Accessibility links

Үлескерлер Алматы әкімнің есеп беру "қойылымына" қатыстырылмады


Әкіммен кездесу мәртебесіне ие бола алмай қалған үлескерлер. Алматы,Республика сарайы, 6 ақпан, 2009 жыл.
Әкіммен кездесу мәртебесіне ие бола алмай қалған үлескерлер. Алматы,Республика сарайы, 6 ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 6-сы күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала тұрғындарына есеп берді. Төрт сағатқа созылған кездесуде әкім Республика сарайына лық толған алматылықтардың алдында баяндама жасап, түрлі сауалдарға жауап берді, бірақ ипотекалық борышкерлер мәселесі қозғаусыз қалды

Әкіммен кездесуге алдымен үлсекерлеер ынтыққан еді. Бірақ әкімді бір көруге зар боп жүрген үлескерлер қауымы залда бос орын болмағандықтан, сарайдың дәлізіндегі арнайы теледидардан ғана әкімнің сөзін тыңдады. Тіпті өздерін толғантқан сұрақтарды да қоя алмады.
Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов кездесуге кіре алмай қалғандармен сөйлесіп тұр. Алматы, 6 ақпан, 2009 жыл.


— Біз шулаған соң барып, әкімнің орынбасары Серік Сейдуманов сарайдың дәлізіне кіргізді. Залға кіретін әр есіктің алдында екі полицейден күзет қойыпты. Ақыры бізге әкімнен жауабын естігіміз келген сауалдарымызды қоюға мүмкіндік болмады. Әкімнің орынбасарлары бізге шуламай тыныш отыруға бұйрық берді. Олар мәселелерің шешіледі дейді. Бірақ олардың сөзіне сенбейміз, өйткені олардың қабылдауына кірудің өзі қиямет-қайым,–деді «Верный KZ» құрылыс компаниясынан алданған үлескерлердің бастамашыл тобының жетекшісі Айжан Жанқоразқызы.

Бірақ Ахметжан Есімов өз сөзінде кез-келген мәселемен тұрғындарды қабылдауға өзінің де, орынбасарларының да есігі ашық екенін бірнеше рет қайталады.

Қала әкімінің айтуына қарағанда, үлескерлердің мәселесін шешу Үкіметпен бірлесіп қолға алынып, қажетті жұмыстар жасалып жатқан көрінеді. Оның дәлелі ретінде әкім төмендегідей мәліметтер келтірді.
«Бүгінде үлескерлердің мәселесі Президенттің тікелей тапсырмасымен шешімін тауып жатқанын сеніммен айта аламын. Былтыр 3150 үлескер пәтерлерін алды. Қалған үлескерлердің саны 12460. Олардың барлығы 69 тұрғын үйге ақша салған.
«Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен 11 үйдің құрылысы өз жалғасын табатын болады. Бұл 2260 үлескердің пәтері. Біз мұны 2008 жылы бастаған болатынбыз. 3714 үлескерге тиесілі 25 тұрғын үй құрылысын компаниялар өз қаржыларымен салып жатыр. Оған мемлекеттің көмегінің қажеті жоқ» - деді Ахметжан Есімов өзінің есептік баяндамасында.

Сондай-ақ, әкім үлескерлердің мәселесін шешуде 9 бағыт бойынша жұмыс жүріп жатқанын айта келіп, алданған үлескерлердің мәселесі де шешімін табатынын атап өтті.

Соның ішінде «Верный KZ» - тің алданған үлескерлері, құрылыс компаниясының үстінен жүріп жатқан сот ісінің шешімі шыққан соң, сот қарауына алынған компания мүлігінің есебінен өз ақшаларын алады деп сендірді.

Қала өміріне қатысты барлық жайды айтқан Ахметжан Есімов есептік баяндамасында Алматыда аштық акциясын өткізіп, шерулерге шығып жүрген ипотекалық борышкерлердің ушығып тұрған мәселесі туралы бір ауыз сөз айтпады.
Алматы әкімінің орынбасары Виктор Долженков үлескерлер сұрақтарына жауап беруге тырысуда. Алматы, 6 ақпан, 2009 жыл.

Ал, «Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Эльмира Ысқақова билік ипотекалық борышкерлердің мәселесін біржақты шешпесе, мұның арты қиынға соғатынын ескертті.
— Әкіммен кездесуге біздің ұйымның адамдары барған. Бірақ оларды ішке енгізбей қойыпты. Біз бүгін президентке үндеу жазып жібердік. Онда біз аштық жариялауымызды бір айға тоқтатқанымызды, егер осы бір айдың ішінде нақты бір жұмыс жасалмаса, аштық акциясын жалғастыратынымызды ескерттік. Билік біздің мәселемізді шешпесе, онда мұның арты жақсылыққа апармайды, - деді Элмира Ысқақова Азаттық радиосына.

Үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан күні бүгінге дейін бірде-бір құрылыс компаниясының, үлескерлердің және ипотекалық борышкерлердің мәселесі нақты шешімін таппай отыр.
XS
SM
MD
LG