Accessibility links

Facebook-тің бағасын мүлтіксіз болжаған Қазақстан азаматы


Facebook компаниясының акцияларының бағасына дәл болжам жасаған қазақстандық сарапшы Ерлан Әбдікәрімов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Facebook компаниясының акцияларының бағасына дәл болжам жасаған қазақстандық сарапшы Ерлан Әбдікәрімов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Алматының 24 жастағы тұрғыны, Алматыдағы бұрынғы халық шаруашылығы институтының түлегі Ерлан Әбдікәрімов Facebook компаниясының акцияларының бағасына дәл болжам жасаған маман деп танылды.

Биыл мамыр айында әлемдегі ең танымал әлеуметтік желінің иесі - Facebook интернет компаниясы NASDAQ биржасына акцияларын орналастыру жөнінде шешім қабылдады.

Facebook әлеуметтік желісінде 900 миллиондай адам тіркелген. Сондықтан жұртқа компанияның акциялары мол табыс әкелетін инвестиция орны болып көрінді. Акция төңірегінде әбігер басталып, сатылымға шығардан бірнеше күн бұрын сұраныс деңгейі ұсыныстан асып түсті.

Акциялар сатылымға шығарылған алғашқы күні бір акцияның бағасы 38 доллар деп белгіленді. Алайда алғашқы күннің өзінде-ақ баға бастапқы деңгейден ары көтеріле алмады. Нью-Йорктегі Wall Street қаржы орталығының көптеген сарапшылары акцияның бағасы 50 долларға дейін өседі деп болжаса, сарапшылардың бірі «бір акцияның бағасы 26,4 доллар болады» деген өз болжамын ұсынды. Соңғы болжамның дәл келгенін уақыт көрсетті. Өткен аптада Facebook-тің акциялары бұл бағадан да түсіп кеткенімен, кейін қазақстандық маман Ерлан Әбдікәрімов болжаған деңгейге қайта көтеріле бастады.

ӘБДІКӘРІМОВТІҢ ҚҰПИЯСЫ

Бұл болжамның авторы IFG Continent компаниясының сарапшысы, 24 жастағы алматылық Ерлан Әбдікәрімов болып шықты. Азаттыққа берген сұхбатында ол әдетте клиенттердің компанияларды бағалау мен олардың несиелік талдау жөніндегі тапсырыстарын орындайтынын, салалық және технологиялық тенденцияларды зерттеумен, Орталық Азия өңіріндегі компаниялардың несие қайтару қабілеттерін бағалаумен айналысатынын айтты.

Ерланның айтуынша, Facebook-тің қор нарығына шығуы туралы ақпарат «Әлеуметтік желі» фильмі мен Марк Цукерберг туралы кітаптар шығып жатқан тұста, жаңалықтар тасқыны аясында кең тарады. Ерлан жұмыс істейтін компания әдетте Орталық Азиядағы компанияларды бағалаумен айналысатынына қарамастан, бірнеше клиенттен Facebook әлеуметтік желісінің әлеует-қарымын талдап, бағалауға өтініш түскен.
Нью-Йорктегі NASDAQ MarketSite мониторлары Facebook акцияларының бағасын көрсетіп тұр. АҚШ, 4 маусым 2012 жыл.
Нью-Йорктегі NASDAQ MarketSite мониторлары Facebook акцияларының бағасын көрсетіп тұр. АҚШ, 4 маусым 2012 жыл.

— Егер қысқа да нұсқа айтар болсам, Facebook компаниясының кірісінің өсуі мен компанияның келешектегі дамуына жұмсалатын шығындарын салмақтай отырып жасаған болжамымның нәтижесінде осындай төмен баға қойдым. Басқа қырынан келер болсақ, мен тәуекелді бағалау моделіне әлеуметтік желінің трафигін ұялы құрылғыларға аударудың мүмкіндіктерін есептеуге тырыстым.

Әлеуметтік желінің түсімі мен кірісі қалай өсетінін түсіну үшін интернеттегі жарнама нарығындағы Google, Yahoo, Microsoft сияқты негізгі ойыншылардың үлес салмағы қалай өзгеретінін түсіну қажет. Мысалы, Google компаниясын алайық: оның сан қырлы платформалы бизнес үлгісі Facebook-ке ұқсас. Ол адамдарды өзінің сервистері мен аса қуатты іздеу платформасына тартып, есесіне жарнама берушілерден пайда табады.

Google мен Facebook-тің бизнес үлгілерін салыстыру барысында мен жарнаманың жаңа түрлерін ұялы құрылғыларда көрсету арқылы Facebook әлеуметтік желі ішіндегі коммуникацияларын күшейтуге талпыныс жасайды және пайдаланушылар үшін сервистің жаңа түрлері мен мүмкіндіктерін енгізу арқылы пайдасын көбейтуге тырысады деген қорытындыға келдім.
Менің болжамым бойынша, алдағы 10 жылда Google нарықтағы үлесін ұлғайтады, ал Facebook-тің үлесі баяу қарқынмен өседі де, нарықтағы үлесін жоғалта бастаған Yahoo сияқты компанияларды нарықтан ығыстырады.

Менің болжамым бойынша, алдағы 10 жылда Google нарықтағы үлесін ұлғайтады, ал Facebook-тің үлесі баяу қарқынмен өседі де, нарықтағы үлесін жоғалта бастаған Yahoo сияқты компанияларды нарықтан ығыстырады. Басқа қырынан алсақ, мен Facebook компаниясының алдағы жылдардағы шығынының өсу мүмкіндігін де есепке алдым. Өйткені менің ойымша, дамушы нарыққа шыққан сәтте маркетинг пен зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығын көлемі де өседі. Қорыта келгенде, бұл компанияның әлеуетін төмен бағалау себебім - Facebook-тің түсімі баяу қарқынмен өседі деген болжам жасағаннан болар.

Осындай қорытындыға келген Ерлан Әбдікәрімов сараптамалық есепті өзінің клиенттеріне берген. Ерлан өз болжамын (What's the Story?) Social Glory деп атапты. Оның айтуынша, бұл - Oasis тобының 1995 жылы шыққан альбомының атауын меңзейтін аллюзия. Американдық «Форбс» басылымы Әбдікәрімовтің болжамын «Facebook компаниясының акцияларының бағасы жайында жасалған ең үздік болжам» деп атады.

ӨЗ КҮШІМЕН ДАМУ

Баспасөз хабарларында жұрт Ерлан Әбдікәрімовтің жас мөлшері мен білімінің тереңдігіне таңдануда. Қаржы және экономика саласы бойынша бастапқы және базалық білімді Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетінде, бұрынғы «Нархозда» алғанын айтқан Ерлан:

— Алайда компанияларды іс жүзінде бағалау мен сараптамадан өткізу барысында талап етілетін деңгеймен салыстырғанда, университетте алған білімім үстірт болып шықты. Осы күні білетінімнің басым бөлігін өз күшіммен үйрендім. Не нәрсе болсын тәжірибемен келеді екен. Меніңше адамның қайда оқығаны маңызды емес (бірақ оны мүлде есептен шығаруға болмайды), қалай оқығаның, қай бағытта дамығаның маңызды, - дейді.
Facebook компаниясының акцияларының бағасына дәл болжам жасаған қазақстандық сарапшы Ерлан Әбдікәрімов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Facebook компаниясының акцияларының бағасына дәл болжам жасаған қазақстандық сарапшы Ерлан Әбдікәрімов. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Ол «Меніңше, адам университет қабырғасында білім негіздерін ғана меңгереді. Бейнелеп айтсам, университет - мүмкіндіктердің ұшы-қиыры жоқ кеңістігін шарлап, алдағы уақытта өздігіңнен ізденуің үшін бағыт-бағдар табатын орын. Ал практика жүзінде, компанияларды бағалау барысында негізгі қаржылық үлгілермен жұмыс істеуді үйрендім.

Университетті бітіргеннен бергі үш жыл ішінде екі компанияда жұмыс істеппін. Компанияны бағалаудағы табысың жас шамаңа да, тәжірибеңнің жоқтығына да, жұмыс орныңа да байланысты емес екенін түсіндім. Компанияны мәліметтерді сыни тұрғыда тәуелсіз түрде саралаған, оған ықпал ететін факторларды терең түсінген кезде ғана дұрыс бағалауға болады.
Стив Балмер мен Джон Скалли сияқты басшылардың өздері тұтас бір саланы өзгертіп жіберген трендтерді байқамай қалған жоқ па?!

Шын мәнінде, техникалық үлгіні құрып алып, тиісті есептеулер жүргізу арқылы компанияны бағалау - қиын шаруа емес. Мұндағы назарда ұстайтын негізгі мәселе - бір бағаның екіншісінен айырмасы, компанияның болашақтағы әрекеттері жайлы түрлі болжам жасай білу.

Тарихтан белгілі - тәжірибелі деген талай сарапшы 2000 жылдардың басындағы «доткомдардың күйреуі» немесе 2008-2009 жылдардағы дағдарыс сияқты маңызды оқиғаларды болжай алмай қалды емес пе?! Microsoft-ты басқарған Стив Балмер немесе Стив Джобс келгенге дейін Apple компаниясының атқарушы директоры болған Джон Скалли сияқты басшылардың өздері тұтас бір саланың сипатын өзгертіп жіберген трендтерді байқамай қалған жоқ па?! Менің жеке пікірім бойынша, болжам жасауда бірінші кезекте қисын болуы тиіс деп ойлаймын» дейді.

«РЕЙТИНГІМ ӨСТІ»

Ерлан Әбдікәрімовтің бұл болжамы «клиенттердің оған деген ықыласын арттырып», өзінің айтуынша, «рейтінгі өскен». Қазақстанда құнды қағаздарды бағалау нарығы енді дамып келе жатқан сала болғандықтан, ол «сараптама саласының даму кеңістігі кең, тың идеялар мен форматтар жеткілікті» дейді.

— Меніңше, келешекте қарапайым да қолайлы, білікті формада құрастырылған сараптаға сұраныс артады. Сонымен бірге, келешекте сараптамаларды әлеуметтік желілермен, блогтармен және ұтқыр қосымшалармен тарату перспективасы бар. Бұл интеграция инвесторлар қатарын өсіреді, әлеуметтік желілерді пайдалануға дағдыланған және ондаған жылдардан кейін Қазақстанның инвестициялық базасына айналатын жастарды қор нарығына тартуға ықпал етеді, - дейді Әбдікәрімов.

- Жұмыстан тыс уақытымды достарыммен, қызықты адамдармен өткізгенді, пайдалы бірдеңе оқығанды жақсы көрем. Маған Алматы ұнайды. Әсіресе кешкі мезгілде. Қаламыздың, онда тұратын адамдардың қалай өзгеріп жатқанын бақылау ұнайды, - дейді Ерлан.
XS
SM
MD
LG