Accessibility links

Әкімдіктен «әділдік» іздеген адам 5 жылға сотталды


Алматы қалалық әкімдігі алдында тұрған полцейлер. (Көрнекі сурет).

Алматы қалалық әкімдігі алдында тұрған полцейлер. (Көрнекі сурет).

Алматы әкімдігіне «жарылғыш затпен» кіріп, наразылық білдірген адамды сот 5 жыл бас бостандығынан айырды. Оның туыстары бұл қылмыс емес, «әділдік іздеп, амалсыздан барған әрекет» деп отыр.

Сәуірдің 6-сы күні Алматының Бостандық аудандық №2 соты қаңтар айында қала әкімдігі ғимаратына кіріп алып, шықпай қойған 37 жастағы Евгений Рычковты "терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айыппен бес жылға соттады.

ӘКІМДІКТЕГІ «АКЦИЯНЫҢ» ТӨРКІНІ

Азаттық тілшісімен сөйлескен Евгений Рычковтың анасы Светлана Марахова, ұлына қатысты үкімды «тым ауыр» деп отыр.

- Женяға 5 жыл беретіндей ол адам өлтірген жоқ. Енді міне, 5 жылға қамап тастаса, әйелі, екі баласы мен қартайған мен, барлығымыз қалай күн көреміз? - деп көзіне жас алды қарт ана.

Светлана Николаевнаның айтуынша, 2007 жылы ұлы Алматы маңынан жер алып, үй салған. Оны сақтандырған. Алайда біраз уақыт өткен соң үйі өртеніп кетіп, баспанасыз қалған.

- Балам өзі құрылысшы. Құны 180 мың доллар тұратын үйіміз өртеніп кеткен соң, сақтандыру компаниялары бірі - 50 мың теңге, тағы бірі 3 миллионнан сәл асатын сома береміз депті. Мұнымен Евгений келіспей, соттасып, іс Жоғарғы сотқа жетті, - дейді Светлана Марахова.

Айтуынша, ұлы сотта жеңіліп қалған. Одан бөлек, Евгений өзі үй салып жатқанда банктен несие алған екен.

- Оның да пайызы өсіп, жағдайымыз қиындап кетті. Мен ұлымның мұндай әрекетке баратынын білмедім. Мен оның ісін қылмыс емес, амалсыздан, әділдік іздеп жасаған қылығы деп ойлаймын, - деді Светлана Марахова.

Қаңтардың 13-і күні Евгений Рычков Алматы әкімдігі ғимаратына кіріп, есікті бекітіп алып шықпай қойған еді. Ер адам өзімен бірге ішке жарылғыш зат алып кіруі мүмкін деген күдікпен әкімдік айналасы қоршалып, қызметкерлер сыртқа шығарылған. Кеңседе жалғыз өзі болып, ешқандай талап қоймаған Рычков келіссөзден соң полицияға өз еркімен берілген. Полиция ақпараты бойынша, Рычков 2008 жылы өзіне қатысты шыққан азаматтық іс шешіміне наразылық білдірмек болған.​

АДВОКАТ ПІКІРІ

Сот ақпаратына қарағанда, Рычковқа жаза тағайындаларда Алматы облысы Іле аудандық сотының оған 2014 жылдың 21 қаңтарында 1997 жылы қабылданған қылмыстық кодекстің 175 бабының 3 тармағының "б" бөлімі (аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлау) және 24 бабының 3 тармағы бойынша (қылмыс жасауға дайындалу) төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кескені ескерілген.

Азаттыққа түсініктеме берген Рычковтың адвокаты Вадим Анищенко өздерінің аппеляциялық шағым түсіретінін айтты.

- Әрине, бұл - қылмыстық әрекет, сол үшін жазаланады. Айыпты екенін Евгений Рычков та мойындайды. Алайда біз жаза мерзімін мейлінше азайтқымыз келеді. Бұл істе бірқатар ескеретін жайттар бар, бірақ мен әзірге сізге ешнәрсе айта алмаймын. Сот үкімін алып, танысқаннан кейін аппеляциялық шағым түсіреміз, - деді адвокат.

Бостандық аудандық соты Евгений Рычковтың жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге үкім еткен. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG