Accessibility links

"Президентке адал" екенін айтқан Ерлан Арын босатылды


Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын. Астана, 20 ақпан 2013 жыл. Ресми сайттағы сурет.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын. Астана, 20 ақпан 2013 жыл. Ресми сайттағы сурет.

Павлодар соты облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынға үш жыл шартты жаза беріп, сот залынан босатты.

Қарашаның 26-сы күні Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот осы облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынды үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға және оның бес жыл мерзімге дейін мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салу туралы үкім шығарды.

"Сот Ерлан Арынды алаяқтық жолмен 1,6 миллион теңге қаржы жымқырды, пара алды және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырған деп айыптап, оны үш жыл мерзімге бас бостандығынан шартты түрде айырды" деді үкімді оқыған судья Қабиболла Байгөншеков.

Бұған қоса "Құрмет" және Парасат" ордендерінен де айрылған Ерлан Арын бүгін сот залынан бостандыққа шыққан.

Ерлан Арынды биыл наурыздың басында қаржы полициясы Павлодар облыстық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тұтқындаған еді. Әуелде оған «ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды, «бюджет қаржысын ысырап қылып, иеленді» деген айыптар тағылған. Бірақ, кейін облыстық прокуратура істі қарап, айыптардың кейбірін алып тастаған.

25 қараша күні Ерлан Арын соңғы сөзінде өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, тергеу кезінде заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеген еді. Бұған қоса, өзі бұрын әкім болып тұрғанда айналасында болған адамдардың кесірінен "президенттің үмітін ақтай алмағанын" айтып, президенттен кешірім сұраған болатын.

Саясаттанушы Расул Жұмалы сот үкіміне бұрынғы әкімнің "президентке адалдығы" туралы мәлімдемесі әсер еткен болуы мүмкін деп болжайды.

- "Адалдығы" мен "берілгендігін" алға тартып, президенттен кешірім сұрау бірінші рет болып отырған жоқ. Мысалы, кезінде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жетекшілерінің бірі Мұхтар Әблязов рақымшылық туралы өтініш берген соң бостандық алған, - дейді саясаттанушы.

Тергеу амалдарының тиісті дәрежеде анық, ұғынықты жүрмегені туралы ақпараттарды алға тартқан саясаттанушы "бұл үкім Қазақстандағы сот жүйесінің жоғары дәрежеде емес екендігінің тағы бір дәлелі" дейді.

Қазақстанда Ерлан Арын сияқты ұзақ тергеліп, ақырында шартты түрде жаза алып, сот залынан босап шыққан шенеуніктер некен-саяқ.

Бірақ, "жемқорлық" бабы бойынша тұтқындалып, кейін жазасы жұмсарып, бостандыққа шыққан, тіпті мемлекеттік қызметке қайта оралған шенеуніктер жеткілікті.

Мәселен, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 2011 жылы "қызмет бабын асыра пайдаланды, "аса ірі көлемде пара алды" және "мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған еді. 2013 жылы наурызда ол мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. 2008 жылы Астанада ұсталған бұрынғы білім және ғылым миинстрі, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев сол жылы күзде «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айрылып, 2009 жылы қарашада түрмеден босап шыққан еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG