Accessibility links

Экс-үміткерлер шағымын ЕҚЫҰ да естіді


Оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаров (оң жақта) президенттік сайлауға түсуге берген өтінішін көрсетіп отыр. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаров (оң жақта) президенттік сайлауға түсуге берген өтінішін көрсетіп отыр. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы «елегінен» өтпеген Қазақстан президенттігіне кандидаттыққа бұрынғы үміткерлер «сайлауға түсу құқымыз бұзылды» деп мәлімдеп, елдің сайлау жүйесін жетілдіруді талап етеді. Кейбірі сотқа жүгінетінін айтты.

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СЫНАҚ

Өзін өзі ұсынған оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаров – Қазақстан президенті сайлауына түсуге үш мәрте талпынып көргенімен, бір рет те кандидат болып тіркелмеген үміткер. Сәуірдің 26-сына белгіленген мерзімінен ерте президент сайлауына ол өз кандидатурасын биыл да ұсынған. Бірақ, өз айтуынша, бұл жолы оны тіл сынағында (үміткерлер қазақ тілін еркін меңгеруі тиіс) «әдейі құлатқан».

– Ділмар шешенмін деп айта алмаймын, бірақ жұрт алдында сөйлей алатын шамам бар. 2005 жылы тіл сынағынан өткеніммен, олар мені тиісті қол жинай алады деп ойламады, - дейді Уәлихан Қайсаров.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) өкілі журналистерге «Уәлихан Қайсаров президент сайлауына түсу туралы өтінішінде өзге мемлекеттің азаматымын деп көрсетті» деп мәлімдеген.

Бүгін Қайсаров ОСК-на өткізген мөр басылған өтініштің «өзге елдің азаматы емеспін» деп жазылған көшірмесін көрсетті. Ол ОСК-ның әрекетін «бұрмалау, биылғы кезектен тыс сайлауға мені жібермеудің амалы» деп атайды.

Өзін өзі ұсынған тағы бір үміткер Есенбек Өктешбаев та «ОСК лингвистикалық комиссиясы талаптарына сай емес» деген уәжбен тіркеуден өтпей қалған болатын. Ол сол күні, яғни наурыздың 9-ында шағымдану үшін лингвистикалық комиссия ұйғарымын қолына беруді сұрағанымен комиссия ол талабын орындаудан бас тартқанын айтады. Өктешбаев енді комиссия ұйғарымын алу үшін сотқа жүгінбек.

«ҚОЛ ЖИНАУ ПАРАҚТАРЫ НӨМІРЛЕНБЕГЕН»

Кандидат ретінде тіркеуден өтпеген үміткерлер «жақтастарымыздың қолын жинау үшін бізге нөмірленбеген парақтар берді» дейді. Мерзімінен ерте өтетін президент сайлауына қатысу үшін кандидаттыққа үміткер тіл сынағын тапсырғаннан кейін өз жақтастарынан 93 мың қол жинап өткізген соң президенттікке кандидат ретінде тіркеледі. ОСК дерегінше, тиісті қолды Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғын Сыздықов және Әбілғазы Құсайынов үшеуі ғана жинаған.

Кандидатты жақтаушылардан қол жинауға арналған, ОСК беретін парақ үлгісі. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

Кандидатты жақтаушылардан қол жинауға арналған, ОСК беретін парақ үлгісі. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

Президенттікке кандидаттықтан үміткер әрі «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың сенімді өкілі Мақсат Нұрыпбаев сайлау туралы заңға сілтеме жасап, «қол жинау парағының әрқайсысында реттік нөмір болуы тиіс» дейді.

Азаматтық белсенді әрі 2011 жылы өткен кезектен тыс сайлаудың экс-үміткері Мұсағали Дуамбеков журналистерге өткен сайлаулардың қол жинау парағының бір данасын көрсетті.

– Міне, мына 040585 нөмірлі қол жинау парағының белгіленген нөмірі бар. Ал биылғы қол жинау парақтарында нөмір жоқ. Бұл қол жинау парақтарын үйде ксерокс арқылы көбейтіп, аймақтарға таратып беруге немесе «электронка» арқылы жолдауға және қалай болса, солай қабылдай салуға болады дегенмен тең, – дейді Дуамбеков.

Мақсат Нұрыпбаев наурыздың 14-і мен 15-і күндері өтініш берген үміткерлерге қол жинау парақтарын наурыздың 22-сіне дейін өткізу міндеті қойылып, оларға қол жинауға бес-ақ күн мерзім берілгенін айтады.

– Мұның бәрі тәуелсіз кандидаттарды өткізбеу үшін жасалады. Қазақстан халқы мен халықаралық ұйымдар мына сайлаудың нәтижелерін мойындамауы тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл – сайлау емес, мазақ, фарс, - дейді Мақсат Нұрыпбаев.

ОСК БҰРЫНҒЫ ҮМІТКЕРЛЕР ТУРАЛЫ

ОСК баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне экс-үміткерлердің мәлімдемелеріне қатысты телефон арқылы комментарий бере алмайтынын айтып, жазбаша сауалды ресми жолдауды өтінді.

Ертеректе сайлау комиссиясы өзін өзі ұсынған үміткерлер Уәлихан Қайсаров пен Есенбек Өктешбаев «тіл сынағынан өтпеді» деп мәлімдеген. Тағы бір үміткер әрі редактор Жарылқап Қалыбай лингвистикалық емтиханнан өткенімен, жақтастарынан 93 мың қол жинай алмауы себепті тіркеуден өтпеген.

Президентікке экс-үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері. Оңнан солға қарай: Уәлихан Қайсаров, Фатима Жандосова, Мұсағали Дуамбеков, Есенбек Өктешбаев, Қанат Есжанов, Мақсат Нұрыпбаев. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

Президентікке экс-үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері. Оңнан солға қарай: Уәлихан Қайсаров, Фатима Жандосова, Мұсағали Дуамбеков, Есенбек Өктешбаев, Қанат Есжанов, Мақсат Нұрыпбаев. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

ОСК лингвистикалық комиссиясы «біз ұсынған ережеге сай емес, өз шарттарын қойды» деген уәжбен өзін Қазақстан мұсылмандары одағы жетекшісі ретінде атайтын тағы бір үміткер Мұрат Телібековтен емтихан қабылдаудан бас тартқан.

Экс-үміткерлердің тағы бірі Қанат Есжанов құқығы бұзылғанын мәлімдеп, тіл сынағы алдында кандидатурасын алып тастаған. Оның айтуынша, ОСК қазақ тілін «лингвист деңгейінде» білуді талап етеді әрі «бес күнде қол жинау мүмкін емес».

Бүгін экс-үміткерлер биліктен сайлау заңына тіл сынағын журналистердің қатысуымен жария өткізу; қол жинауға әр үміткерге бір ай уақыт беру; бір миллион теңгеден асатын ақшалай жарнаны алып тастау сияқты өзгерістер енгізуді талап етті.

Олардың талаптарын баспасөз жиынына келгендердің ішінде болған Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының өкілдері де естіді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG