Accessibility links

Премьерліктен түскен Кәрім Мәсімов ҰҚК-ге барды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) премьер-министр болып бірінші рет тағайындалған Кәрім Мәсімовті таныстырып тұр. 10 қаңтар 2007 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) премьер-министр болып бірінші рет тағайындалған Кәрім Мәсімовті таныстырып тұр. 10 қаңтар 2007 жыл.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы қызметіне ауысты. Үкімет басшысының міндетін уақытша атқара тұру премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктелді.

Бұл – Кәрім Мәсімовтің үкімет басшысы қызметінен екінші рет кетуі. Бірінші рет ол премьер-министр қызметінде 2007-2012 жылдары отырды. Кейін екі жыл ел президенті әкімшілігі басшысы қызметін атқарды. Мәсімов 2014 жылғы сәуірде үкімет басшысы болып қайта тағайындалды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПИАР

Қыркүйектің 3-і күні Самарқанда Өзбекстан президенті Ислам Каримовті жерледі. Қазақстан делегациясын премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барған. Көрші кей елдің делегациясын президенті бастап барған тұста хаттамалық міндетті Мәсімовтің атқарғаны назарға іліккен.

Биыл жазда Мәсімов Twitter ғана емес, Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінде де өз-өзін көп жарнамалады. Ол ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен бірге тамыздың 11-інде Сочидегі хоккей алаңында түскен фотосуретін жариялады. Ол фотоға қос премьер ұлттық хоккей киімін киіп түскен.

Қазақстан мен Ресей премьерлері Кәрім Мәсімов пен Дмитрий Медведев. Сочи, 11 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан мен Ресей премьерлері Кәрім Мәсімов пен Дмитрий Медведев. Сочи, 11 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан мен Ресей премьерлерінің Сочидегі кездесуіне дейін тағы бір пиар-акция ұйымдастырылды. Сочиге ұшар алдында Кәрім Мәсімов Twitter желісінде Медведевпен кездесуінде Кенесары хан мен Кейкі батырдың басын Қазақстанға қайтару жайын қозғайтынын жазған. Сочидегі кездесуден кейін Қазақстан үкіметінің ресми сайты Кәрімовтің «мәселені қозғағанын» хабарлады.

Мәсімов биыл жазда Instagram желісінде Қазақстанды аралаған жұмыс сапарларынан түсірілген видеороликтер, таңғы жаттығулары мен велосипед серуендерінен түсірілген фото және видеоларын жариялаған. Әлеуметтік желі пайдаланушылары оның автобанда велосипедпен жүріп, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлегенін де талқылаған. Бұған қоса YouTube желісінде Кәрім Мәсімов шет елдерге сапары кезінде түрлі іс-шараларда ағылшын, қытай немесе татар тілінде алдын ала дайындалған мәтіндерді оқып, сөйлеген сөздері жазылған видеолар тараған.

Мәсімов тіпті #тәуелсіздікке25жыл хештегін жариялап, қазақстандықтарды жетістіктермен бөлісуге де шақырған. Бірақ жұрттың көбі әлеуметтік желілерде «Қазақстан тәуелсіздігінің жемісі жайлы позитивтер» орнына елдің жаңа заман тарихындағы 25 жылды сынаған жазбалар жариялаған.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ЕҢ ЖАҚЫН АДАМЫНЫҢ БІРІ»

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Кәрім Мәсімовтің басқа қызметке ауысуын «мемлекеттегі үлкен қызметтердегі ауыс-түйістің барлығы президент Назарбаевтың мүддесі үшін жасалады, Назарбаев өзіне қалай қолайлы деп санайды, солай кадрларды отырғызады» деп сипаттайды.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин.

– Премьердің ҰҚК-ға басшы боп кетіп жатуы – қызмет бабымен қарағанда төмендеу. Ал бірақ президентке ол жерде де сенімді адам керек. Оның үстіне ол «ҰҚК-дағы басшы Қытайға да сіңімді болуы керек» деп есептеуі ықтимал. Мен бұрын да айтқанмын, қазір де сол пікірдемін – Назарбаев өзі үшін кіммен жұмыс істеу ыңғайлы, соны тағайындайды, – дейді саясаткер.

Алдағы үкіметтен үлкен үміт күтпейтінін айтқан Серікболсын Әбділдин «үкімет басшысының қолында барлығы болса да, істейтін ісінің барлығы да тек бір кісінің қабағына қаралып істеледі» дейді.

Ал саясаттанушы Ерлан Сайыров премьер-министр Кәрім Мәсімовтің премьер-министр болуы Қазақстан халқының әлеуметтік даму ахуалының нашарлау кезеңімен тұспа-тұс келгенін айтады.

Мәсімовтің кезінде біздің ел экстенсивті даму бағытынан қозғала алмады.

– Соңғы екі жылда ұлттық валюта құнсызданып, әлеуметтік хал-ахуал нашарлап кетті. Оның барлығы экономикасы шикізат бағасына бағытталған елдердің хал-ахуалының нашарлауына байланысты болды. Өкінішке қарай, Мәсімовтің кезінде біздің ел экстенсивті даму бағытынан қозғала алмады, – дейді ол.

Ерлан Сайыров «президент Назарбаевтың ең жақын адамдарының бірі» деп сипаттаған Кәрім Мәсімовтің ҰҚК басшысы болуын елде «ұлттық қауіпсіздік мәселелері тағы да үлкен басымдыққа ие болып отырғанымен» түсіндіреді.

Қазақстанда премьер-министрден кейін «жоғарылау» деп атайтындай ешбір мансап жоқ.

– Діни экстремизм, терроризм, саяси экстремизм мәселелері дәстүрлі түрде күзде өршуі ықтимал. Менің ойымша, президент өзінің жақын адамдарын осы басымды бағыт – ҰҚК-ға басшы қылып қоюы логикаға сәйкес келеді. Қазақстанда премьер-министрден кейін «жоғарылау» деп атайтындай ешбір мансап жоқ, бұл – горизонтальды түрдегі ауысу, – дейді ол.

Кәрім Мәсімов 1965 жылы туған. Пекин тіл институтын, Қытай университетіне қарасты Ухань заң институтын, қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Кәрім Мәсімов үкіметке ірі банк бизнесі саласынан келген.

Материалды әзірлеуге Қазис Тоғызбаев пен Қасым Аманжол қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG