Accessibility links

ҰБТ басталарда «шпор» саудасы қызды


Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұлттық бірыңғай тест тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ҰБТ басталуына аз қалғанда әлеуметтік желілерде «тест сынағының жауаптарын» сатып алуға шақырған жарнамалар пайда бола бастады. Заңсыз сауданың жыл сайын қызуына не себеп?

Шымкенттік Арсен (есімін толық жарияламауды өтінді – ред.) – ҰБТ тапсыруға дайындалып жүрген жоғары сынып оқушысы. Ол қазір тестен жоғары балл алудың бар жолын қарастырып жатқанын айтады. Талапкер сынақтан өту үшін ҰБТ сұрақтарының «шпорын» («шпаргалка» сөзінің ауызекі айтылуы – ред.) сатып алуға да дайын.

«Жыл бойы дайындалдым. Бірақ бар сұрақты жаттау мүмкін емес ғой. Сондықтан қазір «шпор» сатып алуға дайындалып, тест кезінде соны қолдану жолын ойластырып жүрмін. Тестің өз жауабы болса да, сатып аламын» дейді ол.

Арсен сияқты мектеп бітірушілердің мемлекеттік құпияға жатқызылған ҰБТ-ның жауаптарын сатып алу сияқты заңсыз әрекетке баруына тестің мазмұнындағы қарама-қайшылықтар мен ұйымдастыру мәселелері ғана әсер етпесе керек. Соңғы айларда әлеуметтік желілерде «ҰБТ шпорларын» сататын топтар мен парақшалардың да көбейіп кетуі бұл құбылысты оқушылар үшін кәнігі жайтқа айналдырғандай.

САТУШЫЛАР

«Шпор» саудагерлері өз парақшаларында тауарларын: «Әр пәннен 25 балл. Мамырдың 25-іне дейін сатып алыңыздар. «Шпор» саны шектеулі» деп жарнамалап жатыр. Қайдан алуға болатыны, кімге хабарласу керектігі парақшаларда ашық жазылған. Сатылатын «шпорлар» шағын етіп дайындалған. Әр пән сынағының «дайын жауабында» сұрақтар мен жауаптар алфавиттік ретпен орналасыпты. ҰБТ сұрақтарының дұрыс жауаптары бар шағын «шпор-кітапшалар» 2014 жылдың ақпан айынан бастап «қара базарға» шыға бастаған.

Алматылық Бақыт (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді – ред.) Азаттыққа ҰБТ Әлеуметтік желілерде ҰБТ арналған "шпорларды" саудалайтын парақшалардың скриншоты.

Әлеуметтік желілерде ҰБТ арналған "шпорларды" саудалайтын парақшалардың скриншоты.

«шпорларын» сатып жүргеніне екі жыл болғанын айтты. Ол бұл «бизнесінен» қанша пайда табатынын нақты айтпады, бірақ «пайда түспесе, айналыспаймын ғой» деп жауап берді.

«Барлық пәннің жауаптары бар. Алақанға сиятындай көлемде жасалған. Жауаптар алфавит бойынша тұр. Бір пәннің шпоры қазір 3-4 мың теңге. ҰБТ жақындағанда қымбаттауы мүмкін» деді ол.

Мақсат деген шпор сатушы жігіт техникалық пәндердің шпоры 4 мың, гуманитарлық пәндердің шпоры 3 мың теңге тұратынын айтты. Мақсат өз тауарларын «бір пәннің шпорында 10 мыңнан астам сұрақтың жауабы бар. Шпордың көлемі, өте шағын - 5х7 сантиметр» деп сипаттап берді.

Павлодар қаласында ҰБТ-ға арналған «шпорлардың» бағасы Алматыға қарағанда арзан. Шағын кітапшалар саудалап жүрген Самат есімді жігіт бес пәннің шпоры 4500 теңге тұратынын айтады. Оның айтуынша, «шпордың» ішінде «бүкіл сұрақтардың жауабы бар» және «2014 жылғы тест тапсырмалары» да енгізілген.

Өскеменде «шпор» саудалайтын Әділ бір пәннің кітапшасы 2500 теңге тұратынын айтты. Ол «әр пәннің шпорында 17 мың сұрақтың жауабына дейін бар» дейді.

«ТАЛАПКЕРЛЕР АЛДАНЫП ҚАЛМАСА ЕКЕН»

Кезінде «шпор» сатып алып опық жегендер де бар. Өскемендік Балнұр Кәрменова былтыр «8 мың теңгеге «шпор» алып», тест кезінде пайдалана алмағанын айтады.

«Сатып алғаннан пайда жоқ. Комиссия қозғалтпайды. Ұсталсаң, акт толтырып шығарып жіберуі мүмкін. Мен математика, физика, Қазақстан тарихынан «шпор» алғанмын. Пайдалана алмадым. Өз күшіммен 84 балл алып, физика мұғалімі Әлеуметтік желілерде ҰБТ арналған "шпорларды" саудалайтын парақшадан скриншот.

Әлеуметтік желілерде ҰБТ арналған "шпорларды" саудалайтын парақшадан скриншот.

мамандығына грантқа ілініп кеттім. Сондықтан талапкерлер алданып қалмаса екен» дейді сұхбаттасымыз.

Қазақстан ұлттық тестілеу орталығының мамандары Азаттыққа берген сұхбатында «шпор сатушы» және «шпор қолданушы» ұсталған жағдайда қандай жаза қолданылатынын айтып берді.

«Егер талапкер телефон, «шпаргалкамен» ұсталса, бірден аудиториядан шығарылады және нәтижесі есепке алынбайды. Ал «жауап» және «шпор» сатып жүргендер болса, бірден ҰҚК және құқық қорғау органдары арқылы тұтқындалып, қылмыстық іс қозғалады» деп жазылған тестілеу орталығының ресми жауабында.

Қазақстанда «ҰБТ ұйымдастыру және өткізу ережесі» бойынша тест жауаптары мемлекеттік құпия болып есептеледі. Ал мемлекеттік құпияны ашқан адам қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің жеке блогына да ата-аналар «ҰБТ жауабын сату», «тестілеудің таза өтпейтіні» сияқты мәселелерді көтерген көптеген хаттар түсіп жатады. Министр сол шағымдардың біріне «Бөтен адамдардың тестілеуді өткізуге кедергі келтірмес үшін әр аудиторияға бір министрлік өкілі болады және бейнебақылау мен ұялы байланыстарды бұғаттайтын аппараттар орнатылады» деп жауап берген.

Қазақстан ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша, 2014 жылы 2-9 маусым аралығында өтетін ҰБТ-ға қатысуға 92077 түлек өтініш білдірген. Оның 63603 қазақ тілінде, 28474 орыс тілінде тапсырады. ҰБТ тапсыру мектеп бітіре салып Қазақстандағы жоғары оқу орнына түскісі келетін оқушылар үшін міндетті сынақ.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG