Accessibility links

Студенттердің қазіргі уайымы – жатақхана


Жатақхана алдында жүрген студенттер мен ата-аналар. Алматы, 29 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жатақхана алдында жүрген студенттер мен ата-аналар. Алматы, 29 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы студенттердің біразы жатақханадан орын ала алмай жүргендерін айтады. Ал университет өкілдерінің сөзінше, жатақхана әуелі жеңілдікке ие бірнеше топқа беріледі.

Қазір Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге жатақхана беру науқаны жүріп жатыр. Алайда студенттердің кейбірі әлі жатақханадан орын ала алмаған. Олар бөлме алу қиындап кеткенін айтады.

«ЖАТАҚХАНА БЕРУДІҢ ТӘРТІБІ БАР»

Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлтық медицина университетінің студенті Кәусар А. (студенттердің аты-жөндері өзгертілді) тамыздың 26-сы күні ауылынан (Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан) келгеннен бері жатақханадан орын ала алмай жүргенін айтады.

– Жатақхана беріп қала ма деп күнде келемін. Былтыр тұрғанмын. Биыл «бірінші курста студенттер көп, екінші курста оқитындарға орын берілмейді» дейді. Бірақ үшінші, төртінші, тіпті бесінші курста оқитындар кіріп алған. Деканатқа барып, «үшінші-төртінші курста оқитындар алыпты ғой, екінші курстағы маған неге бермейсіздер» десем, «олар университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласқандары үшін алды» деп шығарып салды, – дейді студент.

Студент бөлмесі. (Көрнекі сурет)

Студент бөлмесі. (Көрнекі сурет)

Қалаға әзірше Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылынан қатынап келіп жүрген Кәусар «жатақханадан орын тимесе, амалсыздан қыздармен бірге пәтер жалдап тұратынын» айтады.

Осы университеттің үшінші курс студенті Асыл Ж. – жатақхана ала алмай жүргендердің бірі. Мемлекеттік грант бойынша оқитын қызылордалық студент «танысың болмаса, орын жоқ» деп налиды.

– Жатақхананың өзі таныс арқылы беріледі. Университет жарғысында «мемлекеттік грантта оқитын студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі» деп жазылған. Қане жатақханасы?! Күнде келіп, университет табалдырығын тоздырып жүрміз. Мен ғана емес, мыңдаған студент ала алмай жүр, – дейді ол.

Медицина университетінің өкілі Күләш Түгелбаеваның айтуынша, студенттерге жатақхана берудің өзіндік тәртібі бар.

– Ең бірінші жетім, көп балалы отбасынан шыққан, әке-шешесі мүгедек не өзі мүгедек студенттерге жатақхана беріледі. Екінші кезекте университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласатын старосталар, студенттік құрылыс жасағының мүшелері, қабылдау комиссиясында жұмыс істеген студенттерге беріледі. Үшінші кезекте жалпы тізімдегі студенттерге береміз. Жалпы тізімдегі студенттердің келген жерінің алыс-жақындығына басымдылық береміз. Тұратын жері жоқ балалардың өтінішін қарап, орын қалса, жатақхана береміз, – деді ол Азаттық тілшісіне.

ҚАЗҰУ: 14 МЫҢ СТУДЕНТКЕ – 5 МЫҢ ОРЫН

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын кейбір студенттер де жатақханадан орын ала алмай жүргендерін айтты.

Атырау облысынан келген Сания Т. есімді студент – биыл жатақханадан бөлме бұйырмаған жастардың бірі.

– Жатақхананы ректоратта жұмыс істейтін бір танысым алып беретін. Ол қазір басқа жұмысқа ауысып кеткен. Енді орын ала алмай жүрмін, – дейді студент Азаттыққа.

ҚазҰУ алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

ҚазҰУ алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

Ал механика-математика факультетінің төртінші курс студенті Жарқын М. үш жыл жатақханада тұрып келгенін, биыл деканат «төртінші курста оқитындарға жатақхана жоқ» деп шығарып салғанын айтады.

– Бірақ жатақхана алу кезінде алалау бар. Мәселен, менімен бірге оқитын курстастарымның біразы қазір жатақханада жатыр. Оларға университеттің студенттер кеңесінде, студенттер мәслихатында болғаны үшін орын берген. Ал мен оқу деп жүріп, қоғамдық жұмысқа араласпағанмын. Енді өкініп жүрмін. Жалпы айтарым, жатақхана аламын десеңіз, мықты танысыңыз болсын немесе университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласу керек екен, – дейді ол.

Механика-математика факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрмат Нұрғазиев студенттерге жатақхана қалай берілетінін айтты.

– Университет проректоры шығарған қаулы бар. Жақсы оқитындарға, университеттің қоғамдық жұмысына белсене қатысқандарға, көп балалы отбасыдан шыққандарға, жетім студенттерге оқудағы рейтингтері бойынша беріледі, – деді университет қызметкері Азаттық тілшісіне.

ҚазҰУ-дың ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, 14 мыңнан астам студент оқитын бұл оқу орны 5 мыңға жуық студентті жатақханамен қамтамасыз ете алады.

Қазақстанда мұқтаж студентті баспанамен қамтуды міндеттейтін арнайы заң жоқ. Мұндай көмекті жатақханалары бар ірі университеттер ішкі ережесіне сәйкес жасайды. Мысалы, ҚазҰУ балалар үйінен келген жетім жастарды ғана тегін жатақханамен қамтамасыз етуге уәде береді.

Ал жатақханадан орын тимеген студенттің бірі Жарқын М. енді өзі сияқты курстастарымен бірігіп пәтер жалдайтынын айтады.

Алматыда қыркүйектегі баға бойынша, бір бөлмелі пәтерді жалдау құны – айына 500-600 доллар, екі бөлмелі пәтер – 800-900 доллар, ал үш бөлмелі пәтер – 1000 доллардан қымбат.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG