Accessibility links

Төңірекке – бидай, АҚШ-қа – уран


Астана маңындағы қырманның бірі. 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана маңындағы қырманның бірі. 10 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей мен Еуропа Одағы арасындағы санкция қақтығысы Қазақстанның бидай экспортына аса көп өзгеріс әкеле қоймаған. Әлемдегі экспорт-импорт мәселелерін сөз ететін Hellenic Shipping News басылымының келтірген деректерінен осыны байқаймыз.

Газет мәліметтеріне қарағанда, 2014 жылдың қыркүйегі мен 2015 жылдың тамызы аралығында Қазақстан 3 миллион 200 мың тонна астық экспорттаған. Алдыңғы жылдардағыдай Қазақстан бидайының көбін көрші елдерге сатқан, дегенмен экспорттаушы елдердің тізімі аздап өзгеріпті.

Кейінгі жылдары бұл ел астығының 70 пайызын Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдеріне сатып келеді. Батыс нарығының шалғайлығы, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы кесірінен Қазақстанда өсірілген дақылдар басқа аймақтарға жетпей жатыр. «Тек эмбарго кесірінен немесе астықтың дұрыс шықпауынан Ресей экспортының көлемі азайғанда ғана қазақ бидайының алыс аймақтарға экспорты ұлғайып отырады» деп жазады басылым. Яғни, әзірге Қазақстанның Еуропадағы бидай нарығына шығуы Мәскеуге байланысты болып тұр.

Қазақстан астығының ең ірі тұтынушысы – Өзбекстан. Бұл ел қазақ бидайының 37 пайызын алып отыр. Одан кейінгі орында Тәжікстан (26%) мен Қырғызстан (15%) тұр. Ал Қытай үлесі былтыр күрт көбейіп, 6 пайызға жеткен.

АВСТРАЛИЯНЫ БАСЫП ОЗДЫҚ

Есесіне, АҚШ-қа уран сату бойынша Қазақстан 1-орынға шықты. 2014 жылы АҚШ-тағы атом электр станцияларына қажетті уранның 23 пайызы Қазақстаннан жеткізілген. Бұл туралы ядролық тақырыптағы жаңалықтарды топтастыратын World Nuclear News басылымы хабарлады.

Қазақстан Тайқоңыр уран кенішіндегі бұрғы. 5 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан Тайқоңыр уран кенішіндегі бұрғы. 5 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ-қа уран сату бәсекесінде былтыр Қазақстан Австралияны басып озған. Қазір АҚШ алып отырған уранның 20 пайызын Австралия жеткізеді. Ал 3-орында 18 пайыз үлеспен Канада тұр.

АҚШ-тың энергетика жөніндегі ақпарат әкімшілігінің (EIA) мәліметтеріне сүйенсек, бір жыл ішінде Қазақстанның АҚШ-қа сатқан ураны 2 мың 500 тоннадан (2013 жылғы көрсеткіш – ред.) 4 мың 616 тоннаға (2014), яғни шамамен екі есеге көбейген.

«Ең ірі уран экспорттаушы елдер ішінде бұл отынды кейінгі екі жылда ең арзанға сатқан ел – Қазақстан» деп жазады басылым. АҚШ-тағы атом станцияларына сатылған қазақ уранының бір фунты орташа есеппен 44,47 доллар болса, Канаданікі 45,87 долларға, ал Австралия ураны – 48,03 долларға бағаланған.

«2009 жылдан бері Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші болып келеді. 2014 жылы дүние жүзіндегі уранның 41 пайызын Қазақстан өндірді. Жыл басында «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы биылғы өндірісті тағы да ұлғайтып, былтырғы 22 мың 800 тонна орнына 23 мың 400 тонна уран өндіреміз деп мәлімдеді» деп жазады World Nuclear News.

ЧИКАГОДАҒЫ СИЫР ЕТІ

Америкадағы Қазақстан елшілігі өткізген мәдени шара кезінде «Чикаго ресторандарындағы сиыр етінің 49 пайызын Қазақстаннан әкеледі» деген сөзді естіп қалған Албин Сикора есімді блогшы бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрген.

«Бүгін сауда бойынша бір маманмен сөйлескенімде іАҚШ Қазақстан түгілі басқа елдерден де ет импорттамайдыі деді. Есесіне, АҚШ ауылшаруашылық министрлігінің халықаралық сауда жөніндегі мәліметтеріне қарасақ, 2014 жылғы шілде мен 2015 шілде аралығында АҚШ-тан сиырды ең көп сатып алған ел Қазақстан екен» деп жазады автор ChicagoNow блог-платформасында.

Шетелден әкелінген асыл тұқымды сиырдың бұзаулары. Астана маңы, 14 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Шетелден әкелінген асыл тұқымды сиырдың бұзаулары. Астана маңы, 14 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Қытай мен Үндістанда орта тап өкілдерінің протеинге сұранысы артқан. Кедейліктен құтылып, тамақты көбірек іше бастаған халық жануарлардан алынған протеинге көбірек көңіл бөле бастапты. Қазақстан оларға көмектесу үшін біз Қазақстанға жәрдемдесіп жатырмыз» деп жазады Албин Сикора.

Автор Қазақстан елшілігі өткізген сол жиында бұл ел туралы көп мағлұмат жинап қайтса керек.

«Сол кештен тапқан ең үлкен олжам – көшпенділер мен кезбелердің арасындағы айырманы ажырататын болдым. Қазіргі Қазақстан жерінде ғұмыр кешкен ежелгі өркениет иелері айдалада адасқан қойға ұқсап беті ауған жаққа кете бермеген екен, олар көшпенділер болыпты. Олардың өзара байланысқан құрылымы болыпты әрі көшіп-қону дәстүрі азық табумен байланысты болған. Олар жай көшіп жүрмепті, ұйымдасқан түрде, жылдың әр мезгілінде белгіленген орындарға қоныстанып отырған» деп жазады автор.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG