Accessibility links

Бұрынғы банк басшысы үшінші мәрте сотталды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

«Валют-Транзит» банкінің бұрынғы басшысы Айтбакы Белялов екінші рет сотталып, он жыл және он күнге бас бостандығынан айрылды. Айыпталушы жақ сот шешімімен келіспейді.


Бүгін Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық соты «Валют-Транзит» банкінің бұрынғы басшысы Айтбакы Беляловты 10 жылдан астам бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, сот оны 530 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (шамамен 5 500 АҚШ доллары) төлеуге міндеттеп, үш жылға дейін банк ісімен айналысу құқығынан айырды.

«БІРЖАҚТЫ ШЕШІМ»

Сот сонымен бірге Беляловтан 30 миллиард теңге көлемінде қаржы өндіріп беру туралы сұраған жою комиссиясының өтінішін жартылай қанағаттандырған.

Төрт жүз беттік сот шешімін бес күн оқыған судья Айгуль Смаилова жұма күні Белялов жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді деп шешті.
Дегенмен айыпталушы жақ сот шешімін біржақты, түсініксіздеу деп бағалап отыр.

- Объективті шешім емес. Жәбірленуші жақ тыңдалмады. Көп нәрсені сот қалдырып айтпай кетті. Әу бастан-ақ кінәлау сипатында басталған сот солай аяқталды. Сот шешімінде түсініксіз жайттар тым көп, - дейді Айтбакы Беляловтың өкілі Николай Матюшко маусымның 24-і күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, экс-банкирге тоғыз айып («жалған кәсіпкерлікпен айналысу», «банктің ақшасын заңсыз пайдалану», «жалған құжаттар жасау») тағылып, екеуі алынып тасталған.
Айтбакы Беляловтың өкілі Николай Матюшко сот шешіміне қатысты аппеляция беретінін айтып отыр.

Тергеу қорытындысы бойынша Айтбакы Белялов «Валют-транзит» банкінің президенті болған жылдары қылмыстық топ құрып, жалған фирмалар арқылы банктің 29 миллиард теңгесін қымқырған. Осылайша бұл ақшаны жеке мақсаттарына (үй, көлік сатып алу, концерту ұйымдастыру т.б) қолданған.

ҚазТАГ-тың хабарлауынша, бұл сот процесіне шамамен 150-ден астам куә, 1 сарапшы, 1 маман қатысқан.

Осымен «Валют-транзит» банкі ісі бойынша Айтбакы Беляловқа үшінші рет үкім шығарылып отыр. Алғашқы істе ол шартты түрде бас бостандығынан айрылса, екінші істе үш жарым жылға кесілген болатын. Екінші жазасын 2010 жылдың тамыз айында өтеп шыққан Айтбакы Белялов түрмеден шықпай жатып, қайта айыпталған еді.

«Валют-Транзит» банкі ісі 2007 жылы басталған болатын. Банктің жалпы несиелік қарызы - 47 миллиард теңге болса, салымшылар алдындағы қарызы - 8 миллиард теңге.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG