Accessibility links

Қазақстан тұрғындарының ағылшын тілін меңгеру индексі «өте төмен»


Ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысындағы орта мектеп, 16 наурыз 2016 жыл.

Ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысындағы орта мектеп, 16 наурыз 2016 жыл.

Ағылшын тілін білу деңгейін зерттеумен айналысатын Education First English Proficiency Index (EF EPI) ұйымы жариялаған индекс бойынша, Қазақстан 72 елдің ішінде 54-орын алып, «өте төмен» деген көрсеткішке ие болған.

EF EPI ағылшын тілін білу индексін сауалнама арқылы анықтайды. Оған елдің кемінде 400 азаматы жауап береді де, соның ішінен ортақ көрсеткіш шығарылады. «Өте төмен» деген сатыда Қазақстанмен бірге Түркия, Гватемала, Египет, Тунис, Әзербайжан сияқты елдер тұр. EF EPI сайтынан бұл сатыдағы елдің «орташа» азаматы ағылшын тілінде сөйлейтін елге турист ретінде барса, жол таба алмайтынын; жұртпен сөйлесе алмайтынын; қарапайым тілде жазылған электрондық хаттарды түсінбейтінін білуге болады.

«НАМЫСЫМ КЕЛІП ҮЙРЕНДІМ»

Алматы тұрғыны Ғұмар Қасымов ағылшын тілін 48 жасында меңгергенін айтады. Ол «халықаралық ұйымға қызметке тұрып, Тегеран қаласына барғанда ұйымның ресми тілі – ағылшын тілі болғанын» айтады.

Тегеранға барған соң, бірге жұмыс істейтін түріктер, ирандықтар, ауғандықтар, пакистандықтардың ағылшын тілінде сөйлеп жүргенін көріп, намысым келді. Үш ай Тегерандағы арнайы мектепке барып, ағылшынша үйрендім.

- Мектепте неміс тілін оқығанмын. Ағылшын үйренемін деген ойымда тіптен болған емес. Тегеранға барған соң, бірге жұмыс істейтін түріктер, ирандықтар, ауғандықтар, пакистандықтардың барлығы ағылшын тілінде сөйлеп жүргенін көріп, намысым келді. Сөйтіп үш ай Тегерандағы арнайы мектепке барып, ағылшынша үйрендім. Кейін үйден оқыдым. Екі жылдан кейін ағылшынша жиналыстар өткізетін дәрежеге жеттім, - дейді бүгінде зейнеткер Ғұмар аға.

70 жасқа келген сұхбаттасымыз, ағылшын тілін меңгеру арқылы «қосымша ақпарат көздері ашылғанын» айтады.

- Ойбай жасым келді, тіл үйрену қиын деуге болады. Бірақ ынта болса, намысқа тырысса, ерінбесе, үйреніп алуға да болады, - дейді Ғұмар Қасымов.

РЕЙТИНГ

Қазақстанда тіл үйренемін деушілердің ең үлкені – 67 жастағы шымкенттік қария болған. Мұндай мәліметті EF EPI таратып отыр. Ұйым ағылшын тілін білу деңгейіне қатысты рейтингтерін қарашаның 22-сі күні жария еткен.

72 елдегі 950 мың адамды қамтыған бұл тест нәтижесінде Қазақстан 54-орын алып, индексі «өте төмен» деп белгіленген. Әр елден 400 адамның тыңдау, оқу бойынша жауаптар алынып, нәтиже сол жауаптар негізінде шығарылатын бұл тестті ұйымның сайтына кіріп, тегін тапсыруға болады.

Қазақстан бұл индекске 2011 жылы қосылған. Сол жылы 44 елдің ішінде 44- орын алса, 2013 жылы 60 мемлекет ішінде 57-орынды иеленген. Ал соңғы үш жылда Қазақстан 54-орыннан не төмен, не жоғары жылжымай тұр.

EF EPI мәліметтеріне қарағанда Азия елдерінде ағылшын тілін негізінен 18-20 жас аралығындағы азаматтар меңгеріп жатыр. Ұйым есебінде Қазақстанда әйелдердің ерлерге қарағанда ағылшын тілінде жақсы сөйлейтіні байқалған. Ағылшын тілін меңгеруде 16-21 жас аралығындағы азаматтар белсенді деген көрсеткіш Азияның басқа өңірлеріне де тән болып отыр.

Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. (Көрнекі сурет)

Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. (Көрнекі сурет)

Постсоветтік елдерден бұл рейтинке Ресей, Әзербайжан мен Украина кірген. 72 елдің ішінде Ресей – 34, Украина – 41, Әзербайжан – 57-орында тұр.

Әлемдік рейтингтің басында Нидерланды, Дания және Швеция елдері тұрса, тізімнің соңында Лаос, Ливия және Ирак орналасқан.

Зерттеу нәтижесімен бөліскен EF EPI мамандары ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеруге қажет бірнеше жайттарды атап өтті.

- Грамматика әрине керек, дегенмен коммуникация, өзара сөйлесіп, тілді жаттықтыруға басымдық берген жөн. Ұстаздарға жұмсалған инвестиция әрдайым нәтиже береді. Дамыған елдерде жұмыс орындары қызметкердің тіл меңгеруіне септігін тигізуді міндетіне алған. Сол әдісті біз де қолданғанымыз жөн, - дейді EF Kazakhstan компаниясы директоры Әлия Марова.

EF EPI ағылшын тілін білу жаһандық экономика артықшылықтарын пайдалануға, табысы жоғары жұмыс табуға, кәсіби біліктілікті көтеруге, кәсіпкерлерге нарықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін ескертеді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG