Accessibility links

Қазақстан алманың көбін сырттан әкеледі


Алматыдағы алма фестиваліне әкелінген алмалар. 21 қыркүйек 2014 жыл.
Алматыдағы алма фестиваліне әкелінген алмалар. 21 қыркүйек 2014 жыл.

Осы апта Алматы әкімдігі «бес жыл ішінде атақты апорт алмасы өндірісін қайта жандандыруға 690 миллион теңге бөлінетінін» хабарлады. Әзірге Қазақстан алманың көбін сырттан сатып алып отыр.

Кезінде апортымен аты шыққан Қазақстанның қазіргі алма өндірісі өз нарығын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2013 жылы Қазақстан шетелден 129 мың тонна алма сатып алған. Ал Қазақстанның сыртқа сатқан алмасы импорттан әлдеқайда аз - 89 мың тонна. Ауыл шаруашылығы министрлігі Азаттыққа «елде өсетін алма ішкі нарықтың 63 пайызын ғана қамтамасыз ететінін» хабарлады.

Мұндай жағдайда қазанның 5-і күні Алматы әкімдігі жариялаған бес жыл ішінде апорт өндірісін жандандыру үшін 690 миллион теңге бөлу жоспарына кейбір жергілікті алма бағбандары мен тұтынушылар үміттене қарайды.

Қазақстан алмаларын СССР кезінде одақтас республикалардың барлығында білетін. Шырыны мол, Алматының «етжеңді» апортының ескерткіштері қала ішінде әлі де бар. Кейбір сарапшылар Ресей мен Батыс арасындағы «санкциялар соғысы», Мәскеудің ЕО елдері мен АҚШ-тан азық-түлік алудан бас тартуы Қазақстандағы алма өндірісінің қайта дамуына әсер етуі мүмкін деп болжайды.

Бірақ Қазақстан алмасының бұрынғы даңқы қазір көмескі тартқан, Алматының шетінен шықпай-ақ басталып кететін алма бақтарының бүгін жұрнағы да жоқ. Мемлекеттік алма өндірісі ыдырап, жеке кәсіпкерлердің аздаған өнімі экспортты айтпаған күнде, ішкі нарықты қамтамасыз етуге жетпей отыр. Алма шаруашылығы саласы технологиялық (алманы өндірістік тұрғыда өсіруден — ред.) тұрғыдан мешеу қалып, бәсекеден де ұтылып жатыр.

ӨСІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНДАҒЫ КЕМШІЛІК

«Алматы-1» теміржол вокзалында бес жылдан бері алма сатумен айналысып келе жатқан Жарас есімді сатушы сырттан келетін арзан алма жергілікті өнімді біржола ығыстырып шығуға жуық қалғанын айтады. Алдындағы қағаз қораптағы алмаларды жұқа дорбаларға бір-бірден салып отырған 35 жастағы жігіт Азаттық тілшісіне:

"Алматы-1" теміржол вокзалындағы алма сатушы. Алматы, 2 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
"Алматы-1" теміржол вокзалындағы алма сатушы. Алматы, 2 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​ - Қазір Қырғызстаннан келетін апорттардың күні жүріп тұр. Өзіміздің апорттардың килограмы 400-500 теңгеден болса, қырғыз апорты - 250 тенге. Сондықтан ол «Алтынордадан» (Алматы шетіндегі азық-түлік базары — ред.) аспай қалып жатыр. Биыл қыста жергілікті алма болмайтын да шығар, - дейді.

Қырғыз апорттарын сатқан жағдайда Жарастың үстінен көретін пайдасы еселене түсетін еді. Бірақ «Алтынордаға» келетін қырғыз алмасын күнделікті сол жердегі саудагерлер талап алады. Ол алмаға қолы жетпеген Жарас Алматы, Талдықорған, Тараз маңынан келетін жергілікті жай алма түрлерінің әр қорабын (бір жәшік шамамен 25-30 килограмм болады — ред.) екі мың теңгеден алып, килограмын 250 теңгеден сатады.

- Биыл Қазақстан бойынша алма аз. Былтыр 50 тоннаға дейін алма берген бақтарда биыл 5-10 тоннадан ғана айналып жатыр. Бәлкім қыста алма сатуды тоқтатып, басқа жұмыспен айналысатын шығармын, - дейді Жарас кәсібінің болашағына сеніңкіремей.

Ал Қазақстандағы алманың аздығын Алматы маңындағы Маловодное кентінің тұрғыны Бекайдар Жансейітов «технологияның дамымауынан» көреді. Еңбекшіқазақ ауданындағы 70 гектарлық алма шаруашылығында істейтін ол:

Ескі егіспен гектардан ары кетсе 25 тоннадай алма алсаң, голланд технологиясы бойынша 70 тоннаға жеткізуге болады.

- Бізге Америка азаматы голланд технологиясын үйретті. Қазақстандағы егіспен тал арасы - екі метр, қатар арасы - бес жарым метр. Ал мұнда тал арасы - 80 сантиметр, қатар арасы - үш метр. Ескі әдісте гектарға 700-800 көшет ексең, мұнда үш мың көшет отырғызуға болады. Ескі егіспен гектардан ары кетсе 25 тоннадай алма алсаң, голланд технологиясы бойынша 70 тоннаға жеткізуге болады, - дейді.

Бекайдардың айтуынша, өзі жұмыс істейтін алма шаруашылығында тренинг өткізген америкалық маман оларға голланд технологиясын үш жыл бойы келіп-кетіп жүріп үйреткен. Қазір шаруашылықта «жаңа егіспен» 15 гектар жерге алма егілген.

- Шетелдік алма сортының сапасы біздікінен артық болмаса, кем емес. Биыл екі жылдық көшеттің өзінен-ақ гектарына 8-9 тонна алма алдық, ал қазақстандық алма ағаштары 4-5 жылдан кейін ғана жеміс бере бастайды, - дейді ол.

Алма бағбанының сөзінше, Еңбекшіқазақ ауданындағы үш қожалық бұл технологияны енді олардан ақша төлеп үйреніп жатыр.

«ЖАН БАСЫНА 13 КИЛОГРАММ АЛМА КЕРЕК»

Алматы әкімдігінің алма өсіру саласын дамытуға қомақты қаржы бөлуі (әкімдік 4-4,5 мың гектарға апорт екпек – ред.) бұл саладағы мемлекеттік қолдаудың алғашқы шарасы емес.

Алма фестивалінде алма сатып алып жатқан тұрғындар. Алматы, 21 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Алма фестивалінде алма сатып алып жатқан тұрғындар. Алматы, 21 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа жазбаша берген жауабында «2014 жылдан бастап, отырғызу материалын, тамшылатып суару жүйесін, тіреуіш бағандарды, техниканы сатып алуға кеткен шығындардың 40 пайызына дейін өтеуді көздейтін интенсивті алма өндірісін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы іске асырыла бастады» деп жазылған.

Алма өндірісін өркендетуге үкімет биыл көбірек назар аудара бастағанымен, жеке кәсіпкерлердің соңғы бес жылда алма өсірумен түбегейлі айналыса бастағаны байқалады. Мәселен, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне қарағанда, «2009-2013 жылдары республикада орта есеппен 123 мың тонна алма өндірілген (импорт – 119 мың тонна). 2009 жылы 2 мың тоннаға жуық алма экспортқа шықса (импорт - 145 мың тонна), 2013 жылы бұл көрсеткіш 89 мың тоннаға жеткен (импорт - 129 мың тонна)».

Қазақстанның алма өндірісі оңтүстік аймақта, негізінен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген мәліметіне қарағанда, 2013 жылы алма алқаптары 30 мың гектар болған.

Министрлік дерегіне қарағанда, «Қазақстанға жылына кем дегенде 230 мың тонна алма керек (жан басына жылына 13 килограмм - ред), қазір жергілікті алма өсірушілер бұл қажеттіліктің 63 пайызын ғана өтеп отыр».

XS
SM
MD
LG