Accessibility links

Маңғыстауда жұмысшылар ереуілі жалғасып жатыр


D аралындағы жұмысшылары ереуілі. Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

D аралындағы жұмысшылары ереуілі. Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысында Қашаған жобасына байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания басшылығы мен ереуілге шыққан жұмысшылар арасындағы дау сотқа жетті.


Жұмысшылар мекеме басшылығынан әлеуметтік мәселелерін шешіп беруді талап етсе, басшылық ереуілдің заңсыз екенін дәлелдеуге тырысып отыр.

Мамырдың 16-сы күні Ақтау қаласында «Ersai Caspian Contractor LLC» («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясының ереуілге шыққан жүздеген жұмысшысына қарсы алдын-ала тыңдау басталды.

АЛДЫН-АЛА ТЫҢДАУ

Сотқа шағым беруші «Ersai Caspian Contractor LLC» компаниясы бір аптадан бері жұмысын тоқтатып, ереуілге шыққан жүздеген жұмысшының әрекетін заңсыз деп табуды сұрайды.

Жұмысшылар кәсіподағының төрағасы Нұржан Құшақбаевтың айтуынша, мамырдың 16-сы күні істі қараған судья С.А.Құттымұратова «сот шешімі шыққанша жұмысшылардың ереуілін тоқтатуды ұйғарыпты». Дегенмен ол наразылық шарасының тоқтайтынына күмән келтіреді.

– Мен сотқа «ондай өкілеттік қолымда жоқ» екенін айттым. «Оны ереуіл комитеті қарастырады» дедім. Енді соттың ұйғарымын ереуілге шығып отырған жұмысшыларға оқытып, солардың келісімін алуға кетіп бара жатырмын, – деді Нұржан Құшақбаев мамырдың 16-сы күні Азаттық радиосы тілшісіне.

АЛТЫ КҮН ЕРЕУІЛ

Қашаған кенішіне байланысты құрылыс жобаларын жүзеге асырып жатқан «Ерсай Каспиан Контрактор» кәсіпорнының жүздеген жұмысшысының ереуілдеп жатқанына – бүгін алтыншы күн. Жұмысшылар басшылықтың алдына төрт талап қойып отыр. Олар – айлықты жүз пайызға көтеру,
...шетел жұмысшыларының айлығы 200-500 пайыз артық
Қазақстан жұмысшыларының жалақысын шетел азаматтарының жалақысымен теңестіру, ұжымдық келісім-шартты жұмысшылардың мүддесіне қарай бейімдеу және кәсіподақ жұмысына кедергі жасамау.

– Кейбір бірдей мамандықтарды салыстырған кезде шетел жұмысшыларының айлығы 200-500 пайыз артық, – дейді компания жұмысшысы Аманжол Амангелді.

Жұмысшылардың айтуынша, айлық көлемі 22 мың мен 88 мың теңге аралығында.

– Жалпы жалақымыз – 26 мың теңге. Қолға шамамен 20-22 мыңдай тиеді. Қазіргідей қымбатшылық заманында жанұяны асырау қиын ғой, – дейді Абай Жантілеуов.

Ереуілшілердің сөзіне қарағанда, бір аптаға жуық уақытта компания басшыларының ешбірі келмеген. «Бұлай жалғаса беретін болса, мамырдың 21-інен бастап жаппай аштық акциясын бастаймыз. Бұл жайында жергілікті әкімшілікке де ескертіп қойдық» дейді олар.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық кентінде орналасқан «Ersai Caspian Contractor LLC» компаниясына хабарласқан еді. Кәсіпорынның бұқарамен жұмыс бөлімінің жетекшісі Әділет Адам ауызша жауап беруден бас тартып, интернет сайттарда таратылған компанияның ресми жауабына сілтеме жасады.

«ЖАЛАҚЫ – БӘСЕКЕГЕ САЙ»

Компания мамырдың 13-і күні интернетте таратқан ресми жауапта былай деген: «Компания айлықты жүз пайызға өсіру туралы жұмысшылардың талабын негізсіз деп есептейді. Бұл сонымен қатар Қашаған кенішінің екінші
Компания... жұмысшылардың талабын негізсіз деп есептейді
сатысын жүзеге асыру жұмыстарының кейінге қалдырумен де байланысты... Жалақы деңгейі бәсекеге сай, кәсіпорнымызға жұмысқа орналасқысы келетін адамдар санының көбеюі де бұған дәлел бола алады...».

Компания ресми жауапта «Қазақстан мен шетел жұмысшылары айлығы арасында айырмашылық бар» дегенді де жоққа шығарады.

Бұл іс бойынша алғашқы сот процесі мамырдың 25-іне белгіленді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG