруамен жергілікті атқару органдары айналысатынын, ал басқарма құрамында сынап бар шамдарды пайдалану қауіпсіздігіне қатысты мәселені ғана қадағалайтынын» айтты. Басқарма қызметкерлері қуат үнемдейтін шамдарды жинап, өткізу жұмысы нашар ұйымдастырылғанын мойындайды.

– Алматының орталығында мамыр айының аяғында ғана екі контейнер қойылды. Бұл – алғашқы жоба. Енді осындай контейнердің әр ауданға қаншасын қою қажет екенін анықтауымыз керек. Қала тұрғындарының арасында адам ағзасына сынаптың зияны мен қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын айына екі рет жүргіземіз, – деді Алматы қаласы қалдықтар мен табиғатты қорғау жөніндегі іс-шараларды басқару бөлімінің бас маманы Әлішер Сатыбалдиев.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТСЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ

Алматыдағы «Зеленое спасение» экологиялық қоғамы қызметкерлерінің айтуынша, құрамында сынап бар қалдықтарды залалсыз етуге мүмкіндік беретін технологиялармен жабдықталған демеркуризациялау кәсіпорындары Қазақстанда жетіспейді. Олар құрамында сынап бар материалдар мен бұйымдарды сақтап, кәдеге асыру барысын қадағалауға тиіс министрліктер мен ведомстволардың арасында тиісті байланыс жоқтығын да сынады.

Азаматтық белсенділер шамдар ғана емес, құрамында сынап бар барлық Энергия үнемдейтін шамдар.

Энергия үнемдейтін шамдар.

аспаптарды да қайта өңдеп, кәдеге жарату жөніндегі пунктердің үлкен желісін құруды ұсынады.

– Шамдарды кәдеге жарату туралы бағдарламаларды қаржыландыру бюджет есебінен қарастырылған. Бірақ бағдарлама басталмай жатып тоқтап қалды. Жаңа бағдарламалар жасалмады. Біз ақпарат таратумен ғана айналысамыз. Әкімдіктің сайтында құрамында сынап бар шамдарды кәдеге жарату туралы ақпарат жоқ, – дейді «Зеленое спасение» экологиялық қоғамы жобаларының менеджері Светлана Спатарь.

Азаттық тілшісі қаладағы оннан аса дүкен мен сауда үйіне барып көрді. Құрамында сынап бар материалдарды қабылдау пунктері бұл дүкендердің ешқайсысында жоқ болып шықты. Көп қабатты үйлердің ауласында да қауіпті заттарды тастайтын контейнерлер қойылмаған.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG