Accessibility links

БҰҰ комитеті Есіркеповтің құқығы бұзылған деп таныды


«Журналисты в беде» сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Рамазан Есіркепов. Алматы, 14 сәуір 2014 жыл.

«Журналисты в беде» сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Рамазан Есіркепов. Алматы, 14 сәуір 2014 жыл.

БҰҰ адам құқықтары комитеті қазақстандық журналист әрі белсенді Рамазан Есіркеповтің екі шағымы бойынша шешім шығарды. Құқық қорғаушылар «бұл шешімдер адам құқығы мен баспасөз еркіндігі үшін маңызды» дейді.

БҰҰ адам құқықтары комитеті журналист Рамазан Есіркеповтің сот әділдігін пайдалану құқығы бұзылған әрі оны түрмеде бір күн артық ұстаған деп таныды. Тараз қаласындағы түрмеде үш жыл отырып шыққан Есіркепов «саяси астары ғана бар себептермен айыпталып сотталдым» деп есептейді. Енді ол мемлекеттен материалдық және моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алмақ.

Бүгін Алматыда құқық қорғаушылар БҰҰ комитеті шешімін сөз еркіндігі мен адам құқығы үшін күрестің жетістігі деп мәлімдеді. Жаңаөзен оқиғасына биыл бес жыл толуына байланысты олардың баспасөз жиынында Есіркепов басқаратын «Жаңаөзен-2011 комитеті» жұмысы да талқыланды.

РАМАЗАН ЕСІРКЕПОВТІҢ ІСІ

«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркепов 2009 жылы қаңтардың 6-сы күні «Елімізді президент басқара ма, әлде ҰҚК басқара ма?» («Кто управляет нашей страной — президент или КНБ?») деген мақаласы жарияланғаннан кейін тұтқындалған. Кейін Тараз қалалық соты «құпия ақпаратты заңсыз жинап, жариялады» деген айыппен оны үш жылға соттап, екі жылға баспа саласында жұмыс істеу мен журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырған. Есіркепов үкімге қатысты апелляциялық, кассациялық және Жоғарғы сотқа дейін шағымданған, бірақ бұдан ештеңе шықпаған.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы көмегімен әзірленген Рамазан Есіркеповтің шағымы 2010 жылы (ол түрмеде отырған кезде) БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне жолданған. Есіркеповті түрмеден 2012 жылы қаңтардың 6-сы күні босатқан. Ол түрме билігі оны көрсетілген мерзімнен бір тәулік артық ұстады деп санайды. Қазақстанның сот жүйесі бұл фактіге қатысты шағымын қанағаттандырудан бас тартқан соң ол БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне шағымданған.

БҰҰ адам құқықтары комитеті Есіркеповтің қос шағымын бір өндіріске біріктіріп, ақыры биыл наурыздың 29-ы күні оны қолдаған шешім шығарған. Қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, комитет Есіркепов адвокаттарының құпия құжаттармен танысу талабын орындамаумен оны апелляциялық сотқа қатысу мүмкіндігінен айыруды оның қорғану құқығын бұзу деп таныған. Есіркеповтің шағымы бойынша шыққан бұл шешімді БҰҰ комитеті тарихында сөз еркіндігін бұзуға қатысты шыққан бірінші шешім деп атайды.

- Әлгі шешімде заңсыз сотталғаны және тағы басқалар үшін Есіркепов мырзаға өтемақы төленуі тиіс деп жазылған. Біз енді мемлекеттің қандай әрекеттерге баратынын күтеміз, - дейді Евгений Жовтис.

ӨТЕМАҚЫ МЕН САТИСФАКЦИЯ

Енді Рамазан Есіркепов мемлекеттен 525 миллион теңге (шамамен 1,5 миллион доллар) көлемінде материалдық зиян, 22 миллион теңге (шамамен 63 миллион доллар) көлемінде моралдық зиян өндіріп алмақ. Есіркеповті қудалау салдарынан ол басқаратын «Алма-Ата Инфо» газеті жабылып, ал редакция жұмысын тоқтатқан болатын. Ол түрмеде отырған кезде анасы жүрек талмасына ұшырап, оны түрмеден босатқаннан кейін көп ұзамай көз жұмған. Осы кезеңде оның отбасының өзге кейбір мүшелері де ауыр сырқатқа шалдыққан.

2001 жылы түрмеге заңсыз қамалғаны үшін Рамазан Есіркепов ертеректе - 2014 жылы мемлекеттен 500 мың теңге (сол кездегі бағам бойынша шамамен үш мың доллар) өтемақы өндіріп алған болатын.

Қазіргі жеңісінен жігерленген Рамазан Есіркепов жаңа екі іс қозғату ниетін айтады. Ол соңғы қылмыстық істің күшін жоюды талап етпек: осы іс бойынша сотқа президент Нұрсұлтан Назарбаевты куәгер ретінде тартпақ. Ал екінші азаматтық іс бойынша ол мемлекет үстінен талап-арыз беріп, бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаевты жауапкер ретінде сотқа тартқысы келеді.

Баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева БҰҰ адам құқықтары комитетінің Есіркепов ісінде сөз еркіндігі өрескел бұзылған деп мәлімдеген шешімі «сот төрелігі мен юриспруденция саласы шенеуніктерінің парасатын оятар» деген үмітін айтты.

ЕСІРКЕПОВ, БҰҰ ЖӘНЕ ЖАҢАӨЗЕН

2012 жылдың қаңтарында түрмеден шыққаннан кейін Рамазан Есіркепов «Жаңаөзен-2011 комитетін» басқарған. Оның айтуынша, ол басқаратын комитет Жаңаөзен оқиғасына бес жыл толуына байланысты биылға біраз жұмыс жоспарлаған. Комитет мүшесі Розлана Таукинаның айтуынша, ұйым Жаңаөзен оқиғалары кезінде ауыр жарақат алған ағайынды Досмағамбетовтер – Мақсат пен Қайратқа көмек көрсеткен.

«Жаңаөзен-2011 комитетінің» тағы бір мүшесі әрі құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Жаңаөзен оқиғаларын әділ тексеруді талап етеді.

- Комитет Жаңаөзен оқиғаларын қайта тексеруге кеңес беріп, Базарбай Кенжебаевты тағы еске алды. Яғни бұл іс әлі назарда. Ол БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті бақылауында. Келесі жолы - егер Қазақстанда ештеңе істелмесе, бұл істі тағы қозғайтынына сенімдімін, - дейді Жовтис.

Халықаралық, оның ішінде азаптауға қарсы құқық қорғау форумдарына жиі қатысатын қазақстандық құқық қорғаушы ретінде Жовтис «азаптауға қатысты мәселелердің бірі - Жаңаөзен» дейді.

- Сондықтан бұл процес тоқтамайды, - дейді ол.

Рамазан Есіркепов үкімде кесілген жаза мерзімін толық өтеп шыққан. Оны мерзімінен бұрын шартты жазамен босатпады, ал амнистиядан өзі бас тартқан. Ол түрмеде отырған кезде штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы оған Хеллман — Хаммет сыйлығын берген. Қазақстанның демократиялық күштері 2009 жыл қорытындысы бойынша Рамазан Есіркеповті «Азаттық» сыйлығымен марапаттаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG