Accessibility links

Маңғыстаулық жұмысшылар аштық жариялады


D аралындағы жұмысшылары ереуілі. Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

D аралындағы жұмысшылары ереуілі. Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ersai Caspian Contractor LLC» («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясы жұмысшыларының 11 мамырда басталған ереуілі аштыққа ұласты. Оларды қолдаған ауыл тұрғындары кәсіпорынға баратын жолды бөгеп тастады.


Компания жұмысшыларының бірі Мамай Айсариевтің сөзіне сүйенсек, автокөлік бекетіне жиналған жұмысшылардың аштық жариялағанына үш күн болған.

– Тек ереуіл ғана емес, жұмысшылар өз талаптарына қол жеткізу үшін аштыққа жатуға мәжбүр болды. Қазір аштық жариялағандар – 10 адам. Бүгін-ертең тағы 5 адам қосылмақ, – деп хабарлады Мамай Айсариев Азаттық тілшісіне.

АШТЫҚ АКЦИЯСЫ

Маңғыстау облысындағы Құрық кентінде Қашаған жобасындағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысып жатқан «Ersai Caspian Contractor LLC» біріккен кәсіпорыны жұмысшылары ереуілі мамырдың 11-інде басталған. Олар компания басшылығынан жалақы төлеудегі айырмашылықты жоюды, жалақыны
Шетелдік жұмысшылар, атқарып жатқан қызметтері жергілікті жұмысшылармен бірдей болса да, 2-3 еседей артық жалақы алады

көтеруді, еңбек шартына өзгерістер енгізіп, қайта жасауды және «Қарақия» тәуелсіз кәсіподақ ұйымына жұмысшылардың мәселесін шешу үшін басшылармен келіссөз жүргізуге мүмкіндік беруді талап етіп отыр.

– Шетелдік жұмысшылар, атқарып жатқан қызметтері жергілікті жұмысшылармен бірдей болса да, 2-3 еседей артық жалақы алады. Осы дискриминацияны жоюды басты талап етіп отырмыз, – дейді жұмысшылар.

Бізге жеткен мәлімет бойынша, ереуілдетіп жатқан жұмысшыларға Құрық кентінің тұрғындары да қосылған. Жұмысшы Дәурен Әбдірахманов осы кентте тұратын кәрі ата-аналарының бала-шағаларын шұбыртып, өздеріне қолдау көрсетуге келгендерін айтады. Кент тұрғындары Құрықтан «Ersai Caspian Contractor LLC» кәсіпорынан дейінгі жолды бөгеп тастады.

ПРОКУРОРМЕН «ЖЕКПЕ-ЖЕК»

Азаттық тілшісіне хабарласқан Мамай Айсариев «мамырдың 16-сы күні Ақтауда өткен мамандандырылған экономикалық сот шешімі бір жақты қабылданды, жұмысшылардың талабы ескерусіз қалды» деп санайды. Оның айтуынша, «осы сот шешіміне сай 100 шақты адам жұмыстан босап қалған». Ал кеше, яғни мамырдың 22-сі күні компания басшылығы Оралдан келіп жұмыс істеп жатқан 30 жұмысшының түнгі сағат 10-да вахтаны босатуларын талап етті.

Азаттық радиосына арнайы хабарласқан «Ersai Caspian Contractor LLC» жұмысшыларының құқығын қорғаушы сенімді өкілі Мұрат Нұғмановтың
...жұмысшыларға заңдық түсініктеме беруге барған Қарақия ауданының прокуроры М.Мырзақұлов жұмысшы А.Имағанбетовты соққыға жыққан

айтуынша, жұмысшыларға заңдық түсініктеме беруге барған Қарақия ауданының прокуроры М.Мырзақұлов жұмысшы А.Имағанбетовты соққыға жыққан. «Қазір дене жарақатын алған А.Имағанбетов медициналық дәрігерлік сараптамадан өтіп жүр» дейді Мұрат Нұғманов.

– Жергілікті халық аудан прокурорының да жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Ал біз осы мәселені баяндап, Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың, парламент мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшынбаевтың атына арызданып отырмыз, – деді жұмысшылар өкілі.

Бұл мәселе жайлы Қарақия аудандық прокуратурасымен сөйлесе алмадық. «Ersai Caspian Contractor LLC» компаниясы да жауап берген жоқ. Ал Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұловтың хатшысы Азаттық тілшісіне өзі қоңырау шалып, «бастығыммен сөйлестіремін» десе де, хабарласпады.

«Ersai Caspian Contractor LLC» – итальяндық «Сайпем Интернешнл Б.В.» және қазақстандық «ЕРС Холдингз» арасындағы тең үлеспен, өзара келісімен құралған мекеме. Бірақ оған толықтай «Сайпем» компаниясы қожалық етеді. Бұл компания Қашаған жобасы үшін құбыр эстакадаларын салады, монтаждау жұмыстарын жүзеге асырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG