Accessibility links

ҰБТ-да жанжал мен шпаргалка дауы да болды


Кітап ақтарып, ҰБТ сұрақтарының жауабын іздеп отырған ата-ана.

Кітап ақтарып, ҰБТ сұрақтарының жауабын іздеп отырған ата-ана.

Көп жерде ҰБТ жанжалға, оқушыларды «жөнсіз артық тінтуге» қатысты шағымдарға ұласты. Азаттық тілшісі биылғы емтихан кезіндегі шулы оқиғаларға шолу жасады.

2014 жылдың ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырмалары әлеуметтік желілерде жарияланып кетіп, сынақ тапсырудың алғашқы күні-ақ жанжал шықты. Кейін мұны ұлттық тестілеу орталығы да растады.

Петропавл қаласының түлегі Айнұр Серік телеарналардың біріне берген сұхбаттан кейін биліктен кешірім сұрауға мәжбүр болды. Ол телеэфирден емтиханда «Алматы қаласында сыра қайнататын тұңғыш зауыт қашан ашылды?» деген сұрақ келгенін айтқан. Білім министрлігінің тестілеу орталығы мұны терістеп, бұрын тестке кірген бұл сұрақтың биыл алынып тасталғанын мәлімдеді. Айнұр Серік білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің атына хат жазып, эфир арқылы «жалған ақпарат» таратқаны үшін кешірім сұрады.

Бұл жайт әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Жұрт «Оқушының кешірім сұраған хатын министрдің ақпарат құралдарында жариялағаны дұрыс па?» деген сұрақты талқылады. Біреулер «бойжеткен көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмай, оңай құтылды» десе, енді біреулер «оған қысым көрсеткен ғой», «баланы кемсітті» деп жазады.

ТІНТУ МЕН ТЕКСЕРУ

Алматы облысындағы кенттердің бірінде ҰБТ тиісті уақыттан бір сағатқа кешігіп басталған. Аудиторияға кірер кезде оқушыларды ұзақ тексеріп, тіну жүргізген. Ата-аналар емтихан қабылдаушыларды «жандармнан да жаман болды» деп Мектепті биыл бітірген түлектер. (Көрнекі сурет)

Мектепті биыл бітірген түлектер. (Көрнекі сурет)

шағымданады. Бану Қасенова есімді азамат Tengrinews агенттігіне «олар балаларға қатты айқайлады» деп мәлімдеген.

Қарағанды түлектері ҰБТ-ға қатысқан комиссия мүшелері «қатты сөйлесіп отырды, бұл ойымызды бөліп, кедергі жасады» дейді. Жергілікті ақпарат құралдарына ата-аналардың бірі Ольга Соколова «оқушыларды жөнсіз артық тексеріп, телефон немесе шпаргалка іздеп, ұлдардың шалбарының ішіне дейін үңілді» деп хабарлаған.

Өткен жылдардағы сияқты биыл да оқушылардан жасырын шпаргалка мен емтихан кезінде пайдалануға тыйым салынған байланыс құралдарын іздеген. Мысалы, Қарағанды облысындағы Атасу кентінде ҰБТ тапсыру кезінде шыққан жанжалға прокуратура араласқан. Оқушылардың ата-аналары «комиссия мүшелері балаларды киімі мен іш киіміндегі металдан жасалған барлық заттарды жұлып тастауға, бір оқушы қызды темір ілгегі бар юбкасын шешуге мәжбүрледі» деп шағымданған.

Ал Ақтөбе облысында ҰБТ нәтижесін білу үшін оқушылардың қабырғаға өрмелеуіне тура келген. «Ақтөбе-Таймс» басылымының хабарлауынша, тест нәтижелері жазылған парақтарды тестілеу орталығы терезелеріне жапсырған. Оқушылар тест нәтижелерін көру үшін кірпіш қабырғаларға өрмелеген.

ОҚУШЫЛАР МЕН АТА-АНАЛАРҒА АУЫР ЖҮК

Атырауда ата-аналар «Баламызды таңғы алты жарымда оятып, мектепке әкелдік, кейін университетке бардық. Ғимаратқа сағат 9-да кіргізгеннен сағат 12-ге дейін тексерді. Металл іздейтін рамадан төрт мәрте өткізіп, қыздарды қалқаға апарып, ұялы телефон мен шпаргалка іздеп, юбкаларын түруге мәжбүрледі» деп ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер мен оларды күтіп тұрған туыстары. (Көрнекі сурет)

ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер мен оларды күтіп тұрған туыстары. (Көрнекі сурет)

шағымданады. Әлеуметтік желілерде ата-аналар мен оқушылар ҰБТ өткізу тәртібін сорақылыққа балайды.

Кейбір ата-аналар «Жергілікті ҰҚК қызметкерлері Астанадан келген комиссияның алдында өздерін көрсету үшін әр оқушыны бес реттен сканерден өткізді. Тест тапсыруға сағат он бір жарымда ғана кіріскен балалардың жағдайы нашар болды. Бәрі бірдей телефон мен шпаргалка алып кірген жоқ қой» деп ашуланады.

Жансая Төлепбергенова деген ата-ана Азаттық тілшісіне: «Қанша жылдан бері ҰБТ өткізіп келеді, сонша жыл дау-дамай, жанжалға ұласып келеді. Жоғары оқу орнына түсетіндерге таңдаған мамандығы бойынша профильдік пәндерден алған бағасына қарай аттестатты мектепте беру керек» дейді.

Тағы бір оқушының әкесі Кәрім Сейілханов білім министрлігін ҰБТ-ден бас тартуға шақырады.

– Жастарымызды моральдық жарымжан ететін ҰБТ-ны алып тастаңдар. «Шамалап» тапсырған емтихан бағасын оқушының мектепте еңбектеніп алған білімімен салыстыруға болмайды, – дейді Кәрім Сейілханов.

ТЕЛЕФОН, ШПАРГАЛКАЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері ҰБТ кезінде оқушыларды емтихан алдында «шешіндіру оқиғалары» мен «жөнсіз артық тексерулерге» қатысты шағымдарға түсінік берді.

Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев баспасөз жиынында: «Мұндай жағдайлар болғанынан хабардармыз. Ұялы телефон сияқты әлдебір Сынақтың алғашқы күні 2014 жылғы ҰБТ тапсырмалары әлеуметтік желілерде жарияланып кетті.

Сынақтың алғашқы күні 2014 жылғы ҰБТ тапсырмалары әлеуметтік желілерде жарияланып кетті.

аппаратураны кіргізуге болмайды деген ережені орындау керек. Металл детекторын қойдық, бір емес, бірнеше телефон алып кірген балалар болды. Процестің созылып кеткені содан» дейді.

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева: «Стресс жағдайын ескерсек, комиссия өкілдерінің кейбірі дөрекі мінез танытқандай көрінуі мүмкін. Ал шындығында бұл – тест тапсыру кезіндегі стрестің әсері. Министрліктен өкіл ретінде қатысқандардың барлығы – мектеп, жоғары оқу орындары мұғалімдері. Олар болашақ студенттерге ешқандай дөрекілік көрсете алмайды дейді.

Ресми тұлғалардың мәлімдеуінше, тест тапсыру барысында оқушылардан 8 мың 269 ұялы телефон, 4 мың 424 шпаргалка, 204 калькулятор, 19 фотоаппарат, 6 рация, 2 блютуз құрылғы, 1 қол сканері және 1 кеңсе пышағы алынған. Басқа біреудің орнына сынақ тапсырмақ болған және тест тапсыру ережесін бұзған 16 адам аудиториядан шығарылған.

Биыл Қазақстанда маусымның 2-8 күндері өткізілген ҰБТ сынағына 87 мың түлек қатысқан. Бұл емтиханды жоғарғы оқу орнына түскісі келетін азаматтар тапсырады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG