Accessibility links

Рахат Әлиев пен оның саясат сахнасындағы орны


Рахат Әлиев, Вена түрмесінде тергеуде жатып өлген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, саяси эммигрант

Рахат Әлиев, Вена түрмесінде тергеуде жатып өлген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, саяси эммигрант

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласының кезіндегі қарсыластары Рахат Әлиевтің "асылып өлгеніне" сене алмай, әрі-сәрі күй кешкендерін айтады.

Бүгін Австрия түрмесінде қазақстандық саяси эмигрант, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің өлі денесі табылған. Австрия билігінің мәлімдеуінше, ол камерасында «өз-өзіне қол жұмсаған».

Вена түрмесінде 2014 жылдың маусымынан бері қамауда отырған Рахат Әлиевке Австрия прокуратурасы жарты жылдан кейін «Нұрбанктің» екі топ-менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы бар деп айып таққан. Қазақстанда ол екі банкирді өлтірді деп айыпталған. «Банкирлерді ұрлап әкетті әрі мемлекеттік төңкеріс әзірледі» деген айыппен оны сырттай 40 жылға соттаған.

Алғашқы мамандығы дәрігер Рахат Әлиев саяси сахнаға 2000 жылдардың басында көтерілген. Қаржы полициясы мен Алматы қаласы ҰҚК департаментін басқарған, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары және президент күзеті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2002 жылы Австриядағы Қазақстан елшісі, 2005 жылы Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған.. 2007 жылы елде баспасөз «Рахатгейт» деп атаған жанжал шыққан кезде оны Венаға тағы елші етіп жіберген.

Бір кездері құдіретті саналған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы 2007 жылы өзі қудалауға ұшырады.Ол мұны «саяси көзқарасыма байланысты қудалау» деп мәлімдеген.Әлиевтің айналасындағы адамдардың көбі түрмеге түсті немесе бас сауғалап шетелге эмиграцияға кетті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасымен бірге отыр. Екінші қатарда оң жақтан бірінші - Рахат Әлиев.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасымен бірге отыр. Екінші қатарда оң жақтан бірінші - Рахат Әлиев.

2007 жылы сот шешімімен әрі Әлиевтің қатысуынсыз Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның некесі бұзылған. Рахат Әлиев 1983 жылы Дариғаға, оның әкесі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-і коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы болып тұрған кезде үйленген. Дариғадан көрген екі баласы - Айсұлтан мен Венера қазір Назарбаев тегіне жазылған. Екеуінің үлкен ұлдары Нұрәлі Әлиев – қазір Астана әкімі орынбасары қызметінде.

Рахат Әлиевтің қазасына қатысты хабардан біраз бұрын ол Facebook желісіндегі парақшасында «Марқұм әкеме хат» деген жазбасын жариялаған. Мұхтар Әлиев қаңтардың 12-сі күні Алматыда 82 жасында қайтыс болған. Рахат Әлиев хатын «перзенттік соңғы парызымды орындайтын шақ әлі туады» деген үмітпен аяқтаған.

Ал мұның алдында Рахат Әлиев Қазақстан президенті сайлауын кезектен тыс өткізу болжамына қатысты президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынаған. Айтпақшы, бүгін конституциялық кеңес «кезектен тыс президент сайлауын жеке-дара белгілеуге ел президентінің айрықша құқығы бар» деп түсіндірді.

«ҚАЙШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ТҰЛҒА»

ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева күні бүгінге дейін Рахат Әлиевті «қас жауым» деп есептейтінін мәлімдеп келген. Ерғалиева «Әлиев билікте болған кезде мені оның жеке бұйрығымен қудаласа, кейін оның билікте қалған жақтастары мен басқаратын басылымды қудалады» дейді. Соңғы рет ол бұл жайлы желтоқсанның 24-і күні Медеу аудандық сотының ADAM bol журналын жабу туралы шешімі шыққан кезде мәлімдеген.

— Алғашқы әсер – оның өзіне қол жұмсағанына сенгім келмейді әрі сенбеймін. Әдетте мұндай адамдардың тіпті мұндай қадамға баруға да батылдығы жетпейді, - дейді Гүлжан Ерғалиева.

Ол бұл уәжінің айғағы ретінде Рахат Әлиев қастандықтан қорқып Австрия түрмесі әкімшілігінен басқа камераға ауыстыруды сұрағанын айтады. Гүлжан Ерғалиева «оның өлімін табаламаймын» дейді.

— Билік ширек ғасыр бойы жиналған былықтарына енді оны айыпты етеді, - дейді Гүлжан Ерғалиева.

Биліктегі режимнен Гүлжан Ерғалиева сияқты жапа шеккен тәуелсіз журналист Сергей Дуванов (оны ойдан құрастырылған қылмыстық іс бойынша соттаған деген пікірлер айтылады) Рахат Әлиевті қайшылыққа толы тұлға ретінде сипаттайды.

Рахат Әлиев (сол жақта) сол кездегі қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімелесіп тұр. Астана, 2001 жыл.

Рахат Әлиев (сол жақта) сол кездегі қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімелесіп тұр. Астана, 2001 жыл.

— Бір жағынан, ол – Назарбаевтың режиміне жан-тәнімен қызмет етіп, күшейтуге көмектескен тіректерінің бірі болды. Кезінде оппозициялық «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси қозғалысы осы Рахат Әлиев жас бизнесмендерге қарсы ұйымдастырған рэкетке қарсы тұру үшін құрылған болатын, - дейді ол.

Кейін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыласына айналған Рахат Әлиев «мемлекеттік төңкеріс әзірледі» деп айыпталды. Бірақ Дуванов «президент болуға ұмтылған Әлиев мақсатына жету үшін заң бұзуға да баруы мүмкін, сондықтан бұл қылмыстық іс себепсіз қозғалмаса керек» деп болжайды.

— Марқұм саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның серіктерінің арқасында ғана Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл адамның нақты істері туралы шындық жеткен, - дейді Сергей Дуванов.

Дуванов «Рахат Әлиевтің Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы оппозицияға еркінен тыстап болуы оның аяқ асты демократқа айналғанын білдірмейді» дейді.

— Ол билікке таласта Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекелесі болды. Осы мақсатта режимге, нақтырақ айтқанда Назарбаевтың жеке басына қарсы соғысы басталды. Ал оның бұл әрекеттеріне қарымта жауап қайтарылды, - дейді ол.

КҮДІК-БОЛЖАМ

Сергей Дуванов Қазақстанда президент сайлауы өтеді деп болжанған тұста Рахат Әлиевтің қайтыс болуы кездейсоқтық болмауы мүмкін деп есептейді. Сондықтан Сергей Дуванов та, Гүлжан Ерғалиева да Әлиев «өзіне қол жұмсаған» деген ақпаратқа сенбейді.

— Мен оның қандай адам екенін жақсы білмеймін. Мүмкін жүйкесі де сыр берген шығар. Бірақ бәрібір ол жақта да түбіне жетті деген болжам жасауға болады. Мұның анық-қанығын білу керек. Камерасында жалғыз болды ма, соны анықтау қажет. Мүмкін, түрме қызметкерлерінің бірінің ісі шығар. Мұны кім істеуі мүмкін? Ақшасына келіссе болды емес пе? Адам періште емес, пенде ғой. Қомақты ақша төлесе, мұндай қауіпті істі орындауға келісетін адамды тіпті Еуропадан да табуға болады. Сондықтан мұның мән-жайын анықтау керек - дейді Дуванов.

Тағы бір қазақстандық саяси эмигрант әрі қазір Франция түрмесінде қамауда отырған бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Facebook желісіндегі парақшасында «Рахат Әлиевті қасақана өлтірген» деген пікірін жазады.

ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ КОММЕНТАРИЙЛЕРІ

Президентшіл Қазақстан коммунистік халық партиясынан сайланған парламент депутаты Владислав Косарев «Адам ақыры азаптан құтылып, жаны тыныш тапты. Оның тартқан мехнатын Құдай ешқайсымыздың басымызға салмасын. 2007 жылдан бері анда-мында бас сауғалап, қуғында жүрді. Енді өлген соң да тыныштық бермей, «үйленіп алды, анау екен, мынау екен» деп айыптап жатыр. Енді қалай өмір сүруі тиіс еді? Иығына басын қойып, жұбататын біреу керек қой. Ол да адам баласы ғой. «Бір кісілік камерада асылып қалған» деп анық жазып жатыр емес пе. Ол бұл қадамға шарасыздықтан барған. Тағдыр маңдайына жазған азапты көтере алмады» дейді.

Президенттік «Нұр Отан» партиясынан сайланған парламент депутаты Зағипа Балиева «Ой! Қандай қорқынышты!» деп қана қойды.

Президенттік «Нұр Отан» партиясынан сайланған парламент депутаты Нұрлан Әбдіров «Біз бұл жаңалықты естіген жоқпыз, анығын білмейміз. Ой, кешіріңіз» деп жауап берді.

Парламент депутаты Дариға Назарбаева бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің қайтыс болғаны туралы ақпаратқа қатысты комментарий сұраған Азаттық тілшісінің сауалына жауап бермеді. Парламенттегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының отырысы аяқталған соң Дариға Назарбаева ештеңе айтпастан журналистің қасынан өте шықты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG